Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелеріне жауапты орынбасары Асаин Байхановтың сөзінше, облыстың тұрақтандыру қорында былтырдан қалған әлеуметтік маңызы бар 1 мың тоннадан астам азық-түлік сақталған. Елдегі төтенше жағдайға байланысты тұрақтандыру қорын толықтыру үшін облыс әкімдігінің шешімімен және жергілікті мәслихаттың келісімімен бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.
"Бірнеше күн бұрын тұрақтандыру қорына деп 1 мың тонна өнім сатып алынды. Қор 12 сәуірге дейін тағы 4 800 тонна өніммен қамтылады. Сонда сәуір айының ортасына дейін облыстың тұрақтандыру қорында жалпы 6 800 тонна өнім болады. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың ішінен бірінші сұрыпты ұн, жұмыртқа, күнбағыс майы, күріш, тұз, қант, қарақұмық, макарон секілді өнімдерге басымдық беріледі. Аудандар мен қалаларға қордан күн сайын азық-түлік жөнелтілуде", – дейді Асаин Байханов.
Тұрақтандыру қорын толықтыратын тауарлар 12 сәуірге дейін толықтай жеткізілуі керек. Тек, күнбағыс майы ғана кешіктіріліп жеткізілуі мүмкін.
"Біз ғана емес, баррлық облыс тұрақтандыру қорын толықтыру үшін қомақты қаржы бөлді. Олар да азық-түлікті көп көлемде сатып алып жатыр. Ал күнбағыс майы негізінен Шығыс Қазақстан облысында ғана өндіріледі. Қазіргі таңда май өндіретін зауытта кезектің қалыптасқанын білдік. Сондықтан, күнбағыс майын жеткізу бірнеше күнге кешіктірілуі мүмкін", – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Асаин Байханов тұрақтандыру қорындағы азық-түлік қоры облыс тұрғындарын 60 күнге дейін қамтуға жеткілікті екенін атап өтті. Сондай-ақ, қордың әрдайым толықтырылып отыратынын да ескерген жөн. Тиісінше, қордан күн сайын аудандар мен қалаларға азық-түлік жөнелтілетінін де ұмытпаған абзал.
Еске сала кетейік, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік ретінде 19 тауар түрі бекітілген. Павлодар облысы 19 тауардың 16-сын өндіріп, өңірдің сұранысын толықтай қамтып отыр. Тек, үш тауар ғана өзге өңірден жеткізіледі. Олар – қант, күріш және тұз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге жергілікті әкімдіктер ықпал ете алады.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек, бағаны бақылауға қатысты тікелей желі жұмыс істейді. Елде төтенше жағдай енгізілгелі бері азық-түлік бағасына қатысты 1800-ден астам шағым қабылданды. Біз әлеуметтік маңызы бар 19 тауар бойынша жедел түрде шешім қабылдаймыз. Оның ішінде алғашқы ондыққа енген тауарларға қатысты тиісті министрлікпен бекітілген шекті баға бар", – деп толықтырды сөзін Асаин Байханов.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар негізінен әлеуметтік дүкендерде сатылады. Бүгінде мұндай дүкендердің саны 200-ге жуықтайды. Дәлірек айтсақ, Павлодар облысында 196 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оның 40-тан астамы облыс орталығында орналасқан. Өткенге көз жүгіртсек, 2008 жылы бұл өңірде небәрі 100-ге жуық әлеуметтік дүкен ғана жұмыс істеген. Жыл соңына дейін мұндай дүкендердің санын 300-ге жеткізу мақсаты тұр.
"Әлеуметтік дүкендерге тұрақтандыру қорындағы 19 тауарды жеткізіп тұрамыз. Тиісінше, дүкен иелері баға тұрақтылығын сақтауы керек және олар тауар бағасын 10 пайыздан артық өсіре алмайды. Павлодар облысындағы әлеуметтік дүкендердің тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады", – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Фархат Әміренов