Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, еліміздің тұрғын үй нарығындағы баға әзірше тұрақты. Осы жылдың ішінде жаңа үйлердің бір шаршы метрі орта есеппен 5 пайызға дейін қымбаттаған. Яғни, бір шаршы метрдің құны 266 мың теңгеге дейін жеткен.
Сондай-ақ кейбір өңірлерде жаңа пәтердің бағасы айтарлықтай төмендеген. Мәселен, Ақтауда пәтер құны 4,2 пайызға, Көкшетауда 4,5 пайызға, Павлодар мен Петропавлде 24 пайызға дейін арзандаған. Бұған мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үй құрылысының артуы оң әсер еткен.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясындағы тұрғын үй құрылысы да тиімділігін көрсетуде, дейді ranking.kz орталығының өкілдері.
Деректерге сүйенсек, 2017 жылдың қазаны мен 2018 жылдың қазаны аралығында баспана алуға берілген банктік қарыз көлемі 17,2 пайызға немесе 184,6 млрд теңгеге өскен.
Қазақстанның барлық өңірінде ипотекалық нарық барынша жандана түсті. Мәселен, Алматы облысының ипотекалық нарығы 42,5 пайызға артқан. Сонымен қатар Астана қаласында, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімделген ипотека көлемі төрт есе ұлғайыпты.
11 айдың қорытындысы бойынша үлескерлік бағытта жұмыс істейтін отандық компаниялар 59,7 мың жаңа пәтерді пайдалануға берген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 мың пәтерге көп.
Жалпы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беріледі. Сондықтан бұл да құрылыстың артуына септігін тигізуде.
Еске сала кетейік, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры салынып жатқан үйлерге кепілдік береді. Бұл ретте, тұрғындар аталған қордың кепілдігі бойынша банктен қарыз ала алады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жолмен алынған пәтер дайын баспана құнынан 15-20 пайызға арзан. Тағы бір атап өтерлігі, мұндай үйлер тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына кедергі емес.
Сонымен қатар "7-20-25" бағдарламасы шеңберінде қарыз алуға 65,9 млрд теңге сомасына 5 621 өтініш қабылданған. Оның ішінде 42,4 млрд теңгеге 3 542 өтініш мақұлданды.
Фархат Әміренов