"Түрік әуе жолдары" Ыстанбұлдың жаңа әуежайына 45 сағатта көшіп алды

5758

Сәуірдің алғашқы аптасында Ердоғанның соңғы мегажобасына Ататүрік әуежайынан 10 000 дана құрал-жабдық тасымалданды.

"Түрік әуе жолдары" Ыстанбұлдың жаңа әуежайына 45 сағатта көшіп алды

"Бұл – жай ғана әуежай емес. Бұл – жеңіске ескерткіш". Ыстанбұлдың жаңа авиациялық терминалын жарнамалап тұрған постерлердегі жазу осы. Turkish Airlines компаниясы оған сәуірдің 5-де көше бастады. Жоспарлаушылар содан кейінгі екі тәуліктен астам уақытты немесе 45 сағатты "Үлкен жарылысқа" теңеді: Қара теңіз жағалауынан солтүстікке қарай 30 шақырым жерде орналасқан "аспан" портына жексенбіге дейін бұрынғы Ататүрік әуежайынан жалпы алғанда 10 мың бірлік техника апарылды. Олардың қатарында ұшақтар, лайнерлерді сүйрейтін алып машиналар, шағын ғана қауіпсіздік датчиктері ж.т.б. сан-алуан құрал-жабдықтар бар. "Бұл – тарихтағы ең күрделі логистикалық жобалардың бірі", – деп жазды сол күндері Британияның "Гардиан" газеті.

Президент Реджеп Тайып Ердоған 16 жылда мегажобалық инфрақұрылымдарға айрықша ынтызарлығымен де ерекшеленіп келеді: жаңа автомагистральдар, мешіттер, көпірлер, парктер... Мұның бәрі Түркияның ғана емес, мемлекет басшысының да ұлылығын паш ету үшін жасалғанымен, ел келбетін түбегейлі өзгертті. Және де олар экономикаға серпіліс беруші күш саналғанымен, салық төлеушілер үшін орасан шығын да.

Ердоғанның өзі бұларды "ессіз жобаларым" дегенді. Ішіндегі ең алыбы – осы Ыстанбұлдың жаңа әуежайы. Оның құрылысының барлық кезеңдерін 2027 жылы аяқтау үшін 8 миллиард долларға жуық қаражат жұмсалуы мүмкін. Болжамдарға қарағанда, Ыстанбұл әуежайы әлемдегі ең қарбалас, ең жүктеулі авиациялық портқа айналуға тиіс: алты ұшу-қону жолағы мен төрт терминалы жылына 200 миллиондай жолаушы қабылдап, оны Парсы шығанағындағы бәсекелестерінен асып түсіруге жақын.

Алайда, ауқымды жоба ыстанбұлдықтардың барлығына ұнай қойған жоқ: мегаполис тұрғындарының бір бөлігі қазіргі әуежайға тым көп салмақ түскенін мойындап отырса да, жаңа әуежайға кетіп жатқан шығын онсызда қаржылық күйреуге шақ қалған елді банкрот қылуға көмектеседі деп қауіптеніп отыр.

Ердоған да уайымсыз емес. Оның ең зәулім жобасы ашылар қарсаңда сайлаушылардың көпшілігі президенттің Әділет және даму партиясына қарсы дауыс беріп, Ердоғанды өзі басқарған және саясат сахнасына көтерілген қалада кейінгі позицияға шегерді. Бұндай нәтижемен келіспеген биліктегі партия Ыстанбұлда өткен муниципиалдық сайлау қорытындысын қайта қарауды талап етіп, аппеляциялық шағым түсіріп отыр.

Алғашқы жоспар бойынша, барлық әуе компаниялары Ататүріктен жаңа әуежайға сәуірдің алғашқы жексенбісінде кетуі тиіс еді. Бірақ, бұл операцияның ауқымы белгілі болғанда, биліктегілер ұлттық тасымалдаушы – Turkish Airlines-ты көшірумен ғана шектелді. Өзге авиакәсіпорындардың қашан көшетіні және Ататүрік әуежайының қай күні жабылатыны әзірге белгісіз.

Бұл көш – жаңа аэропорттың алдында тұрған қыруар міндеттің бірі. Онда қазір бірнеше бағыт бойынша ұшақтар сапарға аттанып жатыр. Рейстердің кейбірі кейінге қалдырылған, ендігі бірі мүлде доғарылған. Соңғы күндері тараған мәліметтерге қарағанда, жүк пен қоғамдық тамақтану ангарларының құрылысы әлі бітпеген. Әуежай теңіз деңгейінен 105 метр биіктікте салынуы тиіс еді – қазір ол сол межеден 50 метрдей төмен тұр. Сыншылардың сөзінше, ақша мен уақыт үнемдеу үшін құрылыс осылай жүзеге асыпты. Ал, 2015 жылдан бері бұл нысанды салу барысында 27 адам мерт болған.

"Жұмысты жедел аяқтау үшін жасалған қысым кезінде бақылау мен қауіпсіздік шараларында олқылықтардың жіберілді. Электрмен қамтамасыз ету қалқаны жарылып, көптеген адам қатты жел кезінде биіктен құлап кетті", – дейді жұмысшылар кәсіподағының жетекшісі Өзгүр Карабулут "Гардианға" берген сұхбатында.

Жаңа әуежай жобасы 2009 жылы қолға алынды. Бірақ, сол кезде авиация сарапшылары келешек порттың орналасатын жерінің тұрақсыздығын, онда құстардың көп ұшатынын, Қара теңіз жағалауындағы ауа райының құбылып тұратынын және осы факторлардың ұшақтарға қауіп төндіретінін ескертіп, құрылысқа қарсылықтарын білдірген. Олардың айтуынша, билік "мұнда әуежай саламыз" деген ұстанымынан қайтпай, "қай жерге саламыз" деген мәселеге аса бас қатырмаған.

Turkish Airlines кейінгі онжылдықта тез кеңейді. Оған Еуропаның, Африканың, Таяу Шығыстың қиылысқан тұсында орналасқан Ыстанбұлдан қысқа әрі үнемді ұшақтарды түрлі бағыттарға аттандыру мүмкіндіктері себепші. Ал, осы жетістіктерге сәйкес барынша кеңейтілген Ататүрік халықаралық әуежайында ұшатын-қонатын жол салуға жер қалмаған.

Дегенмен, кейбір экономистердің пікірінше, Ыстанбұлдың жаңа әуежайының бүгін-ертең 200 миллион жолаушы қабылдауы екіталай. Өйткені, қалада Sabiha Gökçen атты тағы бір авиациялық порт бар. Оның үстіне, былтыр лира күрт әлсірегеннен кейін Turkish Airlines компаниясының жолаушылары 10 пайызға азайып кеткен.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу