Түркістандық шаруа электр жарығы мен отынсыз жылыжай кәсібін дөңгелетіп отыр

11777

Артық шығынсыз пайданы арттыруды көздеген шаруа наурыз айының соңына дейін 300 мың түп көшетті нарыққа шығармақшы. 

Түркістандық шаруа электр жарығы мен отынсыз жылыжай кәсібін дөңгелетіп отыр

Түркістан облысы, Жетісай ауданында тұратын 45 жастағы Жұпарбек Керімбековтің жылыжай кәсібімен айналысқанына биыл 16 жыл. Ешбір білімсіз іске кіріскен ол уақыт өте Өзбекстанға барып, тәжірибе жинап қайтуды жөн санаған. Көрші елден электр жарығы мен көгілдір отынсыз, тіпті кейде ауа райы ылғал болса, сусыз көшет өндіру әдісін үйреніп келеді. Бүгінде ауласындағы 17 соттық жерге жылыжай кешенін салып көшет өсіруде.

"Жылыжайдың бұл әдісі қарапайым шаруа үшін тиімді дер едім. Көмір немесе көгілдір отынға артық шығын жұмсамайсың. Мұнда ауа температурасы үнемі 35-40°С жылылықты көрсетеді. Осы ретте егер жылу қолданылмаса, қалай жылытылады деген сұрақ тууы мүмкін. Оның ешбір құпиясы жоқ. Ауданда мақта қабылдайтын 7 зауыт бар. Жыл сайын сол зауыттан мақта өнімінің қалдықтарын алып, көкөніс ұрығын отырғызбас бұрын, шамамен 50 см-дей қалың етіп, сол қалдықты төсейміз. Кейін  полиэтилен материалдан жасалынған стақандарға Ресейден әкелінген көңді салып, ұрық дәнегін егеміз. Ресейлік тыңайтқышқа аздап шығындаламыз, есесіне көшетті молынан алуға мүмкіндік береді. Өйткені қорадағы малдың қиын пайдалансақ, еккен ұрықтың басым көпшілігі  өнбей, шіріп кетеді. Ал суға келсем, біз ауа райы ылғалды кезде іске кірісеміз. Сондықтан аса көп қолдана бермейміз", – деді Жұпарбек Жарылқапұлы.

Айта кетерлігі, шаруа көшет жинап алған соң,  қалып қойған мақта қалдықтарын да кәдеге жаратады. Оны егін алқабына тыңайтқыш ретінде пайдаланады.

Жетісайлық диқан кешеннен жылына екі рет көшет алуға болатынын айтты.  

Қазіргі таңда шаруаның жылыжай кешеніне 300 мың көшеттің дәні егілген. Атап айтар болсақ, ақпанның 24-25 жұлдызында қауынның жергілікті "Мырзашөл" және қиярдың жапондық сортын, ал өткен жылдың желтоқсан айында болгар бұрышы мен баклажанның голландиялық сортын егіпті. Шаруаның сөзінше, жылыжайдағы көшет наурыздың 15-16 жұлдызына қарай толығымен жетіліп, егін алқабына отырғызуға жарайды. Көшетке деген сұраныс жыл сайын артып келеді екен. Көбі Алматы, Нұр-Сұлтан және Ресейдің Мәскеу, Новосібір қалаларынан  арнайы келіп, сатып алушылар баршылық. Ал жұмыс күшіне келсек, барлығы жергілікті тұрғындар. Көшет жетіліп, жерге егуге жарайтын шақта жұмысшы саны еселеніп, 50-60 адамға жетеді.

Осы ретте шаруа көшет егуден түсетін табыс көлемімен де бөлісті.

"Негізі диқаншылық деген тәуекелге баруды және де таза еңбекті қажет етеді. Табыс әркезде әртүрлі. Бәрі нарықтағы бағаға байланысты. Мен өзім көшетті көтерме бағамен сатамын. Сондықтан бағасы базардан төмен болуға тиіс. Кейде пайдасыз қалатын да кездер бар. Бастысы, шүкір, шығынға қалып жатқан жоқпыз", – деді ол.

17 соттық кешенге Жұпарбек Жарылқапұлы 500 мың теңгедей қаржы жұмсайды, ал жылыжайды көмірмен жылытатындар мұнша аумаққа 2,5-3 млн теңгеге дейін шығындалады.  

Өз сөзінде Жұпарбек Керімбеков мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрмегенін айтты.

"Негізі  жылыжаймен айналысушыларға мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бірақ олардың талаптары біз сияқты қарапайым шаруалар үшін әжептеуір салмақ. Өйткені тамшылатып суару әдісін пайдаланып, голландиялық техниканы қолдану қажет. Ал біз кәдімгі темір мен ағаштан жылыжай салып, ісімізді дөңгелетіп отырмыз", –  деп сөзін түйді шаруа.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу