Үкімет Арқалықты құтқару "операциясын" бастады

12384

Арқалық енді боксит орнына нефритоид пен алтын өндірісіне маманданатын болады.

Үкімет Арқалықты құтқару "операциясын" бастады

Әнеу жылдары ел үкіметі қалақұраушы жалғыз бір кәсіпорынға күні қарап қалған қалаларды жаппай құтқару науқанын бастап еді. Осы мақсатта тіпті "моноқалалар" деген терминді тауып, заң жүзінде бекітіп алған. Әйткенмен, одан не шыққаны және ақырғы нәтижелері туралы ақпараттар көпшілікке кең тарай қоймады.

Бірақ бір өндіріске басы тәуелді шағын қалалардың жағдайы қоғамды ары қарай толғантып отыр. Сондықтан таяуда бір топ депутат үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа хат жолдап, Арқалықтың тағдырына қатысты дабыл қақты.  

"Инвестициялар және даму министрлігінің геология комитетінің ақпараты бойынша "Қазақстан алюминийі" АҚ-ының Торғай боксит кен басқармасының қалақалыптастырушы кәсіпорны өндіретін боксит қоры енді екі жылдық белсенді өндіруге ғана жетеді. 2020 жылдан бастап, боксит өндірісінің көлемін қысқарту қарастырылуда және аталған кәсіпорында жұмысшылар қазіргі 834-тен 2023 жылға қарай 80 адамға дейін қысқартылмақ", – деді депутат Альберт Рау.

Рау мырза мәжіліс депутатының мандатын иеленгенге дейін өзі индустрия министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған, яғни бұл тақырыпты жақсы біледі.

Оның айтуынша, қалақалыптастырушы кәсіпорынның өз қызметін тоқтатуы кесірінен Арқалық қаласы және жалпы алғанда, Қостанай облысы тау-тау проблемалардың астында қалатын көрінеді. Өйткені "өңірлік жалпы өнім (ӨӨЖ) көлемі құлдырайды, жергілікті бюджетке салықтық түсімдер күрт азаяды, қаладағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қызметі мен өнімдеріне сұраныс төмендейді". Бұл ақыр соңында саладағы білікті кадрлардың мәжбүрлі түрде шетелге кетуіне соқтырмақ. Сондай-ақ Арқалықтың экономикалық белсенді, яғни аяқ-қолы балғадай, жұмысқа қабілетті ересек тұрғындары да өзге өңірлерге лек-легімен ауа бастауы ықтимал.  

"Мұның барлығы Арқалықтың қала мәртебесін, сонымен қатар Торғай өңірінің денсаулық сақтау және білім беру орталығы ретіндегі функциясын жоғалтуына әкелмек. Экономикадағы дағдарысты құбылыстар Торғай мен Ұлытау өңірі үшін кадрларды даярлайтын педагогикалық институттың, колледждің де қызметіне кері ықпал етеді. Жалпы, Арқалықта қалыптасып жатқан жағдай үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан Моноқалалар бағдарламасы шараларының тиімсіздігін айғақтайды. Өйткені бағдарлама шағын қалалардың жергілікті проблемаларын ғана шешеді, алайда олардың экономикалық базасының өсуіне септеспейді", – дейді Альберт Рау.

Бұрынғы әріптесінің сынына үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өзі жауап қатты. Ол ұлттық экономика министрлігінің және Қостанай облысы әкімдігінің ақпаратына сілтеме жасай отырып, Арқалықты дамыту басқа құжат – "2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдармаласына" сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтады. Тиісінше, қала экономикасы "шикізаттық емес секторда "зәкірлі" инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы әртараптандырылады". Бұдан бөлек, баламалы өнеркәсіптерді кеңейту бойынша шаралар қабылдануда екен. 

Атап айтқанда, үкіметтің дерегінше, қазіргі уақытта жалпы сомасы 5,9 миллиард теңге тұратын, 275 тұрақты жұмыс орнын құрған 2 "зәкірлі" жоба өмірге жолдама алды. Оның біріншісі аясында "АгроИнтерПтица" компаниясының құс фабрикасы жаңғыртылған көрінеді. Компания бұл жобасына 3,5 миллиард теңге инвестиция құйған. Жоба 2011 жылдың желтоқсанында іске қосылды. Онда 218 жұмыс орны ашылған. Оның толық жобалық қуаттылығы жылына 300 миллионға дейін жұмыртқа өндіруді қарастырады. Бірақ әзірше, 2017 жылдың 11 айы қорытындысында 110 миллионнан астам ғана жұмыртқа шығара алған. Рас, бұл осы кезеңдегі жоспарлы қуаттылығының 83%-ы көрінеді. Себебі, 2017 жылы 133,1 млн жұмыртқа өндіреді деп жоспарланған.

Екінші "зәкірлі" жоба 50 жұмыс орнын құруды көздейтін, "асыл тұқымды шаруашылық-репродуктор пен 3000 ірі қара малға арналған бордақылау алаңының" құрылысы болған. Оны "Нұр-Жайлау НС" компаниясы жүзеге асырды және 2,4 миллиард теңге қаржысын салды. Жоба 2013 жылдың маусымында қолданысқа берілді. Үкімет ұсынған ресми дерек бойынша 2017 жылдың 11 айы қорытындысында алаңнан "Зеңгі бабаның" 532 түлегі семіртіліп, союға аттандырылған. Осылайша, шаруашылық төл өндірісін өзінің жобалық қуаттылығынан асырып отыр. Өйткені жоба жылына 500 басты бордақылап, союды қарастырған. Жұмыс орнын құру жоспары да артығымен орындалып, 57-ні құрады.

Айтқандай, бұл жерде "зәкірлі жоба" деген көркем теңеуді қолдану арқылы үкіметтегілер өздерінше "креатив" танытып отырғанына назар аударта кету керек. Өйткені мысалы, кеме қандай да бір орында дамыл тауып, тоқтағанда теңіз түбіне зәкір тастайтыны мәлім. Дегенмен, 300-ге жетер-жетпес жұмыс орны ғана ашылған екі жоба қаланы құтқарып қалмасы, тұрғындарды өз "зәкірлерін" басқа өңірге барып тастаудан айныта алмасы сөзсіз. 

Сондықтан үкіметтің дерегінше, жергілікті атқарушы органдар Арқалықтың боксит өндірісіне дейін болған "бұрынғы маманданушылығын қалпына келтіру немесе жаңа маманданушылықты қалыптастыру" үшін жұмыс жасап жатқан көрінеді.

Бұл мақсатта Арқалықта бірнеше жаңа инвестициялық жобалар қолға алынады деп күтілуде. Нақтырақ айтсақ, Ақжал кен орнындағы нефритоидтарды өңдеу жүзеге асырылмақ. Жобаны бастау үшін 1,9 миллиард доллар инвестиция қажет. Оны "Ақ-Тас СК" компаниясы салуға әзір. Нәтижесінде, 88 кенші үшін жұмыс орны түзіледі. Жылына 4400 текше метр өнім шығарылады. Бұл жоба алдағы 2019 жылы іске асырылмақ.  

Сонымен бірге келесі жылы отқа төзімді заттар өндіретін, қуаттылығы жылына 48 мың тоннаға дейін баратын зауыт құрылысына "ОгнеупорХимстрой" ЖШС 900 миллион теңге салып, 67 жұмыскерді жұмысқа қабылдауға ниетті.  

Ал биыл іске қосылады деп жоспарланып отырған "Арқалық ет өңдеуші кешен" тәулік сайын 3 тонна шұжық өнімдерін, 1 тонна консерв өнімдерін нарыққа шығаруға, бұл іске 180 қызметкерді тартуға уәде етеді. Зауыт құрылысын оның қожайыны "Алюминстрой" жүргізуде. 

Бұлар сыртында 2020 жылға қарай Арқалық қаласында "Бройлерлік құс фабрикасын" салу көзделуде. "Арқалық құс  бройлері" ЖШС бұл жобаға 1 миллиард теңге қаржы жұмсап, 34 адамға жұмыс тауып беруге құлықты.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2017 жыл қорытындысында Арқалықта 2 мың 772 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Соның ішінде 2038-і жұмыс жасап тұрған көрінеді. 

Сонымен қатар, жақында облыс әкімдігінде Қостанай облысының оңтүстік аудандарының, яғни Амангелді, Жангелді, Наурызым аудандарының және Арқалық қаласының жұмыссыз тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға, сондай-ақ ірі бизнесмендердің мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысуына арналған кеңес өтті. Оған халықаралық инвестициялық компаниялардың, қаржы институттарының өкілдері де шақырылды. Жиын қорытындысында өңір әкімдігі "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірге Арқалық қаласының және оған іргелес жатқан аудандардың шағын және орта бизнес субъектілерін несиелендірудің жаңа бағдарламасын іске қосу туралы шешім қабылдады. Бұл аумақтағы кіші бизнеске небары жылдық 1-2% ставкамен несие үлестірілмек. Жоба осы 2018 жылы басталып кетпек.

Бұған қоса, осы өңірді дамыту мақсатында инвестициялар және даму министрлігі 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап, Қазақстанда алғаш рет "аустралиялық әдісті" пилоттық режимде іске қосты. Ол бойынша өңірде жер қойнауын игеру учаскелерін жеңілдетілген тәртіппен ұсыну үшін өтініштер қабылдануда. Министрліктің сайтында барлығы 8 мың 466 блок осылай таратуға қойылып отыр. Олардың жалпы ауданы 18 676,24 шаршы шақырымды құрайды.

Сондай-ақ инвестициялар және даму министрлігі 2017 жылдың соңында бюджеттік қаражаттар есебінен Түлкісай телімінде алтын іздеу жұмыстары аяқталғанын мәлім етті. Нәтижесінде, 5,3 тоннаға дейін алтын ресурстары және аса қымбат "сирекжер металдары" бар кен аймақтары барланған. Сондай-ақ министрлік пен "Қазгеология" арасындағы тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша "Алтын-қазған кенішті алқабында" алтын және мыс барлау, ал "Ақбұлақ" телімінде сирекжер металдарын барлау ісі де контракт бекіту сатысына шыққан. 

Ведомство геологтар дерегіне жүгініп, бұл өңірдің жалғыз бокситтен басқа да қазына-байлығы зор екеніне сенеді. Мәселен, Арқалық қаласының солтүстігінде түсті және асыл металдар ресурсы бар деп болжануда. Оларды геологиялық жете зерттеу үшін былтыр жобалық-сметалық құжаттама түзілді. Шараны 2018 жылдың бюджетін қайта нақтылау арқылы қаржыландыру көзделуде. Аталған жұмыстар жүргізілгеннен кейін Арқалық айналасында минералды шикізаттың негізгі түрлерінің жаңа әрі перспективті телімдері мен кенішті аймақтары пайда болады деп күтілуде.

Үкімет бұл кендерді экспортқа тасу да енді қиынға түспейтініне назар аудартады. 2014 жылы 214 шақырымдық "Арқалық-Шұбаркөл" темір жол телімі іске қосылғалы бері бұл қала бұрынғыдай "тупик" болудан қалыпты. Қала енді Жезқазған қаласына және еліміздің оңтүстігіне де темір жолмен шыға алады.  2020 жылдан кейін "Арқалық-Державинск" автокөлік жолында да қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастау жоспарда бар көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу