Үкіметтің қатемен жұмысы депутаттарды шаршатты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2113

Ел үкіметі жіберілген қате бойынша жұмыс жүргізуде және бюджеттің қайта қаралуы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің айтарлықтай өсуіне ықпал етпейді.  

Үкіметтің қатемен жұмысы депутаттарды шаршатты

Мұндай мәлімдемені үкімет басшылығының өкілі парламент мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында жасады. Жиында "2017–2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасы қаралды. Қарапайым сөзбен айтсақ, ел үкіметі былтыр қабылданып қойған биылғы жыл бюджетін жыл аяқталып қалған тұста қайтадан нақтылап отыр. Депутаттар өздері бекіткен ел бюджетін үкіметтегілердің жыл үдерінде қайта-қайта бұздырып, өзгеріс енгізе беруінен шаршағандарын айтады, өйткені қалаулылардың байламынша, бұл – үкіметтегі жоспарлаудың нашарлығының белгісі. Алайда қайта қарауды құптай отырып, депутаттық корпус та жұмсақтығын көрсете беретіні құпия емес. Қалай болғанда, бұл жолы да парламентшілер күрсіне жүріп, ішкі қыжылдарын сұрақ түрінде айтып, ақыры биылғы жылдың тағы жаңарған бюджетін мақұлдады.

"Үкімет республикалық бюджетті осылай жыл соңында қайта нақтылағаннан экономикаға қандай және қанша көлемде мультипликативтік тиімділік болады деп күтіп отыр", – деп сауал тастады депутат Омархан Өксікбаев.

Үкімет басшылығы атынан сөз алған вице-премьер Ерболат Досаев қалаулылардың жүрегін жылытар сөз іздеп, жалған сөйлеп жатпады, ашығын айтты.

"Ұлттық экономика министрлігі хабарлағандай, биылғы 9 ай қорытындысында ЖІӨ өсімі 4,3 пайызды құрады. Біз алдағы он күн ішінде он айдың қорытындысын шығарғалы отырмыз. Жалпы, биылғы жыл қорытындысы бойынша экономиканың кем дегенде 4 пайыздық өсімі болуға тиіс деп санаймыз. Бірақ бюджетті қайта қарау арқылы қайта бөліске салынатын сомалардың мультипликативтік тиімділігіне келсек, біз бұл ретте тек "бюджеттік қаражаттардың пайдалану тиімділігі" тұрғысынан ғана сөз қозғай аламыз. Бұл сомалар ЖІӨ-нің өсуіне елеулі үлес қосады деп айтуға болмайды. Өйткені олар бұрын бекітілген параметрлерде онсыз да қарастырылған қаражаттар болып табылады. Үкімет бүгінде жергілікті әкімдіктермен бірге, қателер бойынша жұмыс жүргізуде. Біз қаражаттардың тиісті жеріне, азаматтар мен бизнеске жетуін көздеп отырмыз", – деген үкімет басшысының орынбасары "бұл қаржылар мақсатты жеріне және дер уақытында жұмсалатыны" жөнінде депутаттар алдында міндеттеме алатындарын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол келесі жаңа жылда "2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы" үкімет есебімен келуге, сонда бұл қаражаттардың қаншалықты тиімді шығындалғанын баяндауға сөз берді.

Ерболат Асқарбекұлы парламентте бір елең еткізерлік жаңалығын жеткізді: автоөнеркәсіпте, аграрлық бизнесте көз үйреншікті болған "лизинг" енді мемлекеттік медицина ұйымдарына келуде екен.

Осы жерде депутаттар бір жайтқа назар аудартты: биылғы бюджеттің алдында бекітілген нұсқасында денсаулық сақтау министрлігіне ауыл-аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 10,8 миллиард теңге қарастырылған болатын. Алайда бүгін мәжіліс бекітуіне ұсынылған жаңа жобада ол бап жойылыпты. Парламентшілер осы миллиардтардың не себепті жыл бойы салалық министрліктің есепшотында босқа жатқанына айран-асыр болды.

Бұған "денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы" деп таныстырылған вице-министр Алексей Цой жауап беруге тырысты.

"Шынында, бұрынырақта республикалық бюджетте осынша қаражат қарастырылып еді. Енді ол кепілдендірілген тегін медициналық көмектің негізгі ауру түрлерін ауруханада емдеу бағытындағы тапшылығын жабуға бөлінеді. Ал медициналық жабдықтарды сатып алуға келсек, қазір бізде барлық күш мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) дамытуға бағытталуда. Тиісінше, біз өңірлерге қажетті құрылғылар мен жабдықтарды бизнеспен әріптестік негізінде сатып алуларыңыз керек деген нұсқау бердік. Бізде мысалы, Қарағанды облысында оң тәжірибе бар. Оларда биылғы жылы 7 ауыр техника – МРТ мен КТ-лар осы тетік арқылы сатып алынды және облыс көлемінде орналастырылды. Біз бұл тетікті басқа өңірлерде де дамытуды ұсынып отырмыз", – деді Алексей Цой.

Бұл ретте ол министрліктің өз міндетін бизнеске арта салатынын еш жасырмады.

"Ауыр техникаларды сатып алу республикалық бюджеттен кейін оларды ұстап тұруға жыл сайын үлкен шығын әкеледі. Ал мына тетікте ол жүктеме бизнеске артылады. Олар осы медициналық жабдықтардан пайда табады, тиісінше, соған өздері қызмет көрсетулері керек. Демек, бұл жабдықтар соны қажет ететін медициналық объектілерде ғана орнатылады", – деген денсаулық сақтау вице-министрі бұл күрделі медициналық құрылғылардың қызметін тегін медициналық көмек аясында да алуға болатынын қосты.

Әйтпесе, мәселен, магниттік-резонанстық томографияға бір рет түсу ақысы 40 мың теңгеге дейін баратыны мәлім. Мұны ауылда кез келген адамның қалтасы көтермейді. Мемлекет қаржылық қолдау көрсетпесе, халық дағдарыстан күйзеліп жатқанда, бизнестің бұл құрылғыдан лайықты пайда табуы да қиын.

Бұл тақырыпта пікір білдіруге вице-премьер де белсенді, себебі, медицина саласындағы кез келген тосын реформа түсіндіруді қажет ететіні анық. Оның үстіне бұған дейін мемлекеттік ауруханалар мен емханаларға медициналық техника сатып алу – әрдайым мемлекеттің төл міндеті болып келген.

"Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдармен бірге, бюджет қаржысына сатып алынған медициналық жабдықтардың пайдаланылуына ревизия жүргізіліп жатыр. Өткен жылдары бұл бағытта, аса қымбат құрылғыларды сатып алуға орасан зор қаражат шығындалды. Бірақ қазір олардың көбі не толық пайдаланылмайды, не уақытша тоқтап тұр. Сондықтан таяуда мәжіліс қабылдаған алдағы үш жылдың бюджетінде қымбат жабдықтарды сатып алуға 0 (нөл) теңге де қарастырылмады. Біз жергілікті жерлерде енді МЖӘ-ні жылжытатын боламыз. Біздің қолымызда әкімдіктердің ақпарлары бар, 2018 жылдан бастап, олар аутсорсинг жүргізуге, мұндай жабдықтарды сатып алуды жеке қолдың еншісіне көшіруге дайын екендерін айтады", – деді Ерболат Досаев.

Бұған қоса, ол "медициналық лизинг" те белсенді дамытылатынын хабарлады.

"Көптеген ірі медициналық компаниялар жабдықтарды лизингке және кейіндері ауыстыру мүмкіндігімен жеткізуге әзір. Ендеше бұл жұмыс қазір күшейтіледі. Яғни, біз жабдықтарды бірден сатып алуға бюджеттен күрделі қаржы салудан бас тартамыз. Өйткені жабдықтар технологиялық тұрғыдан тез ескіріп қалады. Сол себепті біз мемлекеттік ауруханалар мен емханаларға қажетті жабдықтар алудың екі жаңа тәсілін қолданамыз: не оларды жеке бизнес сатып алады, не жеткізушілердің өздері лизингке береді", – деді вице-премьер.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу