Ұлттық банк ақша басу станогын іске қосты

4414

Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасының ауқымы алты ойыншымен тұйықталады, ал мемлекеттік қолдау көрсетудің мөлшері 1,5 есе өсуі мүмкін.

Ұлттық банк ақша басу станогын іске қосты

Банктердің қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы мемлекеттік қолдаудың мөлшері мен қолдауды алушылардың негізгі пулын нақтылап өз мәресіне жетіп қалды. Ақыр соңында бағдарламаның негізгі бенефициары болуға кім тәуекел етіп бел буғанын аbctv.kz анықтаған болатын. 

Өткен сейсенбі, 3 қазан күні, Қазақстан қор биржасының сайтында банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында бірден төрт банк өздерінің 15 жылдық суборидинацияланған облигацияларын орналастырудың егжей-тегжейін жариялады. Олар – АТФ банкі, "Цеснабанк", "ЦентрКредит" (ЦКБ) банкі және Еуразиялық банк. RBK Bank пен "Нұрбанк"  қатысуға өтініш білдіргендіктен, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны алтау болды.

Мемлекеттік қолдаудың шегі жоқ
Егер ресми жоспарларға сенетін болсақ, төрт ойыншы жалпы сомасы 410 млрд теңге қарыз алудан дәмелі (АТФ Банк пен "Цеснабанк" 100 млрд теңгеден, ал 60 млрд теңгені "ЦентрКредит" банк, 150 млрд теңгені Еуразиялық банк алуы мүмкін).

Бұған бағдарламаға қатысушы тағы екі банк – RBK Bank  және "Нұрбанк"-ті қолдау қаражатын қосыңыз. Оларға қанша қаражат керек екені әзірге белгісіз, алайда осы RBK Bank-те 250 млрд теңгеге ашық екінші облигациялық бағдарлама бар. S&P сарапшыларының айтуынша, банк реттеушіден 245 млрд теңге алуы мүмкін.

Егер олардың айтқаны шындыққа жанасатын болса, онда аталған болжам қаржы секторын құтқаруға жұмсалатын қаржының көлемі 655 млрд теңге болатынын көрсетеді. Ал бұл болса, бағдарламаның бастапқы бюджетінен үш есе артық. Сондай-ақ бағдарламаға "Нұрбанк"-тің қатысуы реттеушінің шығынын 700 млрд теңгеге дейін арттырмаса, кемітпейтіні анық. Бұл бастапқыда айтылған жарты триллион теңгеден тура 1,5 есе көп, осылайша таңдап алынған алты банктің қосымша бірігуінің мөлшері триллион теңгеден асып кетеді деген сөз.

Ақша басылып шыққанмен, тапшылықтың орны тола ма?
Бағдарламаның бенефициарлары туралы айта отырып, Ұлттық банктің банкирлерге  ақшаны қалай беретіні жайында ештеңе айтпай қалуға болмайды. Жарияланған бағдарламаға сәйкес, IV  тоқсанда реттеуші ақша басып шығарады да, осы ақшаға жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша банктердің субординацияланған облигацияларын сатып алады.

Банктер алған ақшаны ҚР қаржы министрлігінің қазынашылық облигацияларына нарықтық мөлшерлеме бойынша салады. Жаңа құнды қағаз шығарылады ма әлде Ұлттық банк өздерінің мемлекеттік құнды қағаздарын сатады ма – бұл әлі шешілмеген мәселе. Реттеуші жанама түрде басып шығарылған құнды қағаздармен сондай-ақ бюджеттің бір бүйірін қампайтуы мүмкін.

Бірақ та ең бастысы, реттеушінің өзінің мойындауынша, бұл жоспар бағдарламаға кіру кезінде осы жеңілдетілген мөлшерлеме есебінен қатысушы-банктерге "ақшалай сыйлық" жасағалы отыр. Реттеуші  abctv.kz-ке банкирлер алуға тиіс ақшаның мөлшерін ашып айтпады. Дегенмен реттеушінің ашып айтқанын күтіп отырмай, өзіміз есептеп көрсек.

Миллиард теңге тұратын сыйлық
Бағдарлама 6 қазан күні АТФ Банк пен Еуразиялық банктің облигациялары алғаш орналастырылған кезде іске қосылады деп жоспарланған. Бағалы қағаздарды шығару мөлшері 15 жыл мерзімге жылына бір рет төленетін 4%-дық купондық мөлшерлемесімен 100 және 150 млрд теңге болады. Одан әрі бағдарлама шартына сүйенетін болсақ, бұл қаражаттар мемлекеттік облигацияларға салынады. Бұл алғашқы орналастыру бола ма немесе Ұлттық банктің қоржынынан алынады ма ол жағы әзірге белгісіз.

Басқа бағдар болмағандықтан,  кірістің соңғы нарықтық көрсеткішіне сүйеніп көрейік. Тамыз айында реттеуші ҚР қаржы министрлігінің номиналдық көлемі 14 млрд теңге және қайтару мерзімі 12,15 және 17 жыл болатын МҚҚ сату бойынша 15 аукцион өткізді.

Банктердің облигациялары  15 жылға орналасатындықтан, есептеуде мемлекеттік қағаздар мерзімі бойынша ұқсас кезеңге басымдық жасалды. 16 тамыз күні Ұлттық банк өтеу мерзімі 2032 жылдың сәуіріне дейінгі номиналдық құны бір миллиард теңге болатын  МҚҚ пакетін орналастырды. Берілген өтініштер бойынша орташа өлшемді кірістілік жылдық 9,1%-ды құраған. Ол жылдық 5,5% болатын купондық сыйақыдан және номиналдық құнның берілген өтінішке  71,3952% "таза" бағасынан құралған.

Егер бұл мысалды банктерді мемлекеттік қолдаудың барлық көлеміне шартты түрде экстрополяциялайтын болсақ, онда олардың қоржынында табыстылығы жылдық 5,5%, номиналдық құны 980,5 млрд теңге болатын мемлекеттік облигациялар болуы мүмкін. Сондай-ақ бағдарлама оларды мерзімінен бұрын сатуды да қарастырады.

Алайда оларды баланста ұстап тұғанның өзінде 15 жыл ішінде банктердің таза пайыздық кірісі жыл сайын шамамен 26 млрд теңге немесе 2032 жылдың соңына қарай 390 млрд теңге болады. Сондай-ақ сатып алынған МҚҚ реттеушінің ломбардтық тізіміне кіреді, ал бұл оны РЕПО келісімдері бойынша өтімді кепіл етеді.

Бұл ақшаға тағы да МҚҚ номиналдық құны мен банктердің өтеу мерзімі кезіндегі облигациялар арасындағы айырмашылық есебінен  туындайтын шамамен 280 млрд теңгенің қосыңыз.  Сөйтіп 15 жыл өткеннен кейін банктердің таза табысы 670 млрд теңге шамасында немесе жылына 45 млрд теңге болады.

Егер осы есепке табыстылығы кем дегенде жылдық 9%  болатын пайыздық кірісті инвестициялауды алатын болсақ, банкирлердің келешектегі жалпы табысы тағы да 430 млрд теңгеге, яғни 1,1 млрн теңгеге дейін өседі. Алайда тағы қайталап айтамын, мұның барлығы тек жобамен алынған есеп, себебі реттеуші өз бағдарламасының барлық техникалық деталдарын ашып көрсетпей отыр.

Ақша ақшаны шақырады
Қорытындылай келе, бағдарламаға  қатысушылардың жеке пулына тоқталайық. Әңгімені орны нақтыланбаған ең ірі мемлекеттік қолдау алушылардан бастасақ. Бұл жерге ең басты үміткер RBK Bank сияқты.

Егер ол Ұлттық банктен S&P сарапшылары айтып отырғандай, 245 млрд теңгені алатын болса, онда RBK Bank автоматты түрде бағдарламаның басты бенефициары болады. KASE мәліметі бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесінде "ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының  қоры" (20,47%) және Фарид Лихудзяев (10,24%) банктің ірі соңғы акционерлері болған. Жақында бұл компания тағы бір қазақстандық олигарх – Владимир Киммен толығуы мүмкін. Ұлттық банк оған банктің ірі қатысушысы дәрежесін беруді мақұлдап та қойған.

Мемлекеттен алатын қолдаудың көлемі бойынша екінші орынға бірден екі ойыншы шықты. Біріншісі – өзінің номиналдық көлемі 150 млрд теңге болатын субординацияланған облигацияларын орналастыруды жоспарлаған Еуразиялық банк болуы мүмкін. Банк 100% "Еуразиялық қаржы компаниясы" АҚ-ға тиесілі. Оның құрылтайшылары Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов болып табылады.

Екінші орынның екінші қатысушысы – АТФ Банк, ол да 150 млрд теңге мемлекеттік қолдауға үміткер. Банк KNG Finance ЖШС-ге тиесілі. Соңғы иесі ғалым және ҚазСРО ҒА академигі Шахмардан Есеновтің ұлы және "Астана ЭКСПО -2017" АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтің күйеу баласы Ғалымжан Есенов. 

Кезек бойынша үшінші орында нық тұрған – "Цеснабанк" пен "ЦентКредитБанк" еншілестері. Екі қаржы институтын қолдаудың жиынтық мөлшері 160 млрд теңге болуы мүмкін. Бұл банктердің ірі қатысушылары ҚР президенті әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен оның жақын туыстар. Бұлармен бірге бенефициардар тізіміне  Бахытбек Байсеитов те кіреді, оған "ЦКБ" акциясының 36,2%-ы тиесілі.

Тізімді  JP Finance Group ЖШС арқылы 2016 жылдың 8 сәуірінде ресми түрде банктің ірі қатысушысы болған "Нұрбанк" иесі Рашид Сәрсенов қорытындылайды. Оның негізгі активтеріне KSP Steel ЖШС (құбыр шығаратын зауыт) және Helios (ЖЖМ бөлшектік саудасы) жатады.

Гүлназ Ермағанбетова, Камила Абдиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу