Қазақстан Ұлттық банкі өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ел экономикасы үшін ақша-несие саясатының ең оңтайлы режимін белгіледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 15 қараша күні Алматыда басталған Қазақстан қаржыгерлерінің VIII Конгресінің сессиясында мәлім етті.
Ұлттық банк басшысы еркін айналымдағы бағамға нақты көшу және ақша нарығындағы операцияларға ауысу – бұл біздің қаржы нарығымыздың жетілуі мен реттеушінің ақша өтімділігін басқару қабілетінің белгісі деп нақтылады. Сондай-ақ бас банкир инфляциялық принциптерді шектеуге көшу ойға қонымды шешім болғанын, ашық экономика мен сыртқы экономикалық үрдіске жоғары дәрежеде бірігетін елдің ерте ме, кеш пе тап осындай шешім қабылдайтынын айтты.
Бұл ретте Ұлттық банк елдегі инфляция деңгейін азайтуға қатысты жұмысты жалғастырады. Ұлттық банк басшысының сөзінше, реттеушінің мақсаты өте үлкен. Яғни 2020 жылдың соңына дейін елдегі инфляция деңгейін 4% немесе одан да төмен деңгейге дейін төмендету жоспарланып отыр.
"Инфляция бойынша мақсатты бағдарға қол жеткізу – бұл заңмен белгіленген, басқа елдердің және көптеген орталық банктердің тәжірибесімен дәлелденген басымдық. Соңғы екі жылда инфляцияны төмендетіп, мақсатты дәлізді басшылыққа алып отырмыз. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап Ұлттық банк даму деңгейі бізге тең келетін елдің көрсеткішіне дейін жеткізу мақсатында инфляцияның мақсатты бағдарын бірте-бірте төмендетуді бастады. Егер 2017 жылы инфляция дәлізі алты-сегіз пайыз болған болса, биыл 5-7%. 2019 жылы 4-6% болады. Орташамерзімді міндет – бұл 2020 жылдың соңына қарай инфляция деңгейін 4 және одан да төмен пайызға жеткізу", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Еске салар болсақ, 2018 жылдың қазанында елдегі жылдың инфляция 5,3% болды, бұл 2015 жылдың қазанындағы көрсеткішпен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш.
"Осыдан үш жыл бұрын инфляцияның деңгейі 18% болған кезде тап осындай көрсеткішке жетеміз деп ешкім ойламаған шығар", – деп Ұлттық банк басшысы осы фактіге түсініктеме беріп, алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге болатынын атап кетті.
Сонымен қатар Данияр Ақышев ақша нарығының жұмысын қалыпқа келтірмей теңгенің рөлін арттыру және инфляциялық процестерді тұрақтандыру мүмкін болмағанын айтты. 3 жыл бұрын нарықтағы TONIA мөлшерлемесінің 56% мөлшерде, ал 5-6 жыл бұрын салық төлемдері кезеңінде мөлшерлеме 40%-ға дейін күрт өсуі қалыпты жағдай болған болса, қазір нарықтық мөлшерлемелер үнемі Ұлттық банк бекіткен дәліз шегінен аспайды және нақты жұмыс істейтін ақша нарығында қалыптасады.
"Ұлттық банк тұрақты колжетімді терезе және ашық нарық операцияларын қоса алғанда, өтімділікті ұсына және қамти отырып, өз құралдарын толық көлемде іске асырады. Базалық мөлшерлеме нақты индикатор және ақша-кредит саясатының тұрақты қолданатын негізі болды. Біз оны айқындауда болжамды, жүйелі және айқынбыз", – деп түсіндірді Данияр Ақышев.
Оның айтуынша, нақты көрсеткіш бойынша базалық мөлшерлеме экономикалық өсімнің ұзақмерзімді қарқынынан аспайтын деңгейде сақталуда. Бұл ақша-кредит саясатының бейтараптылығын қамтамасыз етеді және инфляцияның мақсатты деңгейін қамтамасыз ету мен экономиканың өсімін ынталандыруды қолдау арасындағы теңгерімді сақтайды.
Соңғы кезде ақша және валюта нарықтарын одан әрі дамытуға және бейрезиденттердің колжетімділігін кеңейтуге басымдық бердік.
Атап айтқанда, бұл жерде әңгіме Clearstream халықаралық клиринг жүйесінде бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздармен операцияларға тікелей қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жоба жайында болып отыр.
Ұлттық банк басшысы Қазақстан Ұлттық банкінің ноттарын орналастыру да Т+2 жүйесіне көшкенін, осындай көшу қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары бойынша да жүргізілетініне сенім артты.
Биылғы жылдың ең басты оқиғасы - Қазақстан қор биржасындағы валюталық операциялар Т+1 есептелетін секторға ауыстырылды. Жаңадан есептеу банктердегі өтімділікті барынша дәл басқаруға және ақша нарығындағы құбылмалылықты төмендетуге мүмкіндік береді.
"Қазаннан бастап Қазақстан қор биржасы валюта нарығында орталық контрагент ретінде жұмыс істей бастады. Қазақстанда бұл тетік қысқа мерзімде әзірленді, ол көбінесе Ресейдің Орталық банкі мен Мәскеу биржасының тәжірибесін пайдалану арқасында мүмкін болды. Қазақстан қор биржасымен бірлесе отырып брокерлерді валюта нарығына кіргізу бойынша жұмыс жүргізілді", – деді Данияр Ақышев.
Сондай-ақ ол жылдың соңына дейін валюта нарығында құбылмалылықты төмендету мақсатында Қазақстан Ұлттық банкі туынды қаржы құралдарын енгізуді жандандыруды жоспарлап отыр деп толықтырды. Бұл көлемдердің спот алаңынан мерзімді нарыққа артық әкетілуін қамтамасыз етеді және қаржы нарығын валюта тәуекелдерін хеджирлеу құралымен қамтамасыз етеді.
Бір жылға дейінгі мерзімі бар валюталық своп нарығын жасау, Данияр Ақышевтың айтуынша, хеджирлеу құралдары ұсынылатын тұрақты жұмыс істеп тұратын алаңды қалыптастыру бойынша бірінші жүйелі қадам болып табылады.
"Биыл әлемдік қаржы нарықтарымен ықпалдасуды нығайту жағына үлкен қадам жасалды, ол валюта және ақша нарықтарының өтімділігін ұлғайтуға және барынша тиімді баға белгілеуге ықпал етеді", – деді Ұлттық банк төрағасы өз сөзін қорытындылай келе.
Қазақстан қаржыгерлерінің VIII Конгресіне 300-ден аса банкир мен 20-дан астам елдің қаржы нарығына қатысушылар келгенін атап кету керек. Шараны ұйымдастырушы Қазақстан Ұлттық банкі, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және Қазақстан қор биржасы.
Конгресс Қазақстанда ұлттық теңгенің 25 жылдығын мерекелеуге орайластырылған. Жиынның ашылуында шара қатысушыларын осы мерекемен Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова құттықтады.
Конгрестің панелдік сессиясында қазіргі жағдайда орталық банктер алдында тұрған сын-тегеуріндер, қолма-қол ақшаны қолданудағы жаһандық әлеует мәселелері көтеріледі. Сонымен қатар шара қатысушылары тәуекелге-бағдарланған бақылауды енгізу және қолдану, ұлттық валюталарды траншекаралық есеп айырысуда қолдану және қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесін жетілдіру, қаржылық сауаттылық және қаржылық қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету тәжірибесімен бөліседі.
Қаржыгерлердің VIII Конгресі барысында "Экономиканы тұрақты дамытудағы қор биржаларының рөлі" атты тақырыпты қарастыратын Қазақстандық биржалық форумы өтеді.
Сара Бухина