Ұлттық банк "Қазкоммерцбанкке" өз еуробондтарын өтеу үшін қарыз берді

3060

137 млрд теңге сомасындағы еурооблигацияны өтеуге екі күн қалғанда реттеуші банкке 200 млрд теңге қарыз берді.

Ұлттық банк "Қазкоммерцбанкке" өз еуробондтарын өтеу үшін қарыз берді Фото: otyrar.kz

Қазақстанның ұлттық банкі "Қазкоммерцбанк" АҚ-ға жалпы корпоративтік мақсаттарға 200 млрд теңге көлемінде қарыз берді делінген Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған екінші деңгейлі банктің баспасөз хабарламасында.

"Казкоммерцбанк" АҚ-ның хабарламасында айтылғандай, несие жаңартылған несие желісі аясында стандартты нарықтық шарттармен берілді. Ең қызығы, қарыз банкке 9 ақпанда берілді, бұл 13 ақпанға белгіленген еуробондтар бойынша банктің сыртқы міндеттемелерін өтеу мерзімімен тұспа-тұс келді.

13 ақпанда "Қазкоммерцбанк" АҚ 2007 жылдың ақпан айында шығарылған еурооблигацияларды өтегенін хабарлады. Қарыз өтеу кезінде 400 млн еуродан сәл төмен соманы құрады, бұл шамамен 137 млрд теңгеге пара-пар (14 ақпандағы KASE таңғы сессиясының биржалық бағамы бойынша бір еуро 343,04 теңгеге тең).

"Әлемдік нарықты жайлаған алмағайып кезең мен Қазақстан банк секторындағы қиындықтарға қарамастан "Қазкоммерцбанк" сыртқы қарызын уақытында өтеу саясатынан айнымай, 400 млн еуродан сәл төмен сомадағы еурооблигацияны өтеді. Алғашында шығарылған сома 750 млн еуроны құраған, ол банк өтімділігін тиімді басқару мақсатында жоспарлы түрде бағалы қағаздарды сатып алу нәтижесінде азайды", - деп түсіндірді басқарма төрағасының бірінші орынбасары Абай Ескендіров.

Ұлттық банктің "Қазкоммерцбанк" АҚ-ға беретін жаңартылған несие желісі 2016 жылғы желтоқсан айының ортасында 400,8 млрд теңге сомасына ашылған болатын және бұл банк салымшыларының үдере кетуінен туындаған  қиындықтарға байланысты болды. Сөзге тиек етсек, желтоқсанда ұйым әр бесінші салымшысынан айрылды.

Реттеушінің мәліметіне сүйенсек, 200 млрд теңге көлеміндегі несиенің бір бөлігі 2016 жылы өтелген. Аралық қаржы есебіне сәйкес, 200,8 млрд теңге сомасында қалған қарызды 2017 жылдың наурыз айында өтеу жоспарланған.

Арман Жақып

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу