Ұлттық банктің кей функциялары жаңа органға беріледі

3917

Қаржы нарығын реттеу қызметі жаңа агенттікке жүктелмек.

Ұлттық банктің кей функциялары жаңа органға беріледі Фото: Серікжан Қобыланбаев

Халықаралық практикаға сәйкес қаржы жүйесін реттеудің басым үлгісі орталық банк жүйесінен тыс реттеу үлгісі болып табылады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сөз сөйлеген кезде айтып берді.

Бас банкирдің айтуынша, 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы Ұлттық Банктің және Қаржылық қадағалау агенттігінің жекелеген құралдарының қаржы ұйымдарына оралымды қолдау көрсету үшін тиімсіз екендігін көрсетті.

"Әлемдік қаржы дағдарысының салдарын ескере отырып, 2011 жылы Қаржылық қадағалау агенттігін Ұлттық Банкке қосу туралы шешім қабылданды", - деген Досаев өткен жылы Парламент депутаттарының қолдауымен заңнамалық түзетулердің үлкен блогы қабылданғанын, оның тәуекелге бағдарланған қадағалауға өтуге байланысты және оның шегінде реттеушінің қадағалау мандаты едәуір кеңейтілгенін еске салды.

Реттеушінің жаңа өкілеттіктері жүйелі тәуекелдердің қайта жинақталуына жол бермеуге және қадағалау шараларын туындайтын тәуекелдерге тепе-тең қолданып, алдын ала әрекет етуге мүмкіндік береді. "Ұлттық Банк төмен инфляцияға, елдің орнықты дамуына және халықтың өмір деңгейінің өсуіне қолдау көрсетуге назар аудара отырып, өзінің негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге көңіл бөлетін болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретін жеке мемлекеттік органға беру ұсынылады", - деп хабарлады Е. Досаев.

Ұлттық Банк басшысының айтуынша, аталған бастаманы іске асыру мақсатында Ұлттық Банк "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі.

Заң жобасында екі ауқымды бағыт қамтылған. Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы хабарлағандай, бірінші бағыт – қаржы секторын реттеу мен дамытудың тәуелсіз органын құру.

"Елдің экономикалық өсуіне жәрдемдесу үшін Ұлттық Банк орталық банктің классикалық функцияларына шоғырлануға ниетті – бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-кредит саясаты, валюталық реттеу және төлем жүйелерін дамыту", - деп түсініктеме берді Е. Досаев.

Ол қаржы нарығын реттеу мен дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылатынын қоса айтты.

"Экономиканы сапалы дамыту үшін Ұлттық Банк мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламаларын, оның ішінде экономиканың басым салаларын кредиттеу бағдарламасын, "7-20-25" ипотекалық бағдарламасын және басқа да бағдарламаларды екінші деңгейдегі банктер арқылы іске асыруды жалғастырады", - деді ол.

Ұлттық банк басшысы сондай-ақ Агенттік өз тарапынан қаржы нарығындағы қаржы ресурстарын бөлу тиімділігін арттыруға, жаңа қаржы өнімдері мен қызметтерін енгізуге, олардың халық пен бизнес үшін қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді деп атап өтті.

Оның айтуынша, Ұлттық Банк пен жаңа Агенттіктің қызметі тығыз, оның ішінде басқару органдарында өзара өкілдік ету және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл арқылы үйлестіріледі.

"Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесте макропруденциялық саясат шараларын іске асырумен, қаржы дағдарысының туындауын алдын алумен, төлем жасауға қабілетсіз банктерді реттеумен және жүйелік маңызды банктерді қалыпқа келтіру шараларын қаржыландырумен байланысты мәселелер міндетті түрде қаралуға тиіс. Ұлттық Банк пен жаңа Агенттікті бөлудің негізгі қағидаты Ұлттық Банк жұмысының қазіргі мәртебесін және заңнамалық негізін барынша сақтау және оларды жаңа Агенттікке қатысты қолдану болып табылады", - деді Ерболат  Досаев.

"Ұлттық Банк сияқты жаңа Агенттік те Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретін болады, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады", - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Ол қаржы нарығын қадағалау жөніндегі ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігі Ұлттық Банк пен Агенттік арасында негізгі ақпарат алмасу арқылы қамтамасыз етілетінін айтып берді.

Сонымен бірге Ұлттық Банк пен Агенттік үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, бірыңғай статистикалық және реттеушілік ақпарат базасы құрылатын болады.

Бұл қайталауды болдырмауға мүмкіндік беріп, қаржы секторына қосымша жүктеме түсірмейді.

"Қызметшілер мәртебесін Ұлттық Банк қызметшілерінің мәртебесіндей бекіту ұсынылады. Бұл жоғары білікті қызметкерлерді жедел қабылдауды және еңбекақы төлеудің бәсекелес деңгейін белгілеуді қамтамасыз етеді", - деп түсіндірді ол

Ол Агенттіктің Ұлттық Банкті қайта ұйымдастыру арқылы құрылатынын, оның барысында функциялар, өкілеттіктер және штат бірліктері қайта бөлінетінін қоса айтты. Ұлттық Банктен Агенттікке ауысуға болжанып отырған қызметкерлердің жалпы саны шамамен 500 адам болады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы атап өткендей, Заң жобасының екінші бағыты тұтынушылық кредиттеу нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою болып табылады. Досаев халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбай өсуіне жол бермеу мақсатында барлық кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу және қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі деп хабарлады.

"Қазіргі уақытта реттелмейтін субъектілер саны шамамен 2 мыңға жетті, бұл сегмент үлесінің салыстырмалы түрде мардымсыз екендігіне қарамастан, кредиттерді алу жылдамдығы, реттеудің жоқтығы және сыйақы мөлшерлемесінің шектен тыс - 700%-дан жоғары болуы азаматтардың борыштық ауыртпалығының бақылаусыз өсуі үшін жағдай жасауда", - деді ол.

Ұлттық Банк Төрағасының айтуынша, тұтынушылық кредиттердің неғұрлым белсенді өсуі реттелмейтін секторда байқалады – бұл онлайн-кредиторлар, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар.

Сонымен қатар, реттелмейтін субъектілер тарапынан қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылғаны байқалады. Аталған проблемаларды шешу үшін қадағалау органының реттеу ауқымына кредиттеудің барлық субъектілерін енгізу және оны кеңейту ұсынылады.

"Заң жобасында банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеудің сараланған жүйесін енгізу көзделеді. Заң жобасында әрбір субъектінің қолданыстағы бизнесүлгісін өзгерту көзделмейді. Қызметтің нақты түріне тән тәуекелдерге қарай талаптар енгізіледі. Микроқаржылық қызмет субъектілерін реттеу қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға және олардың шамадан тыс кредит алуын  болдырмауға негізделеді", - деп хабарлады Ерболат Досаев.

Атап айтқанда, Ұлттық Банк басшысы атап өткендей, микрокредиттер беру қағидаларының болуына, кез келген комиссиялар алуға тыйым салуға, шекті сыйақы мөлшерлемесін сақтауға, кредиттік бюроға ақпарат беру қажеттілігіне талаптар белгіленеді.

Бұл қарыз алушылардың борыштық жүктемесін барабар бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнама талаптарын сақтау міндеті белгіленеді. Досаев өз баяндамасында атап өткендей, ұсынылып отырған шаралар кредиттеу нарығының айқындылығын арттыруға, түрлі сегменттерді реттеуде теңгерімсіздікті жоюға, ең бастысы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Заң жобасын қабылдаудың жоғары маңыздылығын және күтілетін нәтиженің өзектілігін назарға ала отырып, заң жобасы қабылданған жағдайда, Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп оның нормаларын іске асыруға жедел түрде кірісуге дайын", - деді Ерболат Досаев сөзін қорытындылай келе.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу