Ұлттық компанияларға 9 триллиондай теңге қарыз алуға рұқсат етіледі

5631

Келесі жылға арналған ұлттық компаниялар борышының квотасы белгіленеді.    

Ұлттық компанияларға 9 триллиондай теңге қарыз алуға рұқсат етіледі

Осыдан кейін "қарапайым қазақстандықтар шамасына қарамай, негізсіз көп қарыз алады" деп билік ауыз аша алмаса керек.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің "Квазимемлекеттік сектордың 2020 жылға арналған сыртқы борышының шекті көлемін бекіту туралы" бұйрығы жобасының мән-жайы белгілі болды.

Өткен жылдан бері мемлекет ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың шетелден алатын қарызы көлемін шектеуге талаптанып жатқаны мәлім. Әйтпесе, бұған дейін олар ойына келгенше ала беретін. Осы орайда 2017 жылғы 28 қыркүйекте ел Үкіметінің қаулысымен "Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарының көлемін келісу қағидалары" бекітілді.

Ал квазисектордағы компаниялар бір жылға белгіленген шектеуден шығып кетпеуін, яғни аталған құжат шарттарын сақтауын бақылау ұлттық экономика бірінші вице-министрі Әсет Ирғалиевке жүктелетін болады.

Сонымен келесі жылы ең көп қарыз алу мүмкіндігі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына беріліп отыр. Қорға "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "Қазатомөнеркәсіп", "Самұрық-Энерго", "Қазақтелеком", "KEGOC", "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы", "Біріккен химиялық компания", "Эйр Астана", "Samruk-Kazyna Construction", "Қазпошта", "Самұрық-Қазына Инвест" секілді портфельді ірі компаниялар кіретіні мәлім.

"Самұрық-Қазына" алдағы жылға арналған барлық қарыз квотасының басым көпшілігін – 6 тлн 459 млрд 242 млн теңгесін (18,4 млрд доллар) иемденді.

Екінші орында "Бәйтерек" холдингі тұр, ол шетелден 1 триллион 924 миллиард 451 миллион теңге немесе 5,4 миллиард доллар несие тарта алады. Себебі, оның құрамында сол бойы бюджетке жүк артатын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" бар және 2020 жылдан бастап, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға және жастарға Қазақстан бойынша мыңдап баспана тұрғызуы не нарықтан сатып алуы қажет. 

"Үштікке" онсыз да борышқа батып отырған "ҚазАгро" кірді: оған қазіргі қаптаған қарызына келесі жылы тағы 441 миллиард 595 миллион теңге немесе 1,2 миллиард доллар борыш қосуына жол ашық.

Ал "Зерде" холдингі қарыздан қағылды және квотасы "0-ге" теңестірілді.

Бір жыл ішінде квазимемлекеттік секторға 8 трлн 825 млрд 288 млн теңге немесе 25 млрд 215 млн доллар сыртқы борыш алуына рұқсат етіледі деп жоспарлануда.

Бұл ретте сыртқы қарыз сомасы, әу, бастан, шетелдік валютада есептелген, тек 1 АҚШ долларының құны 380 теңге деп бекітіліп отыр.

Айта кету керек, шетелден заем тарту құқығы бар холдингтер мен ұлттық компаниялар ол қарызымен кейін отандық басқа компаниялармен бөлісе береді. Мәселен, биылғы 17 қаңтарда Үкімет тапсырмасымен "Самұрық-Қазына" қоры кезекті рет "Бәйтерекке" 5 млрд 751 млн теңге қарыз қаражат аударды. Оны "Бәйтерек" 0,15% ставкамен тек 2026 жылы қайтармақ. Борыштың номиналдық құны мен әділетті құны арасындағы 2 млрд 501 млн теңге айырмашылық акционермен, яғни Үкіметпен арадағы "операцияларға" жатқызыла салынған.

Оның үстіне мемлекет өзі көтере алмаған әлеуметтік жобаларды ұлттық компанияларға арта салады. Мәселен, "Самұрық-Қазына" Арыстағы әлеуметтік құрылыстарды қаржыландырды. Қазақстанның имиджін көтереді деп дәріптелетін, бірақ шынында онысы дәлелденбеген қаптаған спорт клубтардың миллиондаған долларлық шығындарын да сол көтереді.

Үкіметтің тапсырмасымен, қор "Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ драма театрының құрылысына 26 млрд 498 млн теңге бағыттапты. Биылғы жылғы І тоқсанда ғана әртүрлі әлеуметтік жобаларға "Самұрық-Қазына" 11,3 млрд теңге жұмсаған көрінеді.

Әрине, қарыздардың көбеюінен ұлттық компаниялар басшылығына және олардың әл-ауқатына еш зардап келмейді: алып келген жалақылары мен бонустары артпаса, еш азаймасы сөзсіз. 

"Самұрық-Қазына" қаржылық есебіне жүгінсек, 2019 жылғы наурыз айының қорытындысы бойынша қарызы 6 трлн 622 млрд 570 млн теңгені құраған. Былтырғы ұқсас кезеңде бұл сома 6,8 трлн теңге болыпты.  

Сыртқы қарыз сыртында, қор ішкі нарықтан да борыш иеленуде: Биылғы жылы "Халық банкінен" 150 млн доллар (56,1 млрд теңгеге бара-бар) заем алған. Сонымен бірге, оған 70 млн доллар (немесе 25,9 млрд теңге) борышын өтеген. Бұл сомаға есептелген сыйақы да кіреді.

Жыл басынан бері ұлттық әл-ауқат қоры BNP Paribas банкінен тағы 94 млн доллар (шамамен 35,3 млрд теңге) қарыз алды.

Дәл осы кезде СҚ тобы "Қазақстан даму банкі" алдындағы жалпы сомасы 148,4 млрд теңге борышын өтеді. Бұған қоса, ҚДБ шығарған облигацияларды сыйақысын қоса есептегенде, 22,2 млрд теңге сомасында ішінара өндірген. Сонымен қатар жыл басында "Ситибанк Қазақстаннан" алған 80 млн доллар (29,9 млрд теңгеге тең) қарызын толық жапты. Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" Netherlands International Uranium B.V.-ден тартқан 49 млн доллар (18,6 млрд теңге) сомасындағы борышын ішінара өтепті.

Сарапшылар холдингтер мен ұлттық компаниялар бұрын алған қарызын жабу үшін жаңа қарыз алуы мүмкін деген пікірде.

Ресми мәлімет бойынша ұлттық компаниялар арасындағы қарыздың баланстық құнының ең көп бөлігі "ҚазМұнайГаз"-бен оның еншілес ұйымдарына тиесілі – 3,9 трлн теңге.

Екінші орында еншілес кәсіпорындарымен бірге "ҚТЖ" орналасқан – 1,2 трлн теңге.

"Самұрық-Энерго" және оның еншілес ұйымдарының қарызы – 250,3 млрд теңге, "КЕГОК" және еншілес ұйымдардікі – 161,5 млрд теңге, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы мен еншілес ұйымдардікі – 154,7 млрд теңге, өзге ұлттық компаниялардың қарызы – 277,6 млрд теңге.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу