Қазақстанға 2,85 млрд теңге жұмсалатын жиын қажет пе?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
20151

Депутаттар халықаралық конференцияға бюджеттен бөлінетін қаржы көлеміне күмән келтірді. 

Қазақстанға 2,85 млрд теңге жұмсалатын жиын қажет пе?

2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланғанда келесі жылы елімізде Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясын өткізуге 2,85 млрд теңге жұмсалатыны жарияланды.

Бұл ақпарат депутаттардың дегбірін қашырды. Қазына қаржысы бей-берекет шашылмасын дегендері болса керек, халық қалаулыларының бірі Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сұрақ қойса, екіншісі премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

"Халықаралық жиынды өткізуге 2,85 млрд теңге жұмсалатыны белгілі. Қомақты қаражаттың 219 млн теңгесі өткізілетін орынға, 723 млн теңгесі техникамен қамтамасыз етуге, 289 млн теңгесі конференция өтетін орынды безендіруге жұмсалады екен. Барлығын қосқанда 1 млрд 230 млн теңге. Бұл нысандар техникамен толық жарақтандырылған ғой. Осыған қатысты нақты ұсыныс жоқ па?", – деді сенатор Нұрлан Қылышбаев "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы ұйымдастыратын халықаралық жиынға жұмсалатын қаражатқа қатысты мәселенің мән-жайын анықтау барысында.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың жауабы дайын екен. Ол қаржының едәуір бөлігі ұйымдастыру шараларына жұмсалатынын, техникалық сипаттағы мәселерді шешу үшін қаражат қажет екенін, ал ақша "Астана хаб" аумағында жұмыс істейтін ұйымдарға берілетінін, яғни сыртқа кетпейтінін алға тартты.

"Қонақүйді, ЭКСПО аумағындағы нысандарды Дүниежүзілік сауда ұйымының хатшылары таңдады. Дүниежүзілік сауда ұйымының конференциясына 164 ұйым қатысады. Жиында 6-10 тілге тәржіма жасалады. Мұның барлығына техника мен маман қажет", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің мәлімдеуінше, жиынға қатысатын шетелдіктер жол және қонақүйдің шығынын өздері өтейді.

"Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясына 5-6 мың шетел азаматы қатысады. Олар ел аумағында қаржы қалдырады. Алдын ала жасалған экономикалық болжам бойынша, жергілікті бюджетке 250 млн теңге түседі", – деді Бақыт Сұлтанов.

Ал мәжілісмен Айқын Қоңыров үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында жаһандық оқиғаның имидждік әсері бар екенін, алайда конференция шығындарының негіздемесі күмән туғызатынын айтты.

"Қазақстан жақында ДСҰ-ға мүше болды және бірқатар салада өтпелі кезең күні бүгінге дейін сақталып тұр. Біздің мемлекет ДСҰ-ға кіру туралы 2015 жылдың ортасында келісімге қол қойды. Бұл шетелдік тауарларды жеткізуді жеңілдетті. 2016 жылдан 2018 жылға дейін импорт 25,4 млрд доллардан 33,7 млрд долларға дейін немесе 33%-ға өсті. Осы кезеңде экспорт 36,7 млрд доллардан 61 млрд долларға дейін, яғни 66%-ға ұлғайды. Бірақ бұл шикізат экспорты көлемінің және бағаның өсуімен байланысты болды. Экспорт құрылымы әртараптандыру тұрғысынан іс жүзінде нашарлады. Сарапшылардың пікірінше, халықаралық сауда тізбегінде тек шикізат жеткізушісі ретінде танылып отырған Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясын өткізу мақсаты айқын емес.Біз отандық кәсіпорындар мен экспорттаушыларды іс жүзінде қолдауға, ең алдымен көрші елдердің нарығына жылжытуға ерекше назар аудару қажет деп санаймыз", – деді Айқын Қоңыров.

Оның сөзінше, қаңтар-тамыз айларында қазақстандық экспорт 4,5%-ға төмендеген, ал импорт 13,2%-ға өскен.

"Шикізатты қоспағанда, сыртқы сауда "бір қақпаға" ғана бағытталуда және ол шетелдік жеткізушілерге ғана тиімді болып тұр. Бір кездері ЭКСПО нысандарын көрмеден кейінгі пайдалану мен олардың өтелуіне қол жеткізуден бастап максималды тиімділік міндеті тұрды. Сондықтан Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясы сияқты кең ауқымды шараларды өткізу Қазақстан үшін коммерциялық артықшылық алуды қамтуы керек", – деді депутат.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу