Ұлттық қордың ақшасы әлеуметтік әлсіз топтарға бөлінеді

11739

Биыл бюджеттің басым бөлігі де әлеуметтік салаға бағытталған.

Ұлттық қордың ақшасы әлеуметтік әлсіз топтарға бөлінеді

Мәжіліс депутаттары "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, аталған заң азаматтардың өткір әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Спикердің айтуынша,  орталық және жергілікті мемлекеттік органдар әлеуметтік мәселелерді шешуді басты назарда ұстауы керек.  

"Өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға бағытталған 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасын дайындау барысында 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері ескерілді. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін қажетті қаражат Тікелей инвестициялар қорын құруға жоспарланған қаражаттан алынады. Ал қорды құруға кететін шығын қайта қаралады", - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Смайыловтың айтуынша, биыл бюджеттің шығыс бөлігін қайта қарауда мынадай өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек бөлінеді. Яғни, мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр.

"Екінші бағыт халықты жұмыспен қамту; аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау шараларын кеңейту және күшейтуді. Осы мақсаттағы жұмыстар үшін 138,6 млрд теңге бөлінбек",– деді министр.

Үшіншіден, Үкімет резервін 72,9 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға жұмсалса, тағы 35,9 млрд теңге шұғыл шешуді қажет ететін кейбір міндеттемелерді қаржыландыруға жұмсалмақ.

Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жыл басындағы болжамдағы деңгейден төмендемегенін айтады.

"Елдің 2019 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштері биылғы сәуірде түзетілген болжам деңгейіне сақталады", – деген министр бірқатар мәліметтермен бөлісті.

"2019 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64,3 трлн теңге көлемінде деп болжанып отыр. Экспорт 54,4 млрд АҚШ доллары, импорт 32,9 млрд доллар шамасында болады. 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері ағымдағы жылдың сәуір айында нақтыланған көлемде сақталған", - деді министр.  

Дәленовтың айтуынша, 2019 жылға мұнайдың болжамды бағасы 55 АҚШ доллар деңгейінде сақталмақ. ҚР Ұлттық банкінің болжамдары бойынша жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз шегінде. Жыл басынан бері экономиканың даму серпіні ескеріле отырып, 2019 жылы ЖІӨ-нің өсуі бұрын бекітілген 3,8 пайыз деңгейінде болмақ.

Бюджетті нақтылау аясында Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді қайта бөлу ұсынылады. 370 млрд теңгеден 300 млрд теңгені әлеуметтік шараларды күшейтуге, тұтынушылық несиелер бойынша халықтың борышын төмендетуге, сондай-ақ Үкіметтің резервін ұлғайту ұсынылады.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу