Ұлттық қордың ақшасын жұмсауды азайтты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5812

Келер жылдың бюджетіне Қордан қаражат мүлде қарастырылмаған.

Ұлттық қордың ақшасын жұмсауды азайтты

2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 2017 жылдағыдан 6,6% азайып, 10,8 трлн теңгені құрады. 2017 жылы көрсеткіш бірден 24,3% ұлғайып, 11,6 трлн теңгеге жеткен еді.

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, былтыр бюджеттің барлық деңгейлері бойынша жоспар артығымен орындалған. Жалпы бюджет 102,6%-ға, Ұлттық қор 102,3%-ға, республикалық бюджет 102,3%-ға, жергілікті бюджет 102,8%-ға орындалыпты.

Трансферттерді есептемегенде мемлекеттік бюджеттің кірісі 8,2 трлн теңге болған. Бұл жоспардағы көрсеткіштің 102,4%-ы. Бас қаржыгердің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің артығымен орындалғанының басты себебі салық және кедендік әкімшілікті жетілдіру екен. Ал бюджеттің игерілуі былтыр 99,7% болған.

Айта кетейік, 2013 жылдан бері мемлекетік бюджет тұрақты өсіп 6,5 трлн теңгеден қазіргі 10,8 трлн теңгеге жетіп отыр.

Мемлекеттік бюджеттің ішінде ең көп үлесті салықтық түсімдер алады. Төленген салықтар мемлекеттік бюджеттің 73%-ын, яғни 7,9 трлн теңгесін құрайды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 15,8% жоғары. Алдыңғы жылы көрсеткіш 6,8 трлн теңгені құрап, мемлекеттің бюджеттің бар болғаны 58,9%-ын құраған еді.

Салықтық түсімдердің ішінде тауар, жұмыс пен қызметтерге ішкі салықтар құрайды. Салықтың бұл түрі жалпы төленген салықтардың 36,7%-ын, яғни 2,9 трлн теңгесін құрайды. Көрсеткіш алдыңғы жылдағыдан 22% өсіп отыр.

Екінші орында табыс салығы. Халықтың төлеген табыс салығы жалпы салықтың 2,5 трлн теңгесіне жетіп, 32%-ын құрады. Ал халықаралық сауда мен сыртқы операциялардан түскен салық жалпы салықтың 1,4 трлн теңгесін, яғни 18%-ын құрады.

Салықтық емес түсімдер мен негізгі капиталдан түскен табыс тиісінше 226 млрд және 92,5 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 3%-ы. Аталған көрсеткіш алдыңғы жылдағыдан 34,8% ұлғайып отыр.

Мемлекеттік бюджеттің азайғаны мемлекеттің табысының азайғаны емес, керісінше, бизнес қауымдастық мемлекетті өзі асырай бастады деген сөз. Әрбір төрт теңгенің үш теңгесін бизнес мен қарапайым азаматтар салық ретінде төлегені жоғарыда аталды. Осы уақытта есесіне Ұлттық қордың қаражатын жұмсау азайды. Мемлекеттік бюджеттің азаюы да осы себепті. Алдыңғы жылдағымен салыстырғанда Ұлттық қордан бөлінген ақша 41,1% азайып, 2,6 трлн теңгені құрап, мемлекеттік бюджеттегі үлесі алдыңғы жылғы 38,2%-дан 24,1%-ға түсіп кетіпті. Алдыңғы жылы мемлекеттің бір жылдық "күнкөрісіне" Ұлттық қор 4,4 трлн теңгедей жұмсаған еді. Ал 2016 жылы қаржы министрлігі республикалық бюджетке деп Ұлттық қордан 2 трлн теңгеден артық қаражат сұраған.

2016-2017 жылдары Ұлттық қордың осыншалықты шығындалғанының бір себебі банк секторын сауықтыру үшін алынған қаражат екені де жасырын емес.

Жалпы, 2013 жылдан бастап Ұлттық қордан жұмсалатын ақша жыл санап көбейіп келеді. 2013 жылы Ұлттық қор 1,4 трлн теңге бөлсе, 2014 жылы 2 трлн теңге, 2015 жылы 2,5 трлн теңге, одан кейінгі екі жылда тиісінше 2,9 және 4,4 трлн теңгеден жұмсалды. Былтыр ғана көрсеткіш азайып, 2,6 трлн теңгеге түсті. 

Сонымен қатар,  үкіметтің 2018 жылдың 30-шы қарашасында бекіткен "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңында 2019 жылға Ұлттық қордан республикалық бюджетке ешқандай да қаражат қарастырылмаған. Есесіне салықтық түсімдер қайтадан азайып, республикалық бюджет кірісінің 6,6 трлн теңгесін ғана құрайды. Ал бюдет кірісінің өзі 9,6 трлн теңге шамасында ғана. Осылайша, екінші жыл қатарынан республикалық бюджет азайғалы тұр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу