Үндістан, Қытай, Түркия мұнай импортын тоқтатпақ емес

4847

Қарашаның 5-де Иранға қарсы жаңа санкциялар өз күшіне енеді, бірақ, сол экономикалық шектеулерге әлемнің үш ірі импортері бағынбайтынын аңғартты.  

Үндістан, Қытай, Түркия мұнай импортын тоқтатпақ емес

Мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қайта санкция жариялайтынын ескерткені белгілі. Содан кейін ілі-шала  Мемлекеттік департамент әлем елдеріне Ислам Республикасынан мұнай сатып алуды нөл пайызға дейін түсіру туралы өтініш жасады.

Вашингтонның бұл стратегиясының мақсаты – Иранның шикізатқа тәуелді экономикасын теңселте отырып, Теһранды ядролық-зымырандық бағдарламадан бас тартуға және Сириядан әскерін әкетуге көндіру.

Трамптың санкциялары қарашаның 5-де өз күшіне енеді. Бірақ, Иранның негізгі клиенттері – Үндістан, Қытай, Түркия Құрама Штаттардың "нөл пайыз" туралы талабын орындауға асығар емес. Себебі, "Рейтердің" мәліметінше, бұл үш мемлекет өздерін  Иран тәрізді жеткілікті деңгейде энергетикалық отынмен қамтамасыз ете алатын елді әлемнен таппаған. Болжамдарға қарағанда, АҚШ енді кейбір елдермен Иран мұнайын сатып алуды жалғастыру туралы келісім жасауға мәжбүр болады.

Осы мәселе бойынша Трамп әкімшілігі бүгінде екі лагерьге бөлініп отыр. Олардың біріне Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтон жетекшілік етеді. Болтонның Теһранға қатысты позициясы әрдайым қатаң болған. Екінші лагерьге Мемлекеттік департамент төрелік етіп отыр. Ол санкцияларды мұнай бағасын шарықтатпайтындай деңгейде қолдануды ұсынып келеді. Өйткені, көмірсутегі тым қымбаттап кететін болса, одан АҚШ экономикасы ғана емес, Вашингтонның одақтастары да орасан зардап шекпек.

Осы айда мұнай бағасы соңғы төрт жылда алғаш рет 87 долларға дейін көтерілді. Егер Иранға қарсы эмбарголар күшейетін болса, шикізат құны тіпті өседі. Сондықтан, Трамп әкімшілігі Ресей мен Сауд Арабиясы келесі жылы экспортты арттырғанға дейін Теһранның клиенттеріне шектеулі ғана қысым жасауы мүмкін.

"Егер сіз әкімшілік болсаңыз, мұнай бағасының өсуіне мүдде танытпас едіңіз. Ал, 2019 жылдың ортасынан кейін агрессивтік тәсілге көшіп, экспортты нөлге дейін түсіруге болады", – дейді АҚШ үкіметінің есімін атамаған лауазымды өкілдерінің бірі "Рейтерге" берген сұхбатында.

Алайда, Ақ үй Иранға қарсы санкцияны жеңілдетуге келісе отырып, бұрынғы президент Барак Обама әкімшілігімен салыстырғанда өзінің осалдығын байқатып алуы ғажап емес. Айта кетсек, Обама мен оның еуропалық одақтастары Теһранды экономикалық тәсілдермен жазалай отырып, 2015 жылы Ислам Республикасымен ядролық қару бағдарламасын шектеу туралы келісімге қол қойғаны мәлім. 

Мемлекеттік департамент бұл мәселеге байланысты әлі түсініктеме берген жоқ.  Алайда, Трамп әкімшілігі  бұрынғы талабынан бас тарту жолдарын қарастырып жатқанын растады. АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучиннің мәлімдеуінше, әлем елдері Ираннан мұнай импортын ең алдымен 20 пайыздан астам кемітуі қажет. 

Болжау қиын
АҚШ мамырдың 8-де Иранмен арадағы ядролық келісімнен шыққаннан бері Құрама Штаттардың қаржы министрлігі мен Мемлекеттік департаментінің өкілдері дүниежүзінің 20-дан астам мемлекетіне сапар шегіп, талай компанияға Теһранмен бизнес жасаудың қауіптілігін ескертті.

АҚШ-тың одақтастары – Жапония мен Оңтүстік Корея Ислам Республикасынан көмірсутегін сатып алуды доғарды. Ал, өзге импортерлерге қатысты жағдай айқын емес.

Осы айдың ортасында Мемлекеттік департаменттің Иран бойынша арнайы өкілі Брайан Хук пен энергетика жөніндегі лауазымды дипломаты Франк Фэннон Үндістан үкіметінің өкілдерімен кездескен. Сол келіссөздер барысында ресми Дели келесі жылдың наурызына дейін Иран мұнайын импорттауды нөл пайызға дейін түсіре алмайтынын айтты.

"Өзге елдің шикізаты қымбатқа түсіп отырғанда, Ираннан мұнай сатып алуды доғара алмаймыз", – дейді Үндістан басшылығы.

Әдетте Үндістан Ираннан тәулігіне 500 мың баррель мұнай сатып алады. Дегенмен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Дели сол импорттың деңгейін кейінгі айларда біршама қысқартқан.

Түркия – Иран мұнайын импорттайтын төртінші ірі мемлекет. Президент Реджеп Тайып Ердоған мен оның министрлері Трампты Теһранға жаңа санкция жариялағаны үшін талай рет сынады. Соған қарамастан, кейбір мәліметтерге қарағанда, Анкара Ислам Республикасынан мұнай сатып алуды 50 пайызға төмендетіп отыр. Өзге бір болжамдарға жүгінсек, түрік үкіметі Иран шикізатын алуды тоқтатпауы да мүмкін.

Қытай – Иран үшін ең үлкен импортер. Кейінгі бірнеше айда Бейжің Теһраннан тәулігіне 500 000 – 800 000 баррель көмірсутегін сатып алып келді.  Алайда, "Рейтер" өткен аптада хабарлағандай, Sinopec Group және CNPC  компаниялары АҚШ санкцияларынан  қауіптеніп, қараша айы үшін Иран мұнайына тапсырыс бермеген.

Вашингтондық сарапшы Джо МакМониглдің ойынша, Америка Қытайдың тұтынушылық деңгейін ескере отырып, оған Ираннан белгілі бір деңгейде мұнай импорттауға рұқсат беруі ықтимал. "Барлық елдердің ішінде Қытай "нөлге" дейін барады деп ойламаймын", – дейді МакМонигл.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу