Заңдағы өзгерістердің бизнеске еш пайдасы жоқ

14882

Тексеру санының ресми түрде қысқаруы қазақ бизнесінің жұмыс істеу жағдайын еш жеңілдетпеді. 

Заңдағы өзгерістердің бизнеске еш пайдасы жоқ

Кәсіпкерлерді бұрынғыша түрлі талапты сақтауға тексеріп, қанау әлі де жалғасып келеді. Бүгінгі күні елде бақылау-қадағалау құзыры бар 61 мекеме бар. Олар әр түрлі сала бойынша 512 бақылау қызметін атқарады. Басқаша айтқанда, 61 құрылым кәсіпкерді заңды және тұрақты түрде тексере алады, яғни олар қазір тексеріп те жатыр.

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы басқарамасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов сенат депутаттарымен кездесу барысында тәуекелді басқару жүйесіне көшкеннен бері елдегі тексерудің жалпы саны 45%-ға қысқарғанын айтты. "Сонымен қатар жоспардан тыс тексеру өте жоғары деңгейде. Қаржы министрлігімен бірлесіп бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Себебі, әрбір жоспардан тыс үш тексерістің бірі – салықтық тексеріс", – деді ол.

Бизнес әр түрлі талап бойынша тексеріледі. Елде шамамен 28 мың талап бар, оның ішінде өзінің маңыздылығын осыдан 20 жыл бұрын жоғалтқан талаптар да жоқ емес.

"Бүгінгі күні аса маңызды және көкейкесті мәселе деп санитарлық-эпидемиялық қызмет тексерісін айтуға болады, – деді Рустам Жүрсінов. – Қазіргі уақытта сараптамалық топ осы санитарлық-эпидемиялық қызметтің 17 тексеру парағына сараптама жасады. Оның барысында 4562 талап бар екені анықталды. Тіпті, кейбір талап атам заманнан келе жатқаны белгілі болды. Мысалы, "жұмыртқаны тек темір пышақпен ғана жару керек", "балабақшаның қоймалары ғимараттың оңтүстік-шығысында орналасуы керек", "жарық түсіру құралдары темір тормен қапталуы керек" деген талаптар бар".

КҰП-тың есептеуі бойынша, бүгінгі күні қолданылып отырған талаптардың шамамен 82%-ы өзінің маңызын баяғыда-ақ жоғалтқан. Қазір Ұлттық палата ұсыныстар пакетін дайындап жатыр. Оны осы қараша айында үкіметке ұсынбақ.

Осымен бірге бизнеске айқын мемлекеттік, оның ішінде фискальды саясат қажет.

"Салық заңы қазіргі экономикалық жағдайды көрсетіп отыр. Бізге, кәсіпкер үшін қандай да бір нақты сүйенетін құжаттың болғаны маңызды. Сол себепті ұлттық министрлік алдында мемлекеттік жоспарлау жүйесінде фискальды саясаттың негізгі бағыттарын жеке бір құжатта көрсету мәселесін бірнеше қайта көтеріп отырмыз.

Ол өзге елдердегі сияқты орташа мерзімді кезеңге жасалуы керек. Бізде ол жоқ емес, бар. Бірақ ол бюджет саясатындағы төрт азат жолда ғана көрсетілген. Бізге алдағы бес жылдағы салықтық әлеуетіміздің салықтық жүктемесі коэффициентін, сұлбасын түсіну қажет. Осының шеңберінде бюджет және салықтық өзгертулер қабылдануы керек. Біз үшін бұл өте маңызды", – деді Рустам Жүрсінов.  

Парламент депутаттары да заңның тұрақсыздығын сөз етті. Кездесуге дайындалған анықтама материалдарына қарасақ, қолданыста болған жеті жыл ішінде Салық кодексіне 2314 түзету енгізіліпті. Яғни, бұл жыл сайын 300 түзету енгізілген деген сөз. Қабылданғанына екі жыл ғана болған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің өзіне 369 түзету енгізіліп үлгерген.

Сонымен бірге "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексте құқық бұзушылықтың 608 құрамы бар. Оның 400-ден астамы кәсіпкерге қатысты қолданылады. Осы 400-дің ішіндегі бар-жоғы 14 бапта ғана "ескерту жазасын" қолдану қарастырылыпты.

Он жыл ішінде экологиялық кодекске 523 түзету енгізілген. Осылайша барлық негізгі заңға өзгеріс енгізілген. Заңдардың бұлайша жиі өзгеруі барысында бизнесті дамытудың талаптары мен инвестициялық тартымдылығы туралы сөз қозғаудың қажеті де жоқ.

Статистика комитетінің биылғы 1 қарашадағы мәліметіне сүйенсек, елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 6%-ға азайған. Жамбыл облысындағы шағын бизнес субъектісі 23%-ға, Солтүстік және Батыс Қазақстанда 14,8%-ға қысқарған. Тек Астанада ғана ШОБ субъектісі 3,7%-ға өскен. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, елдің ЖІӨ-де шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 24,9%-ды құрады.  

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу