Бір қарағанда, кей проблемасы "созылмалы дерт" сипатына көшкен денсаулық сақтау саласынан арылған соң, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мойнындағы міндеттер жеңілдеп сала бергендей көрінер. Бірақ, шынында, ел үкіметіндегі жалғыз әйел министр Тамара Қасымқызының нәзік иығына Толағай да көтере алмас алапат жүк артылған.
Есіңізде болса, ертегі тыңдап өссеңіз, Толағайдың жер жаннатындай жерұйықтың үлкен бөлігін ғана "үзіп" алып, өз жұртына бет алғаны мәлім. Ал Тамара Дүйсеноваға қазіргі дағдарысқа байланысты мәселелері ушыға түскен әлеуметтік секторды айтпағанның өзінде, еңбек саласында бүкіл Қазақстанға жауап беретінін ескерген жөн.
Ал халықаралық сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде бүкіл әлемде билікке ұмтылғандар дәл осы еңбек тақырыбын өз орайына пайдаланатынын айтады.
"Дональд Трамптың жеңіске жетуіне негізінен оның "америкалықтардан табысы жоғары жұмыс орындарын тартып алған" жатжұрттық инженерлер мен программистерге жұмыс визасын беруге қарсы шығуы, арзан жұмыс күшімен қамтитын Мексикамен арадағы шекарада үлкен дуал тұрғызуға уәде етуі ықпал еткені сөзсіз. Бұл ретте Трамптың Қытайға сілтеген сөз-сойылы да шын мәнінде, жұмыс орындарына қатысты проблеманы қаузайды: өз өндіріс орындарын Қытайға көшірген америкалық компаниялар қытайлықтардың арзан еңбегін пайдаланып, өз өнімдерінің өзіндік құнын арзандатады немесе бұрын АҚШ-тың өзінде жасалған тауарларды Қытайдан импорттайды. Трамп америкалық өндірістердің барлығын Құрама Штаттарға қайтаруға уәде етті. Бұл Обама билігінің аз еңбекақыға келісе салатын мигранттарға қатысты жұмсақтығына, неолибералды саясатына наразы халықтың көңілінен шықты" деп талдады белгілі америкалық журналист, сарапшы, "The Populist Explosion: How the Great Recession Transformed American and European Politics" кітабының авторы Джон Джудис (John Judis).
Ол Еуропада популистер дауыс берушілерді өз жағына тарту үшін еңбек қақтығыстарын пайдалануға тырысатынын айтады. Франция, Нидерланды, Аустрия, Бельгия, Скандинавия елдерінде билікке ұмтылған солшыл партиялар бұқаралық қолдауға ұмтылу жолында протекционизм саясатын күшейтуді ұсынып, шетелдік өндірушілермен және шетелдік арзанқол жұмыс күшімен күресуге шақырады.
Бұл жерде, әсіресе, соғыс ошағына айналған бірқатар мұсылман мемлекетінен келетін босқындарды "жексұрын" етіп көрсетуге тырысатын популистер сол мигранттардың үлес қосуының арқасында мысалы, биыл Германия экономикасы жаңа серпінге ие болғанын назарға алғысы келмейді.
Германия – былтыр Сирия және басқа да елдерден ең көп босқын қабылдаған ел. Нәтижесінде еуропопулистер болжағандай, бұл мемлекеттің берекесі кетіп, ішкі тұрақтылығы шайқалып, экономикасы құлдырауға тиіс еді. Бірақ жақында ГФР Федералды статистикалық басқармасының (Destatis) хабарлауынша, 2016 жылы Германия ЖІӨ-сінің өсуі жеделдеп, соңғы бес жылдағы ең жоғарғы межеге жеткен. Оның үстіне бұл өсім биыл да қарқын алып келеді.
Енді қараңыз: Destatis мұның басты себебі – "тұтынушылық шығыстардың артуы және босқындарды орналастыруға мемлекет жұмсаған шығын" болған. Яғни ГФР соғыс пен ауыр тұрмыстан қашқан босқындарды орналастыру үшін инфрақұрылым түзу және оларды экономика "ғимаратына" кірпіш болып қалануына жағдай жасау арқылы өсудің жаңа көздерін ашқан. Осының арқасында бүкіл Еуроодақты жайлаған "сыртқы сауданың төмендеуі" де бұл елдің экономикасын құлдырата алмапты. Дамыған ел саналатын Германия ЖІӨ-сінің өткен жылғы өсімі сол дамыған елдер қатарына ұмтылушы Қазақстаннан (бізде былтыр 1% болды) да асып түсіп, 1,9%-ға жетті. Бұған дейінгі жылдарда, мысалы 2013 жылы бар-жоғы 0,3% болған.
Тағы бір жайт: көптеген мемлекет бюджет тапшылығын бастан кешіп жатса, Германияның кірісі былтыр шығынынан асып түсті: бюджет профициті ЖІӨ-сінің 0,6%-ын құраған.
Әрине Қазақстанның жұмыс күшіне қатысты проблемасы сәл басқаша. Мамандардың айтуынша, елімізде шетелдік компаниялардағы шетелдік экспаттар негізінен арзанқол жұмыс күші саналмайды, керісінше, ең көп жалақы алатын лауазымдарды солар иеленеді. Халықтың көңілтолмастығы да негізінен осыған қатысты. Мәселен қазақ жерінің қойнауындағы қазынасын көсіп алып жатқан жатжұрттық компания бұрындары қазақ инженеріне 300-ден 700 мың теңгеге дейін, ал дәл сол қызметтегі шетелден келген маманға екі, тіпті үш есе артық еңбекақы төлейтін. Бұл қазақтың білікті кадрларының көрші елдерге, негізінен Ресейге кетуіне де әсер еткен.
Сондықтан мемлекет еңбекақыдағы бұл теңсіздікпен ұзақ жыл күрес жүргізді, біршама нәтижесі де болды: кей кәсіпорындағы келімсектің орнын өз азаматтарымыз алмастырды, енді бірқатарында еңбекақыдағы ара-жік анағұрлым азайтылды.
Дегенмен ДСҰ-ға кіруімізбен және инвестиция тарту мақсатында, саясаттың либерализациялануымен бірге жағдай біраз өзгеруі мүмкін.
21 ақпан күні өткен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында осы ведомствоның Қазақстанның жаңа көші-қон саясаты тұжырымдамасы жобасын дайындағаны жария етілді.
Министр Тамара Дүйсенова 2017 жылдың басынан бері елімізде "шетелдіктерді жұмысқа тартудың жаңа тәсілдері" күшіне енгенін мәлім етті. Ол бойынша енді "әр шақырылған маман үшін жұмыс беруші алым төлейді, ол алым мөлшері салалар мен жұмысшының біліктілік деңгейіне қарай есептеледі". Яғни жоғары білікті экспатты жұмысқа алса, мемлекетке көбірек алым төлеуіне тура келеді. Бұл жұмыс берушіні отандық басқарушы мен білікті маманға көбірек жүгінуге ынталандыруы тиіс.
Республика ДСҰ мүшесі ретінде шетелдік жұмыс күшінің қозғалысына көп шектеу қоя алмайды. Тамара Қасымқызы бүгінде шетелдік білікті кадрлар Қазақстанға өз бетінше келе алатынын және оларға экономиканың басым салаларында сұранысқа ие кәсіптер тізіміндегі мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуына да жол ашық екенін хабарлады.
"Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер шетелдік мамандарға рұқсат беру кезінде, сондай-ақ оларға жұмыс орнын ұсыну және еңбекақысын тағайындау кезінде ұлттық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті! Бізге, бірінші кезекте, шетелден білікті кадр тартуға бағытталған теңгерімді көші-қон саясаты қажет. Осы орайда біз көші-қон саясаты тұжырымдамасы жобасын дайындадық. Ол көші-қон үдерістерімен байланысты қауіп-қатер аясында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, өз азаматтарымызды және сырттан келетін мигранттарды ел аумағында ұтымды орналастыруды, экономиканың қажетті жұмыс күшіне деген сұранысын қамтамасыз етуді қарастырады", – дейді Тамара Дүйсенова.
Рас, бұл құжат әлі үкімет бекітпеген жоба деңгейінде болғандықтан, министрлік бұл тұжырымдаманың егжей-тегжейін ашып жатпады.
Дағдарыс циклы ұзаған сайын шетелдік компаниялар да өз шығынын оңтайландыру және өнімнің өзіндік құнын арзандата түсу мақсатында жұмыс орындарын қысқарта беретіні сөзсіз.
Соның бір мысалы Ақтөбе облысы әкімдігі мен өңірдегі қытайлық "Ұлы қорған" кәсіпорны арасындағы кикілжіңді келтіруге болады. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жергілікті мамандар мүддесін аяқасты етіп отырған қытай компаниясын жауып тастауға да дайын екенін анық аңғартты. Әкімнің бұлай ашынуына қытайлық мұнай компаниясының 2016 жылы 499 адамды қысқартуы, қалған жұмысшылардың жалақысын және әлеуметтік төлемін азайтуы себеп болыпты.
"Барлық компания әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, ал сендер орындамай отырсыңдар! Ендеше компанияны жауып тастау керек. Бізге проблема туғызатын компанияның қажеті жоқ. "Ұлы қорғанның" проблемаларымен айналысудан басқа біздің жұмысымыз жоқ па?! Қалған 900 қызметкерді жұмысқа тұрғызудың жолын табамыз, бұл проблема емес, ал компанияны заңды негізде жапқызамыз!", – деген әкім Бердібек Сапарбаевтың зіл сөздерін ақпарат құралдары таратты.
"Ұлы қорған" бас директоры Чжан Цзюнь жұмысшылардың жалақысы компанияның барлық шығынының 28 пайызы екенін және күрделі жағдайға байланысты басқа шығындар ішінде дәл осы бөлікті оңтайландыруға шешім қабылданғанын жеткізді. Бұған жауап ретінде Бердібек Сапарбаев қазақ мамандарды 60 пайызға қысқартып, қытайлықтарға тиіспегенін алға тартты. Сондай-ақ 3-ші және 4-санаттағы жұмысшы мамандықтарына қытайлықтарды жұмысқа алмауды тапсырды. Аймақ басшысына Қытайдан келген инвесторлардың осы жылдарда экспаттарды ауыстырар қазақ басшыларын тәрбиелемегені де ұнамапты. Мұндай күрделі мәселе әр өңірде бар және оны әкімдер үкімет мүшелерімен әріптестікте шешуге тырысады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздар қатарын толтыратындарды бизнеске тартып, өз кәсібін ашуға көмектесуге тырысып отыр. Осы мақсатта жақында үкімет арнайы бағдарлама қабылдады.
Министр Тамара Дүйсенова өткен жылы жұмыс берушілер ұсынған 26 мыңнан астам бос жұмыс орны сол күйі жабылмай қалғанын еске салды. Бұл орындарға білімі тек мектеп деңгейінде болғандықтан, экономикалық белсенді санаттағы жас азаматтардың 26 пайызы қол жеткізе алмаған. Ал жоғары және орта арнайы оқу орындары түлектерінің басым бөлігінің мамандығына еңбек нарығында сұраныс байқалмаған немесе біліктіліктері жұмыс берушілердің талабына сай келмеген.
"Бұл түйткілді күрделендірмей, отандық еңбек ресурстарының біліктілігін көтеру үшін елбасының тапсырмасы аясында жаңа "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы" қабылданды. Басты мақсат – отандастарымызды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіпке немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру. Осыған байланысты біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, бастапқы сәтте құрылатын жұмыс орындарының санын анықтау қажет. Бұл жұмыс басталып кетті және алдын-ала есепте, мемлекеттік, салалық және өңірлік даму бағдарламаларын жүзеге асыру аясында құрылатын жұмыс орындары 154 мыңға жуықтайды", – дейді Тамара Дүйсенова.
Ол азаматтардың колледждерде бірінші техникалық және кәсіптік мамандығын бюджет есебінен тегін игере алатынын еске салды. Ал егер ондай бірінші мамандығы бар болса, келесі кәсіпті игеру үшін қысқамерзімді курстарды бітіре алады.
"Осы орайда мемлекет, оқуға кететін шығынды толық жауып, шәкіртақы төлейді. Жол мен баспана қаражаты да өтеліп, техникалық және кәсіптік білім беру нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі", – дейді министр ханым.
Қысқамерзімді курстардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен тізе қоса отырып, төмендегідей арнайы жобаларды атқармақ:
Біріншіден, үйден шағын балабақша ашуға мүмкіндік бере отырып, зейнеталды жастағы әйелдерді өнімді еңбекпен қамту мақсатында, мектепке дейінгі жастағы балаларға тәрбиеші мен кәсіби бала бағушы дайындалады.
Екіншіден, арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж тұлғаға қызмет көрсету үшін әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші даярлауға және бұл азаматтар санатына сыйымдылығы шағын үйлер ашуға жағдай жасалмақ.
Үшіншіден, "Атамекен" палатасы іске асырып жатқан "Бастау-Бизнес" жобасы аясында Қазақстан азаматтары кәсіпкерлік негіздеріне үйретіледі.
Бұдан бөлек, еңбек нарығына қажет немесе жұмыс берушілер сұраныс білдірген кәсіпке оқыту, жаппай компьютерлік сауаттылыққа оқыту қолға алынды.
Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматқа сабақтар қолжетімді болуы үшін мобильді оқу орталығы ұйымдастырылмақ: ол Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында арнайы дәрісханалары бар жылжымалы кешен түрінде; шалғай ауылдық жерлерде сыйымдылығы аз мектепте; жұмыс берушілер мүмкіндігін пайдаланған сипатта болады.
"Сабақ аяқталған соң, бағдарламаға әрбір қатысушының білімі мен шеберлігі, меңгерген дағдысы тәуелсіз бағалаудан өтіп, соның нәтижесінде сертификат табыс етіледі. Сертификат алғандар өздігімен жұмысқа орналаса алады немесе бос жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне жіберіледі. Сондай-ақ несие алып, дербес кәсібін ашуға мүмкіндік туады", – дейді Тамара Дүйсенова.
Бағдарламаға қатысушыға несие – қалада "Даму" қоры арқылы, ауылда және шағын қалада Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілмек. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке (18 млн теңгеге дейін) жетеді, ал қайтару мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауыл шаруашылығы кооперативіне – 7 жылға дейін). Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Сонымен бірге Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетін несиені кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерге 85% және кәсібі жүріп тұрған бизнес иесіне 50% маңайында. Биыл "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын" жүзеге асыруға 85,3 млрд теңге бюджет қаржысы қарастырылған.
Қалай болғанда, еңбек саласындағы мәселелер өте салмақты екені, оны жасырып, жауырды жаба тоқуға болмайтыны құпия емес. Шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасында 90-жылдардан бері бірталай қақтығыс болып, олар ақпарат құралдарында кең жарияланды. Осы орайда президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институты 2008 жылы арнайы зерттеуге тапсырыс берген болатын, ол "Әлеуметтік-саяси қақтығыстардың алдын алу Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің факторы" деп аталды.
Құжатта еңбек қақтығыстары тумауы үшін бірнеше шаралар кешені ұсынылады және арада 8 жылдай уақыт өткенімен, олар әлі күнге өзекті. Дәлірек айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саясат ғылымдарының докторы Ляйля Иватова пен кафедра доценті Гүлнәр Нәсімова "бірінші кезектегі міндеттер" есебінде, азаматтық қоғам дамуындағы кәсіподақтар рөлін арттыруды, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғайтын заңнамалық базаны жетілдіруді, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуді, кадрды кәсіптік-техникалық даярлау жүйесін жақсартуды ұсынады.
Құжатта кәсіпкерлік институты қоғамда "тұрақтандырушы және дамушы рөл" атқаратыны баса айтылған. "Тұрақтандырушы – себебі, бизнеске әрқашан әлеуметтік және саяси тұрақтылық керек. Дамушы – себебі, кәсіпкер өз табысын арттыру мақсатында жаңа технологияға қаржы салады, өндіріс көлемін және сапасын арттырады. Басқаша айтқанда, жеке мүддесін ілгерілете отырып, кәсіпкер сайып келгенде, елдің технологиялық және әлеуметтік өркендеуіне жәрдемдеседі. Қазір қазақ кәсіпкерлері қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін азаматтық қоғам тетіктерін пайдалану мүмкіндігін және қоғаммен мүдделері ортақтығын түсіну бағытында алғашқы қадамын жасап отыр деп байлам түюге болады", – дей келе, жоба авторлары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру қажет екенін білдіреді.
Сонымен қатар сарапшылардың айтуынша, жұмысшылар да ереуіл жасағанда, шетелдік әріптестерімен бос қақтығысқа, төбелеске бармай, "өз талаптарын нақты тұжырымдап, айта білуді", өз мүдделерін қорғау тәсілдерін үйренуі қажет. Бұл – кәсіподақтар жүргізуге тиіс жұмыс. Бұл ұйымдар оқыту шараларын қолға алғаны жөн.
Жақында Қазақстанның кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов бастаған кәсіподақшылар орталық коммуникациялар қызметінде ақпарат құралдарына арнап баспасөз конференциясын өткізді және бұл іс-шара "Хабар 24" арнасы арқылы тікелей эфирде бүкіл республикаға тарады. Алайда бұл жиында олар еңбек қақтығысына жол бермеу және алдын алу бағытында қандай шаралар қажеттігі туралы да, сондай-ақ осы жолда не жасап жатқаны жайында да ләм-мим деп жақ ашпады.
Сондықтан қазіргі уақытта еңбек дауларын шешуде пәрменді әрі тегеурінді жұмыс жүргізуші жалғыз субъект – мемлекет болып қалады. Демек ықтимал әлеуметтік-саяси қақтығыстың алдын алудағы мемлекеттің рөлін күшейту – қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға оң ықпал етпек. Сонымен бірге бұл қатаң тетік тек қысқамерзімді тиімділік-нәтиже үшін жақсы. Демек "Мәңгілік елдің" ұстыны – ұзақмерзімді тұрақтылықты орнықтыру үшін бәрібір азаматтық қоғам институттарын нығайту қажет болады.
Бақыт Көмекбайұлы