Жалғыз баспананы банкке кепілге қоюға тыйым салынуы мүмкін

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4425

Қазақстандықтарға жалғыз баспанасын кепілге қойып, банктен не микрокредиттік ұйымнан несие алуға тыйым салынуы керек. 

Жалғыз баспананы банкке кепілге қоюға тыйым салынуы мүмкін

Бүгін мәжіліс депутаттары осындай ұсыныспен шықты. Осы күні парламенттің төменгі палатасында елбасының конституциялық реформасы аясында әзірленген кезекті заңнамалық түзетулер топтамасының тұсауы кесілді. Осы реформа аясында Ата заңда жеке меншікті қорғау кепілдіктері күшейтіліп, ол меншікке ешкімнің  қол сұқпайтыны жазылғаны мәлім.

"Бізде Конституцияда әр азаматтың баспанаға құқылы екендігі жазылған. Алайда соттар банктер және басқалар алдындағы қарызы үшін борыштары үшін қазақстандықтардың баспанасын да тартып алады. Өз тұрғын үйлерін ашық жарнамалаған құрылыс компанияларына сенген үлескерлер сол баспаналарына жылдар бойы қол жеткізе алмай, зар илеп жүреді. Мемлекет, оның құқық қорғау жүйесі қазақстандықтардың баспанаға деген конституциялық құқығын қашан қорғайды? Осыны мына заңдарда қарастыруға болмас па?" – деді сөз алған мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

Әділет министрі Марат Бекетаев үлескерлерге қатысты қиыншылықтарды "күрделі проблема" деп атады. Өйткені үлескерлердің құқығын пәрменмен қорғайтын және салушыларды олардың сатып алған баспанасын іске қосуын кепілдендіретін жаңа заң өткен жылдың соңында күшіне енді. Алайда тіпті ірі құрылыс компанияларының өзі бұл заңды айналып өтіп, жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерін цессиялық келісіммен сатып жатыр. Осының салдарынан үлескерлер "инвестор" ретінде ғана қабылданып, тәуекелдермен бетпе-бет келеді және үлескерлік заңнамамен қорғалмайды.

Министр азаматтарға тек жаңа үлескерлік заң аясында баспана иеленуге ұмтылу қажеттігін айтты. Әйтпесе заңды бұза отырып сатып алушылар қаржысын тартқан құрылыс компаниялар банкротқа ұшырауда, ал баспана иелері сол баспанасына қол жеткізе алмай, сандалады.

"Үкімет өз тарапынан әрекеттер жасауда. Астана мен Алматыда әкімдіктер өз мойындарына жауапкершілік алып, ондай объектілерді салушылардан алып қояды, жаңа инвесторға салғызады да, коммерциялық алаңдарды, немесе қосымша қосылған қабаттардағы пәтерлерді сату есебінен үлескерлерді де баспанамен қамтиды. Ал банктердің ондай баспананы алып қоюына қатысты билікті сот өкілдері өздері айтсын" деді Марат Бекетаев.

Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша сот коллегиясының судьясы Ақылтай Қасымов та бұл мәселенің "аса өзекті, өмірлік маңызды" екенін қадап айтты.

"Мен сот органдарының ұстанымын білдіре кеткім келеді. Біз сот шешімін шығарғанда, жалғыз баспанасын тартып алсын дегенді жазбаймыз. Сондай-ақ сот үкімін орындауға қатысты заңда да сатуға, алып қоюға, тәркілеуге жатпайтын мүліктер тізбесі қарастырылған. Оның қатарына жалғыз баспана да кіреді. Егер бірнеше түрлі баспанасы болса, онда солардан алып қойылады. Жоғарғы сот жалғыз баспана ғана емес, меншіктің барлық түрі бойынша азаматтар құқығын күшейту үшін қолданыстағы заңнамаларға мониторинг жүргізіп отырады. Біз мониторинг барысында бірқатар заңдарды анықтадық, меншік құқығын күшейту үшін оларға өзгерістер енгізу керек болады", – деді судья.       

Ақылтай Қасымов қазіргі уақытта банктер және басқа да кредиторлар алдындағы қарызы үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі" азаматтардың жинағын алып қоюға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлім етті. Егер шынымен де бұл тәжірибеге енсе, онда параларын тәркілеуден сақтау үшін жемқорлар, немесе банктен, микронесие ұйымдарынан қарыз алып, оны қайтарғысы келмейтіндер де ТҚЖБ-ға ағылып, қаптатып, есепшот аша бастауы ғажап емес.

Әрине, кепілге қойылған жалғыз баспананы банктің не кредитордың алып қоюына тыйым салу кейбір қара ниетті адамдар ойларында масылдық, тіпті алаяқтық тәсілдер тудыруы ықтимал: олар өз аттарында жалғыз баспана қалдырып, оны кепілге қойып, қарызды қайтаруды да ұмытуы мүмкін ғой? Осыны ескерткен мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко басқа бір бастамамен шықты.

"Жалғыз баспанасын банкте кепілге қойып, қарыз алғанда, азамат соған өз ықтиярын білдіреді және өз шешімі үшін жауапкершілік арқалайды. Демек кейін сол баспанасынан айырылып қалатындай жағдай туындағанда, мемлекетке жүгінбеуі керек. Олай болса, заң жүзінде қазақстандықтарға жалғыз баспанасын кредит үшін кепілге қоюға тыйым салып тастауымыз керек шығар?" – деді вице-спикер.   

"Владимир Карпович, сіз банк пен клиенттері арасындағы қатынастардың ми-батпағындағы ең күрделі мәселені көтердіңіз. Қазіргі кезде осындай проблема бар. Бүгінде азаматтардың көпшілігі кредит алады, соның ішінде жалғыз баспанасын да тәуекелге тігеді. Осыған орай біз де банктердің жалғыз баспананы кепілге алуына жол бермеу керек шығар деген мәселені қарастырудамыз. Әзірге ұстаным мынадай: банк пен клиент – екі тарап өз еріктерімен келісімге отырады да, азамат өз мойнына алған міндеттемелері үшін мүлкімен, соның ішінде баспанасымен де жауап беруге жауапкершілік алады. Бірақ сонымен бірге оның құқықтары да қорғалуы қажет. Бұл мәселе болашақта реттеледі деген ойдамыз" – деді судья Ақылтай Қасымов.

Демек, бұл мәселеге парламент алда әлі оралатынға ұқсайды.

Бүгін қаралған жаңа конституциялық заң жобасына келсек, әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы 8 қолданыстағы конституциялық заңдарға өзгерістер енгізеді, бұлар – "Сайлау туралы", "Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы", "Республикалық референдум туралы", "Үкімет туралы", "Президент туралы", "Конституциялық Кеңес туралы", "Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы", "Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы".

"Біріншіден, "Президент туралы" конституциялық заңында президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтіріледі. Атап айтқанда, президент парламент мәжілісімен консультациялардан кейін премьер-министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды. Сонымен қатар, парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен (57-бап 6-тармақша) Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады", – деді министр.

"Президент туралы" Конституциялық заңнан  заң күші бар жарлықтарды шығару, заң жобасын шұғыл деп жариялау, үкiметке заң жобасын мәжiлiске енгiзудi тапсыру,  үкімет актілерінің күшін жою секілді президенттің заң шығару функциялары алып тасталады.        

Екіншіден, "Тұңғыш Президент - Елбасы туралы" конституциялық заңында Қазақстанның тұңғыш президентінің "Елбасы" ретіндегі атауы мен мәртебесіне қатысты түзетулер енгізіледі.

Үшіншіден, "Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы" конституциялық заң жаңа 22-1 бабымен толықтырылады. Ол үкімет мүшелері кандидатураларын мәжіліспен келісу тәртібін анықтайды.

Консультациялар мәжілістің тиісті тұрақты комитеттерінде өтетін болады. Тиісті кандидатураларды премьер-министр, немесе ол өкілеттік берген лауазымды тұлға ұсынады.

Әрбір талқыланатын кандидатура жөнінде мәжілістің тиісті комитеті қорытынды шығаратын болады.

Төртіншіден, "Үкімет туралы" конституциялық заңында, конституциялық түзетулерге сәйкес, үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды жою бойынша өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар, үкіметтің президент пен парламент арасындағы қарым-қатынасын реттейтін нормалар бекітіледі.

Айтқандай, енді әрбір министр қалаулылар жаққа құлағын түріп жүретін болады, тиісінше, егер мәжіліс жақтан әлдебір депутат "парламенттің өзін-өзі таратуы (самороспуск)" туралы сөз қозғаса, бүкіл үкіметтегілердің тізесі дірілдей бастайтын болса керек. Себебі, бұған дейін үкімет тек президент жаңа сайланғанда ғана толық отставкаға кететін. Енді мәжіліспен бірге үкімет те тарайтын болады. Демек, депутаттардың "өз бетімен тарау" деген сөзді еске алмауына премьер бастаған министрлер де мүдделі болмақ.

"Үкімет мәжілістің өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызмет етеді және жаңадан сайланған парламент мәжілісінің алдында өкілеттігін тоқтатады" деді әділет министрі.

Бесіншіден, "Сайлау туралы" конституциялық заңында сайлаушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түзетулер көзделген.

Енді шенеунік болып бес жыл жұмыс жасамаған қайраткерлер он жерден халықтық сүйіктісі болса да, президенттік додаға түсе алмайды.

"Президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптар енгізіледі. Олар:         мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы, міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау. Ол үшін медициналық куәландыру өтеді" деді Марат Бекетаев. Ол дәл осыған ұқсас талаптар өзге елдерде де барлығын алға тартты.

Алтыншыдан, "Конституциялық кеңес туралы" конституциялық заңға өзгеріске сәйкес президенттің адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өтінішті конституциялық кеңеске жолдау құқығы көзделген.

Өз кезегінде конституциялық кеңеске жүгінудің және кеңестің шешім қабылдауының салдары анықталады.

Жетіншіден, "Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" конституциялық заңға жоғарғы соттың сот практикасын түсіндіру функциясын жүзеге асыруды нақтылауға бағытталған түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар, судьялыққа кандидаттарға конкурстық талаптар белгіленеді. Оларды күшейту мақсатында аудандық сот судьясы кандидаттарының жасы қайта қаралады (25-тен 30-ға дейін). 

Сегізіншіден, "Республикалық референдум туралы" конституциялық заңға өзгертулер енгізіледі.

Референдумда Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, және  Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - елбасының мәртебесі мәселелері қарастырылмайды.

"Конституциялық заңның жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді" деді Марат Бекетаев.

Баяндамадан кейін министр депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Заң жобасының таныстырылымына мемлекеттік органдар мен парламенттік емес саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен саясаткерлер және сарапшылар қатысты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу