Жаңа басшының саясатымен Дүниежүзілік банктің әлемдік ықпалы азаюы мүмкін

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5340

Дэвид Малпасс Трамп саясатын толық қолдаушылардың бірі.

Жаңа басшының саясатымен Дүниежүзілік банктің әлемдік ықпалы азаюы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен айда Дүниежүзілік банк басшылығына Дэвид Малпассты ұсынған. Оның алдындағы банк басшысы Кристалина Георгиева 2022 жылға дейін сайланғанына қарамастан өз еркімен отставкаға кеткен  еді.

Осылайша жалғыз кандидат ретінде Малпас банктің атқару кеңесінің басым даусымен Дүниежүзілік банк тобының президенті болып сайланды.

АҚШ-тағы соңғы сайлауда Малпас Трамптың сайлауалды тобындағы аға экономист болып жұмыс істеген еді. Сол кезден-ақ қаржыгер Дүниежүзілік банктің саясатын сынай бастаған.

"Біздің мақсатымыз асыра кедейлікті жойып, жалпылай гүлденуіміз", деді жаңа басшы сайланған күні. Осының алдында ресми Ақ үй Малпастың сайланған жағдайында ол банкте реформатор ретінде жаңа белеске жетелейтінін мәлімдеген еді.

Дегенмен, кей зиялы қауым өкілдері Малпастың банкке басшылыққа барғанынан қауіптеніп отыр. Трамптың саясатын қолдайтын қаржыгердің Дүниежүзілік банктің әлемдік рөлін төмендетіп тастауы мүмкін деген қауіп бар.

Трамп әкімшілігі Малпастты Дүниежүзілік банкте "тәртіп" орнатып, АҚШ мүддесін бірінші орынға шығарады деп үміттенеді. Сарапшылардың пікірінше, Дүниежүзілік банк Вашингтон ықпалына одан сайын тәуелді бола түспек.

Айта кетейік, қазіргі таңда банк үлесінің 16%-ы АҚШ-қа тиесілі болса, екінші орында Жапония, одан кейін Қытай, артынша Гермения, Британия, Франция, Үндістан және Канада. Егер Малпасс Трамп әкімшілігі секілді жұмыс істейтін болса, Дүниежүзілік банк кей елдерді қаржыландыруды азайтып тастауы мүмкін.

"Америка – Дүниежүзілік банктің ең ірі доноры. Жылына 1 млрд доллардан артық қаражат бөледі. Менің әкімшілігімнің басты міндеті салық төлеушілердің ақшасы орынды және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, америкалық мүддені сақтау", деді Трамп. 

Жалпы, Трамп халықарылық қаржы ұйымдарының жұмысын көп сынайтыны белгілі. Кейбір сауда одақтарының тиімсіздігін айтып, климат өзгерісіне қаржы бөлудің артықтығын айтқан. Осы орайда Малпасс та Дүниежүзілік банктің кейбір әлеуметтік бастамаларына тоқтау салуы мүмкін екені анық.

Сонымен қатар, сарапшылар Дүниежүзілік банктің енді кедей елдерге қаржы бөлуді азайтуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Бұл тұрғыда енді АҚШ-тың орнын Қытай, Бразилия мен Үндістан басуы ықтимал.

Малпасс қазірден бастап Дүниежүзілік банктің міндеті орта табысты елдерді қаржыландыру мен климаттық өзгерістерге қарсы күрес емес, әлемдік экономикалық өсімді қамтамасыз ету екенін айтып отыр.

"Кедейлікпен күресу үшін банк өмір сүру стандарттарын арттырып, экономикаға әйелдерді көбірек тартып, дамушы елдерге көмекті күшейту керек", деді жаңа басшы.  Осы орайда ол дамушы елдердің ішінде жоғары табысты дамушы елдерді бірінші кезекке қойып отыр. Айта кетейік, Дүниежүзілік банктің бағалау жүйесінде ІЖӨ көлемі жан басына шаққанда 3 986 АҚШ доллары мен 12 055 АҚШ доллары аралығында елдер жоғары табысты дамушы елдер санатына кіреді. Қазақстан да осы санатта. Ал Украина мен Грузия орта табысты дамушы елдер қатарында. Малпасс енді бұл елдерді қаржыландыруды азайтуы мүмкін.

Малпасстың осы саясаты өз кезегінде Қытайдың ықпалын арттыруы ықтимал. Осыдан он жыл бұрынғы жасалған зерттеудің өзінде Қытай Даму банкі мен Қытай Импорт банкі дамушы елдердегі инфрақұрылымдық жобаларға Дүниежүзілік банкке қарағанда көбірек қаржы бөлінгені айтылған. Ал одан кейін Қытай мен Үндістан бас болып бірнеше Еуропа елдері қосылып Азия Инфрақұрылым және Индустрия банкі ашылғаны белгілі. Онсыз да жыл санап ықпалы артып келе жатқан бұл банк Дүниежүзілік банктегі мына өзгерістерден кейін одан сайын ықпалды бола түсетін түрі бар.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу