Жаңа үлгідегі ҰБТ үмітті ақтамады

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4331

Аbctv.kz түзету енгізілген мемлекеттік грант иегерлерінің тізімін ұсынады.

Жаңа үлгідегі ҰБТ үмітті ақтамады

БҒМ республикалық комиссия мүшелерінің шешімін қайта қарап, биылғы грант иегерлерінің тізіміне түзету енгізді. Тізімді мына сілтемеден қараңыз.

Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық.  

Биыл мектеп түлектерінің бабы мен бағы екі рет сыналды. Жаңа формат бойынша оқушылар қорытынды аттестация және ҰБТ тапсырды. Алғашқы сынақ жалпы мектеп түлектеріне, ал ҰБТ жоғары оқу орнына түсушілерге арналды.

Жалпыға ортақ қорытынды аттестация 5 пәнді қамтыды. Оның төртеуі міндетті, біреуі таңдау пәні болды. Түлектер жаңа форматты ҰБТ-ны да 5 пәннен тапсырды. Бұлардың үшеуі міндетті, екеуі таңдалған мамандыққа қатысты бейінді пән болды.

"Алтын белгі" иелері, ғылыми жобалардың, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-ны жалпыға ортақ тәртіппен тапсырады. Оларға ешқандай артықшылық берілмейтіні бірнеше рет айтылды. Алайда іс жүзінде бұлай болған жоқ. Бұл туралы сәл кейінірек жазамыз.

Айта кетейік, жаңа форматта өткен ұлттық бірыңғай тестілеуге 88595 түлек қатысты. ҰБТ-ны 67627 оқушы – қазақ, 20968 түлек орыс тілінде тапсырды. Тесттен соң апелляциялық комиссияға 199 шағым түсіп, оның 103-і қанағаттандырылды. Бір қызығы биыл бірде-бір түлек шекті 140 ұпайды еншілей алмады. Ал 14 мың түлек ҰБТ-дан құлап қалды.

Қызықтың көкесі 10 тамыз  ҰБТ-ның қорытындысы шыққаннан соң басталды.

Ата-аналар білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевқа ашық хат жазып, министрлікті бетке алды. Олар ҰБТ-дан аз балл алғандар мемлекеттік  грантқа ие болып жатқанда жоғары баллға қол жеткізгендердің тізімнен табылмағанына наразы болды. Министрліктің алдына жиналғандар Ерлан Сағадиевтің ата-аналар мен түлектердің алдына шығуын талап етті. Бірақ олардың талабы орындалған жоқ.

Айгүл Жұмабаева есімді талапкер көзінің жасын көл қылып тұрып: "72 балл алған оқушы экономика мамандығына грантқа түсіп, мен 131 баллмен түспей қалдым. Бұл қалай?" – деді сұраулы жүзбен.

"Бақсақ бақа екен" демекші, оның грантын  "Алтын белгі" иегері "қағып" кетіпті.  

Осыған дейін білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева: "Алтын белгі" тек қана мектепте беріледі. Ал мемлекетттік грант тиісті балл жинаған талапкерге ғана ұсынылады", – деген болатын. Алайда іс жүзінде БҒМ өкілдерінің сөзі мен ісі үйлеспеді. Олар "Алтын белгі" иегерлеріне грант берілмейтінін айтып жүріп, 26.07.2017 жылы  үкіметтің  №446 қаулысымен "Алтын белгі" иегерлерінің артықшылығын бекітіп алған. Сөйткен де "Алтын белгі" иегерлерінің алған ұпайларына қарамастан оңды-солды грант таратқан.

БҒМ-ның алдына жиналған ата-аналар тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұловты "ұстап алып", жоғары ұпайға ие болған талапкерлер неге мемлекеттік грантқа ілікпегенін сұрады. Грант үлестіру комиссиясының бел  ортасында жүрген лауазымды тұлға бұл сұраққа ләм-лим деп тіл қата алмады.  

"Алтын белгі"  иегерлеріне берілетін  жеңілдікті алып тастайтын заң дер кезінде қабылданбаған екен. Соның салдарынан осындай орашолақтыққа жол беріліпті. Бұл туралы ата-аналарға білім министрлігі заң департаментінің қызметкері Ғалымжан Жұмашов: "Біз  "Білім" туралы заң жобасын барлық мемлекеттік органдармен талқыладық. Ақпан, наурызда заң жобасын тиянақтап, сәуірде үкіметтің қаулысына сәйкес мәжіліске енгіздік. Заңды қыркүйекке дейін қабылдаймыз деп ойладық. Алайда қабылданбады, әлі күнге мәжілісте жатыр. Бар проблема осында" – деп жауап берді.

Осындай қойыртпақтың болып жатқанын біліп тұрып, білім және ғылым министрі "Алтын белгі" иегерлерінің артықшылығы алынып тасталмағанын жалпақ жұртқа жария етпеген. Неге екені министрдің өзіне ғана аян.

ҰБТ ұйымдастырылған сайын елімізде шу шығады. Биыл да айқайға сүрең қостық. Бұл қашанға дейін жалғасады екен?

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу