Келер жылы Павлодар облысында Қазақстанда теңдесі жоқ металл құрастырылымдарды ыстық мырышпен қаптау зауыты ашылса, 120-дан астам адам жаңа жұмыспен қамтылуы мүмкін. Ресейлік инвестор аталмыш кәсіпорынның құрылысына 3 млрд теңге көлемінде қаржы құюға дайын.
"Павлодар" еркін экономикалық аймағында алдағы жылдың маусым айында металқұрастырылымдарды ыстық мырышпен қаптау зауыты пайда болуы ғажап емес. Қазіргі күні "РОСС" ғылыми-өндіріс бірлестігі" жауапкершілігі шектеулі қоғамының өкілдері мен облыс басшылығы арасында аталмыш инвестициялық жобаны жүзеге асыру турасында келісімшарт бекіту алды келіссөз жүргізілуде.
"Kazakh Invest" ұлттық компаниясының аймақтық директоры Олжас Рыскелдінің айтуынша, аталмыш кәсіпорын халықаралық деңгейде он жылдан астам уақыт бойы өз өнімін нарыққа шығарып, жағымды бағаға ие болып келеді. Қазіргі күні өнімдері Ресей, Қазақстан, Беларус және тағы да басқа ТМД елдерінде кеңінен пайдаланылуда.
Тамыз айында "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының аймақтық өкілдігі, Павлодар қаласы әкімдігі және инвестиция тарту жөніндегі агенттік мамандары бірлесіп, жоғарыдағы инвестициялық жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Бұл үшін "PоссДоркомкз" ЖШС бірлескен кәсіпорнын тіркеп, орталық өнеркәсіп аумағы аймағында жол опырғыштарын шығаратын цехқа арналған ғимарат жалға алынды.
Қазіргі уақытта ыстық мырышпен қаптау зауыты құрылысын бастау мақсатында кәсіпорынды "Павлодар" еркін экономикалық аймақ құрамына тіркеу үшін құжат әзірленуде.
"РОСС" ғылыми-өндіріс бірлестігі" жауапкершілігі шектеулі қоғамы бас директорының орынбасары Надежда Ростоцкаяның айтуынша, жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде 3 млрд теңге қаржыны өз қалталарынан құйса, әрі қарай Ұлыбритания немесе Қазақстанның қаржы ұйымдарынан несие алу көзделуде. Себебі жоба көлемді болғандықтан оған жұмсалатын қаржы да қомақты болмақ.
"Негізінен біздің кәсіпорын Свердловск облысы, Екатеринбург қаласында орналасқан. Нарықта он жылдан астам уақыт жұмыс істейміз. Қазақстандық көптеген фирмалар өнімді бізден делдал арқылы сатып алады. Жол құрылысы, мұнай-газ, құрылыс саласына қажетті мырышпен қамталған металл құрастырылым шығаратын зауытты осында салуды жөн көрдік. Біз электр таратуға арналған мырышпен қапталған тіректер де шығарамыз. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында халықаралық деңгейде ыстық мырышпен қаптауды жүзеге асыратын кәсіпорын жоқтың қасы. Бізге биыл Астана қаласының ақылы жолдар басқармасының басшылығы қолда бар металл жол қоршауларының мырышталу деңгейі өте төмен екенін айтып шағымданды.
Бірінші соққыдан кейін мырыш қаптама жарылып ұшып кетеді екен. Ал біз өз өнімімізге елу жылдан астам уақыт кепілдік береміз. Сонымен қатар металды салқын икемдеумен де айналысамыз. Кәсіпорнымыз осыған арналған шағын станок шығарады. Тек қана электроника мен автоматиканы сатып аламыз. Өзіміздің жоғары кәсіби технологтар мен құрастырушыларымыз бар. Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт біздің зауыт қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Себебі қажетті құрал-жабдықтарымыз Германияда жасалған және тексеруден өткен, атмосфераға зиянды газ қалдығын шығармайды. Дегенмен экологияға қатысты да құжаттар дайындаудамыз", – дейді Надежда Ростоцкая.
Мырышпен қамталған металл құрастырылымдарын қолдану аясы да кең. Мәселен, өнеркәсіп және азаматтық құрылыс, энергетика саласы, көпір және электр тарату желілеріне арналған тіректер, құрылыс құрастырылымдары, жол қоршаулары, қауіпсіздік бөгеттері, қаңқалы ғимараттар, су құбырлары, металл сыйымдылықтары секілді таптырмас заттар.
Облыс басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, металл құрастырылымдарын мырышпен қаптау өңірлік емес, жалпықазақстандық бірегей жоба. Мәселен бүгінгі күні аймақ мұндай өнімді Қарағанды облысынан сатып алады. Іс барысында ұзын-сонар кезектің кесірінен көп уақыт зая кетеді.
Облыс әкімі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жауапты адамдарға зауытқа жер бөлу мәселесін ұзаққа созбай, бір айдың ішінде шешуді тапсырды.
"Мұндай бірегей ірі жобаны жүзеге асыруға бел буған инвестор да уақыт жоғалтпау керек. Коммуникациялық желілерді облыс бюджеті есебінен тарту заңдылығын қарастыру қажет", – деді облыс әкімі.
Шынымен өз аяғымен келген инвесторды кеудесінен итеруге болмайды, оған қолдан келгенше қолғабыс еткен абзал.
Қазіргі күні өндіріске қажетті шикізат мәселесі бар. Дегенмен аймақтағы металл өндіретін зауыттармен тиімді бағаға келісуге болады. Бұл мәселе де оң шешімін табуы қажет. Жалпы облыс әкімімі мен ресейлік кәсіпорын өкілдері алдағы он күн ішінде қажетті құжаттарды дайындап, бірегей жобаның толық құны мен басымдығын белгілеу үшін тағы бір мәрте кездесуге келісті. Егер екі тарап мәмілеге келсе, алдағы жылы металл құрастырылымдарын ыстық мырышпен қаптау зауыты іске қосылып, тамыз айында алғашқы өнімін шығарады. Ал 2019 жылы толық өндірістік қуатқа көшеді деген жоспар бар. Айта кетерлігі, инвесторлар қолға алған жұмыс өрге жүзсе күн батареяларын жасауға да ниетті. Олар бұған дейін мұндай өнімді атыраулық кәсіпорындардың біріне өнімділік кепілділігімен жасап берген екен.
Бек Темір