Жасанды интеллектке – 20 миллиард еуро

9929

Британия мен Францияның PhD дәрежелі мамандарына жалақыны алты есе артық төлеп, өздеріне тартып жатыр.

Жасанды интеллектке – 20 миллиард еуро

Технологиялық революция жетістік қана емес, қауіп те
Автоматтандыру дәуірінің басталып кеткені – өмір шындығы. Оның залалы ең алдымен кімдерге тиеді деген мәселеге Батыстың саяси элитасы аса қам жеп отырған жоқ.

Оксфордтың Мартин мектебі мамандарының болжамынша, автоматтандыру зауыт-фабрикалар мен кен орындарында және ауылшаруашылығында ғана емес,  жеке саудада да кең қолданысқа ене бастады. Сонымен қатар, тасымалдау, сақтау, логистика салаларының  80 пайызы да роботтандыруға бейім екені анықталып отыр.

Адам күшін технологиямен алмастыруға, әсіресе, сауда орындарында e-commerce жүйесі қолданылып отыр. Кейінгі жылдары Ұлыбританияда мұндай жүйені қабылдаған ритейлерлік компаниялар қала орталықтарынан кең орындарға көшуге кірісті. Өйткені, кең жерде машиналарға тауарды алу, қорапқа салу қолайлы. Ал, статистикаға жүгінсек, Ұлыбританияда көтерме және жеке саудада қызмет ететіндердің жалпы саны елдегі жұмысшылардың 15 пайызына жетіп қалған. Егер автоматтандыру процесі осылай жалғаса беретін болса, алдағы 15 жылда  Біріккен Корольдікте 10 миллиондай адамға жұмыссыздық қаупі төнуі мүмкін.

Бір кездері қымбат әрі экзотика саналған технология қазір қасымызда. Мысалы, Американың әйгілі интернет-дүкені Amazon өзінің тарату орталықтарында тауарды бір орыннан екінші орынға жылжыту үшін әлем бойынша 100 мыңдай "жылжытушы роботты" пайдаланып отыр. Ал, Британиядағы Ocado онлайн-супермаркеті заттарды клиенттерге жеткізу үшін жүргізушісіз көліктерді жұмысқа тартып, "автоматтандыру болашағын" көздейтінін мәлімдеп, алдағы он жылда штатының жартысын қысқартуы мүмкін екенін ескертті. Және де оның көптеген бәсекелестері де осындай бағытты ұстанып отыр.

Ең қорқыныштысы сол, роботтар жалақысы онсызда төмен, біліктілікті аса қажет етпейтін жұмысшылардың орнын басып, қоғамдағы теңсіздікті тіпті тереңдетеді деген қауіп бар. Британияның айтарлықтай бөлігінде ауыр өнеркәсіпте жұмысшылар саны азайып, есесіне жеке сауда парктері мен тауар тарату орталықтары көбейіп келеді. Мұндай жерлерде жұмыс істейтін адамдар болса, тура сондай ритейлерлік компаниялардың тауарын сатып алу үшін күні-түні қызмет етті. Автоматтандыру заманы оларды сол напақадан да айыруға жақын.

"Ал, саяси тарап бұл проблемаға мән беріп отырған жоқ. Консерваторлар әлі ұйқыда тәрізді", – деп жазады "Гардиан" газеті.

66 миллион адамның орнын машиналар басуы мүмкін
Роботтар – өндірісте. Қайта өңдеу және ауылшаруашылығы салаларындағы жұмыс орындары болса, қауіпке душар болып отыр. Мұндай ескертуді биыл сәуірдің басында штаб-пәтері Парижде орналасқан Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы (ЕЫДҰ) жасады. Оның жаңа баяндамасына жүгінсек, осы ұйымға мүше елдерде алдағы бірнеше жылда 66 миллион адамның орнын машиналар басуы мүмкін. Ал, сол мемлекеттердің үкіметтері жұмысшыларды технологиялық революцияға әзірлеуде сәтсіздікке ұшырап отыр. Ұйымның дерегінше, қазірдің өзінде дамыған мемлекеттерде жұмыс орындарының 14 пайызы жоғары деңгейде автоматтандырылған. Тағы 32 пайызы айтарлықтай өзгеріс қарсаңында тұр.

Бір ерекшелігі – Шығыс Еуропа және Оңтүстік Еуропа елдерімен, Германиямен, Чилимен, Жапониямен салыстырғанда, Англо-Саксон, Скандинав мемлекеттерінде және Нидерландыда жұмыс орындары азырақ автоматтандырылған. Мысалы, Словакияда барлық жұмыстың 33 пайызын, Норвегияда 6 пайызын ғана машиналдар атқарып отыр.

ЕЫДҰ-ның болжамынша, автоматтандыру келешекте қайта өңдеу және ауылшаруашылығы салаларын көбірек өзгеріске ұшыратса да, оған қызмет көрсету, пошта, курьерлік қызмет, жер транспорты, азық-түлік қызметтерінде де бейімділік басым.

ЕЫДҰ-ның жаңа есебіне қарағанда, автоматтандыру нәтижесінде Америкада 13 миллиондай жұмыс орны жоғалып жатыр. Және де мұндай үрдіс өзге елдердің экономикаларына автомобиль өнеркәсібі күйреген Детройттың кебін кидіруі ғажап емес.

Жасанды интеллектке - 20 миллиард еуро
Өткен айда Еуропа комиссиясы жасанды интеллектті зерттеуге 20 миллиард еуро бөлуге шақырды. Себебі, бұл одақ осы сала бойынша бәсекеде Қытай мен АҚШ-тан қалып барады. Қазір ең ірі жасанды интеллект фирмаларының көбі дәл осы Құрама Штаттар мен Қытайда орналасқан.

Зерттеушілердің мәліметінше, Американың технологиялық компаниялары Британия мен Францияның PhD дәрежелі мамандарына жалақыны алты есе артық төлеп, өздеріне тартып жатыр. Еуропаның жетекші ғалымдары бұған әрі қарай жол бермеу үшін Еуропа Жасанды инттелект институтына арнап, көпмемлекеттік жоспар жасақтады. Оның мақсаты – аймақтың бірнеше елінде роботтық технологияны дамыту жолдарын зерттейтін орталықтар ашу. Ал, осыдан бірнеше апта бұрын президент Эммануэль Макрон мәлімдегендей, Францияны "стартап-мемлекетке" айналдыру мақсатында 2022 жылға дейін жасанды инттелектке 1,5 миллиард еуро жұмсалады.

"Роботтар ешқашан адам болмайды"
Еуропа комиссиясы одақ мемлекеттері мен жекеменшік компаниялары роботтар мен инновацияны ең алдымен денсаулық сақтау, транспорт, ауылшаруашылығы секторларына енгізгенін қалайды. Дегенмен, ол роботтарға заңдық мәртебе немесе адам құқықтарын беруден қашқақтап отыр.

"Менің шаңсорғышымда ондай құқықтар болуға тиіс деп ойламаймын", - дейді Еуропа комиссиясының ортақ сандық нарық жөніндегі вице-президенті Эндрус Энцип.

Айта кетсек, былтыр Еуропада машиналарды адамға теңеп, оларды, қажет болған жағдайда, сотқа беру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, бұл проблема Еуропарламентте де қозғалды. Дегенмен, Еурокомиссия жасанды интелектті қолдану жөніндегі этикалық нормалар әзірлейтін комитет құруға келісіп отыр. Ал, бизнестен, азаматтық қоғамдастықтардан және академиялық ортадан жиналатын сарапшылар тобы биыл шілде айында бас қосып, жасанды интеллектің, роботтардың, машиналардың қоғамға, еңбек нарығына, жеке өмірге әсерін талқыламақ. Ал, Еуропа одағының өнеркәсіп бойынша комиссары Эльжбета Беньковсканың пікірінше, "біз роботтардың ешқашан адам бола алмайтынын мойындауымыз керек".

Армия және киллер-роботтар
Осыдан бес жыл бұрын әлемде "Киллер-Роботтарды тоқтатайық!" деген науқан басталды. Оның көздегені – дүниежүзінде автономдық қару-жараққа мүлде тыйым салу. Ал, биыл сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымы осы проблеманы Женевада талқылап, бұндай арсенал әрі қарай жетілдіріліп, қолданылатын болса, адамзатты қауіпке душар ететінін ескертті.

Адамның бақылауынсыз нысанды көздейтін толық автономдық қару әзірге жасалған жоқ. Ғалымдардың ескертуінше, олар таяуда пайда болады. Алайда, оның бастапқы нұсқалары дамытылып, қазірдің өзінде майдан даласына шығарыла бастады. Қытай, Израиль, Ресей, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ тәрізді хай-тек әскери державалар, автономдық қаруды дамытуға мол инвестиция жұмсап отыр. Ал, бұл трендті тоқтататын арнайы халықаралық заңдар әлі жазылмаған.

Сарапшылар толық автономдық қарудан қауіптену керек деп дабыл қағып отыр. Өйткені, мұндай машиналар ешқандай моральға бағынбайды, өмір мен өлімді таңдамайды, адам өмірін бағалай алмайды. Заңға салса, киллер-роботтарда сана жоқ. Демек, оларды жауапқа тарту мүмкін емес.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу