Жеңіс тұғырында – Галина Вишневская

1767

Саппорода сыналған спортшыларымыз Пьенчанда да бақ сынайды.

Жеңіс тұғырында – Галина Вишневская

Қысқы Азия ойындарынан қуанышты хабар жетті: биатлоншы Галина Вишневская 7,5 шақырымдық спринтте алтын жүлде жеңіп алды. Екінші ату кезегінде бір рет қателессе де, ол жылдамдығын үдете отырып, мәре сызығын бірінші нәтижемен қиды. Екінші орындағы қытайлық Ян Чжан екі ретте де нысананы қатесіз атқанмен, біздің Вишневскаяның қарқынына дайын болмай шықты. Ол жеңімпаздан 24,2 секунд қалып қойды. Ал Универсиада чемпионы Алина Райкова бір қатемен қола жүлдегер атанды.

Шынын айтқанда, биатлоншылар бәсекесін қорқа күткен едік. Өйткені олар Алматы универсиадасынан кейін дереу Аустрияның Хохфильцен қаласына жол тартып, әлем чемпионатына қатысты. Жер шалғайлығын, климатқа бой үйрету азабын айтпаған күннің өзінде, Қазақстан құрамасы тап болған жағдай да олардың бабы мен берекесіне селкеу түсіргені анық.

"Қазақстан құрамасы тоқтаған жерден допинг табылыпты" деген қауесет желдей гуледі де, екі-үш күн өткен соң бәрі терістелді. Бірақ алғашқы жарыс күнінен бастап мұның бәрі отандастарымызға оңай соққан жоқ. Галина Вишневская: "Әуелі Аустрия полициясы, сосын ВАДА (Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік) комиссарлары келіп, біздің бөлмені түгел ақтарды. Төңкермеген нәрселері жоқ. Үстел үстінде жатқан но-шпа үшін біздің шаңғы майлағыштарды алып кетті. Жарысқа ұшар алдында тамағым ауырған соң, әншейін сорғыш ала келген едім, соны да түгел алып кетті. Суымыздың бәрін тартып алып, бізді краннан су ішуге мәжбүрледі", – дейді. Мұндай жағдайда биатлоншыларымыз Фуркад, Бьорндален, Бө, Домрачева, Коукалова сияқты мықтылармен терезесі тең өнер көрсетеді деу, әрине, артық болар еді. Сондықтан Хохфильцендегі ең жоғары нәтижеміз Ян Савицкийдің жеке жарыстағы 24-ші орны болып шыққаны әбден түсінікті.

Аустриядан кейін мерген шаңғышыларымыз Саппороға бет түзеді. Жарыстың алғашқы күні-ақ қоржынымызға екі алтын (Савицкий мен Вишневская) салып, олжамызды еселеді. Бұл тұрғыда Вишневскаяға рахметіміз ерекше, алғысымыз шексіз.

Галина Алматы универсиадасының алдында әлем кубогының Оберхофтағы (Германия) кезеңіне қатысып, масс-стартта, яғни  топтасып жарысуда IV орын иеленді. Ол Г.Коукалова, Л.Дальмайер, Е.Пушкарикова сияқты мықтыларды ғана алға салып, бір ғана қателікпен жарысты тәмамдады. Шынында да бұл ерекше нәтиже болды. Елена Хрусталеваның Ванкувер олимпиадасындағы зор жетістігінен кейін біздің биатлоншы қыздардың әлемдік деңгейде үлкен нәтиже көрсетуі осы болды.

Одан кейін Вишневская Алматы универсиадасында намысымызды абыроймен қорғады. 7,5 шақырымдық спринтте топ жарғаны жұрт күткен нәтиже саналды. Алайда 10 шақырымдық жеке жарыста ол ату кезегін шатастырып атып (екінші рет жатып атудың орнына, тік тұрып атты), жарыстан шеттетілді. Мұндай жайт өте тәжірибелі дейтін спортшының жүйкесіне де ауыр жүк болары сөзсіз еді. Вишневская сынбады. Ол Универсиаданы 2 алтын, 2 күміспен қорытындылады.

Содан кейін – Хохфильцен, оның ізін ала – дереу Саппоро. Бас-аяғы 1,5 ай ішінде 4 үлкен жарысқа қатысса да, оның ешбірінде Вишневская туымызды төмендеткен жоқ. Өзінің айтуынша, мұндай жиі жарыстар кезінде әйтеуір біреуінде тығырыққа тірелу қаупі аса жоғары. Сол тығырық Галинаны әлем чемпионатында "қуып жеткен" сияқты. Дегенмен соның шылауында қалып қоймай, бірден серпіліп, Саппорода салған жерден алтынға қол созғанына қатты сүйсіндік.

Қысқы Азия ойындарында биатлоннан әлі 5 алтын жүлде сарапқа салынады. Алғашқы жарыс күніндегі қос алтын жүлдені отандастарымыз ешкімге бермеді. Енді қалғанын да қоржынымызға шашау шығармай салса, олар үшін биылғы маусым аса жоғары деңгейде өтті дер едік.

Саппоро сынынан кейін биатлоншылар Оңтүстік Кореяның Пьенчан қаласында өтетін әлем кубогы кезеңіне қатысады. Демек оларды тағы үлкен жарыс күтіп тұр.

Есіл Еркебай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу