"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Астанада өткен кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІІ республикалық форумында осындай ұсыныс тастады.
Оның айтуынша, бүгінде кәсіпкерлердің мәселесін шешуде әрбір өңірде құрылған кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің алар орны ерекше. Атап өтерлігі, кеңестің жұмысына мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік қызметкерлері де тартылған. Бұдан бөлек, қаржы министрлігінің жанынан құрылған апелляциялық комиссия да өзім тиімділігін көрсетті. Аталған комиссия салықтық дауларды сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік береді. Тимур Құлыбаевтың пікірінше, бұл тәжірибені басқа да салаларда, атап айтқанда, экология, санитарлық-эпидемиялық қадағалау, мемлекеттік сатып алулар және жер қатынастары салаларында кеңінен қолдану керек.
Төралқа төрағасының сөзінше, бизнес саласындағы проблемаларды, оның ішінде сыбайлас жемқорлық белгілерін анықтауда өңірлерде жүргізілген скрининг шарасының көмегі зор.
"Біз Түркістан, Ақтөбе және Атырау облыстарында пилоттық режимде скрининг жүргіздік. Жыл соңына дейін барлық өңірде скрининг жүргізілетін болады. Осылайша, әрбір елдімекендегі кәсіпкерлікке қатысты пробламалардың өзекті тізімі жасалады. Бұл тізім болашақта ауылдағы инфрақұрылымды дамыту үшін қажет", – деді Тимур Құлыбаев.
Сонымен қатар, төралқа төрағасы соңғы жылдары бизнес үшін берілетін рұқсаттар саны 70 пайызға, ал талаптар саны 60 пайызға қысқарғанын айтты. Бақылаушы органдар тарапынан болатын қысым 20 пайызға, тексеріс жүргізу мерзімі екі есе қысқарған. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру де оң нәтиже берген. Экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 5 есе қысқарған.
Тимур Құлыбаев бос жер телімдеріне қатысты ақпаратттың ашық болмауы жемқорлыққа себеп болатынын атап кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2,3 млн гектар жер пайдаланылмай жатыр. Мониторинг жүйесі жетілмеген, лауазымды тұлғалар өз пайдасы үшін мәліметтерді бұрмалап, жер теліміне құқық беруден негізсіз бас тартады.
"Осының салдарынан жерлер пайдаланылмай, экономикалық процестер дамымайды. Мемлекет бюджетіне төлемдер мен салықтар толық түспейді. Әкімдіктердің мәліметінше, 2018 жылы сауда арқылы 1,1 мың жер сатылған. Бұл барлық сатылымның 6 пайызы ғана. Биыл әкімдерден жер телімінің қолжетімділігі туралы ақпаратты цифрландыру бойыншы жұмысты аяқтауды сұраймыз. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға мүмкіндік береді. Бірлесе отырып осындай ақпараттық базаны құрамыз. Бұл біздің нақты жұмысымыздың көрсеткіші болады", – деп қорытындылады Тимур Құлыбаев.