Жергілікті бюджетке 386 млрд 400 млн теңге түседі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
19157

Үкімет шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 35%-ға жеткізеді. 

Жергілікті бюджетке 386 млрд 400 млн теңге түседі

Биылдан бастап шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке аударылады. Ал ірі бизнес субъектілері корпоративтік табыс салығын бұрынғыша республикалық бюджетке жолдайды.

Бұған дейін корпоративтік табыс салығының барлық түсімі республикалық бюджетке түсетін.

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, бұл бастама жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі іскерлік белсенділігін арттырып, жауапкершілігін күшейтеді. Жергілікті атқарушы орган бұрынғыдай игерген қаржыны игеріп, игермегенін кері қайтарып, қаннен-қаперсіз отырмайды. Себебі облыстық мәслихат шағын және орта бизнестен түскен корпоративтік табыс салығы қайда, қалай жұмсалатынын нақтылайды және әр теңге үшін есеп береді.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың сөзінше, жергілікті бюджетке корпоративтік табыс салығын тапсыру өңірлердің экономикасына оң әсер етеді. Болжам бойынша, биыл жергілікті бюджет шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығы есебінен 386 млрд 400 млн теңгемен толығады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 428 млрд 800 млн, 2022 жылы 471 млрд 400 млн теңгеге жетеді.

Айтпақшы республикалық бюджетке ірі бизнес субъектілерінің корпоративтік табыс салығы тізім бойынша түседі. Тізім ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен 3 жылда бір рет бекітіледі.

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, шағын және орта бизнестің саны артқан сайын жергілікті бюджеттің қаржысы көбейе береді. Бұл жергілікті атқарушы орган шағын және орта бизнесті қолдауға мүдделі болады деген сөз.

"Жергілікті атқарушы билік шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығынан түскен түсімді жергілікті жерді дамытуға жұмсай алады",– деді ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев.
Былтыр корпоративтік табыс салығынан республикалық бюджетке 1 трлн 974 млрд 763 млн теңге түсті. Көрсетілген қаржының 422 млрд 371 млн теңгесі шағын және орта бизнеске тиесілі болды. Бұл ретте шағын және орта бизнес өкілдерінің барлығы бірдей корпоративтік табыс салығын төлемегенін  ескеру керек. Себебі олардың арасында арнайы салық тәртібімен – патентпен, оңайлатылған декларациямен, бірыңғай жер салығымен жұмыс істегендер болған.

Ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиевтің мәлімдеуінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін микро және шағын  бизнестің жеке табыс салығынан босатылуы уақытша шара. Осы уақыт аралығында микро және шағын  бизнес өкілдері орта бизнес субъектісіне айналуы мүмкін. Бұл – жергілікті атқарушы биліктің оң жамбасына келетін өзгеріс.

"2020-2023 жылдар аралығында табыс салығынан 1,2 млн микро және шағын бизнес субъектісі босатылады. Үш жылда бизнес 380 млрд қаражат үнемдейді. Кейін осы ақшаны ел экономикасына құяды. Нәтижесінде өңірлердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, қаржылық мүмкіндігі артады. Үш жылда бюджетке аударылмаған салық шығыны салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен қайтарылады. Үкімет шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2025 жылы 35%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Алдағы 3 жылда микро және шағын  бизнесті жеке табыс салығынан босату мен шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салу сондай-ақ шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке аудару жоспарды орындаудың алғышарттарының бір бөлігі ғана", – деді вице-министр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу