Жеті жылда елімізде 500-дей ауыл жойылған

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6701

Жамбыл облысы біраз ауылын тарататынын жариялады.

Жеті жылда елімізде 500-дей ауыл жойылған

"Еліміздің оңтүстігінде халық тығыз орналасқан" деген, шенеуніктер үлкен мінбелерден сан қайталап, "аксиомаға" айналдырып жіберген ұғым бар. Шынында, оңтүстіктегі біршама ауыл қаңырап бос қалған.

Жамбыл облысы әкімдігі қаулысының және Жамбыл облыстық мәслихаты шешімінің жобасы әзірленді. Құжат "Ауылдарды тарату туралы" деп аталады.

"Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылдық округіндегі "Кіші Қамқалы" ауылы, Қарабөгет ауылдық округіндегі "Байтал" мен "Арал" ауылдары, Мирный ауылдық әкімдігіне бағынысты "ГРЭ-21" ауылы таратылсын", – деп жазылған онда.

Бірден айта кету керек, бұл жерде құқыққа қайшы ештеңе жоқ, барлығы заң аясында, "Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңының 27-бабына, "Қазақстанның әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңының 11-бабына сай жасалып отыр.

Қазақстанда ауыл "ауыл" атануы үшін онда ең кем дегенде 50 адам тұруы шарт және оның ішінде жергілікті жұртшылыққа қызмет көрсететін әртүрлі мамандар болуы қажет.

"Ауыл – халқының саны кемінде 50 адам болатын, олардың кемінде жартысын ауыл, орман және аңшылық шаруашылығымен, бал ара шаруашылығымен, балық аулау мен балық өсіру шаруашылығымен айналысатын қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері және денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт мамандары құрайтын елдімекен. Халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елдiмекеннiң құрамына енгiзiледi", – деп еске салады Жамбыл облысының әкімдігі.

Жергілікті биліктің түсіндіруінше, жабылғалы отырған Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылдық округіндегі "Кіші Қамқалы" ауылын, Қарабөгет ауылдық округіндегі "Байтал" мен "Арал" ауылдарын және Мирный ауылдық әкімшілігіне бағынысты "ГРЭ-21" ауылын елдімекен ретінде қалдыруға "тұрғындар саны жеткіліксіз".

"Атап айтқанда, "ГРЭ-21" ауылында түтін саны 2, ал тұрғындар саны небәрі 4 адам. Онда бір өнеркәсіп орны – "Оргстрой" ЖШС ғана орналасқан. Мектеп, медициналық пункт, балабақшалар жоқ. "ГРЭ-21" ауылы бұрын Мирный ауылдық округіне қарасты болған, "Мойынқұм ауданының жекелеген кенттерін, кенттік округтерін қайта құру және кенттік округтерін тарату туралы" Жамбыл облысы әкімдігінің 2013 жылғы 27 маусымдағы №178 және Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 27 маусымдағы №14-13 шешімі негізінде Мирный округі таратылған. Бүгінде "ГРЭ-21" ауылы Мирный ауылдық әкімдігіне қарайды", – делінген облыс әкімдігі ұсынған анықтамада.

Бұл құжатта "Кіші Қамқалы" ауылында жалғыз ғана шаңырақ қалғаны айтылады. Ол үйде 5 адам тұрады. Әрине, бір үйге қызмет көрсететіндей не мектеп, не медициналық бекет, не балабақша жоқ.

"Ескі Байтал" мен "Арал" ауылы бұларға қарағанда, "ірілеу": екеуін қоса алғанда, үй саны 15, тұрғындар саны 57 адам, 4 шаруа қожалығы жұмыс жасап, аграрлық кәсіппен айналысады. Алайда мектеп, медпункт, балабақшадан ада. Сондықтан болашағы жоқ деп танылған.

Тиісінше, енді облыстық әкімдік пен мәслихат бірлескен шешімімен, "елдімекендерді ретке келтіру мақсатында "Кіші Қамқалы", "Байтал", "ГРЭ-21" және "Арал" ауылдарын таратып, оларды Жамбыл облысының әкімшілік-аумақтық нысандар тізімінен шығарып" тастамақ.

Яғни, бұл ауылдар тарих қойнауына жол тартады.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда түтіндері ғана емес, аттары да өшкен ауылдар жалғыз бұл емес.

Осыдан ертеректе, 2017 жылы Павлодар облысының әкімдігі мен облыстық мәслихаты бірлескен шешімімен, өңірдегі Аққулы ауданының "Байымбет", "Тереңкөл", "Кұмсуат", "Широкое" ауылдарын таратуға қойды.

Павлодар облысында бұдан бөлек, Екібастұз қаласындағы "112 разъезд" де ауыл мәртебесін жоғалтып, оның аумағы Төртқұдық ауылының құрамына қосылды. Облыста сондай-ақ Успен ауданының "Екатеринослав" ауылы, Баянауыл ауданының Желтау ауылы жойылды.

2018 жылы өңірдегі бұл үрдіс жалғасқан. Былтыр Павлодар облысында "Еңбек" ауылы таратылып, оның аумағы "Путь Ильича" ауылының құрамына енгізілді. Өткен жылы өңірдегі Железин ауданының бір топ ауылы – "Безводное", "Степное", "Жамбыл", "Жаңабет", "Благодатное", "Обозный", "Октябрьское" секілді ауылдары да таратылып, есептік деректерден шығарылды.

Дәл осындай жағдай Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және басқа да облыстарда көрініс берді.

Қазақстандағы ауылдар санының қалай азайғанын ресми мәліметтерден көруге болады. Кезінде статистика агенттігі 2012 жылы Қазақстана 14 облыс, 175 әкімшілік аудан, 87 қала, 34 кент және 6 мың 947 ауыл барлығын хабарлады.

Артынша, Үкімет "Қазақстанның аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелерін бекіту туралы" 2013 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысында Қазақстанның аумағы 87 қаладан, 31 кенттен және 6 мың 828 ауылдан тұратынын көрсетті.

Ал енді ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың басында Қазақстанда 6 мың 454 ауыл ғана қалған.

Басқаша айтқанда, жеті жыл ішінде 493 ауыл жойылып кетті.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу