Жолда жүргізушілерді компьютер ығыстыруда

8726

Болашақта әлемдегі ірі қалалар көшелерінде жол-көлік оқиғалары өте сирек кездесуі, тіпті олар төтенше оқиғаға теңесуі мүмкін.

Жолда жүргізушілерді компьютер ығыстыруда

Өйткені көлікті басқару қазіргідей жүргізушілерге емес, техникаға тапсырылмақ.

Әрине, әзірге рөлге роботтар отыра қоймас. Ал, "өздігінен басқарылатын автокөліктер" бүгіннің өзінде өмір шындығына айналды. Және де ондай технологияларды өмірге алпауыт мемлекеттердің үкіметтері емес, ірі автоконцерндердің өздері ендіріп жатыр.

АҚШ әлемде бұрын-соңды болмаған тәжірибені бастады: ол өз беттерімен қозғалатын көліктердің жалпы пайдаланымдағы жолдармен жүруіне заң жүзінде рұқсат етті. Америка қалаларының көшелерінде компьютермен басқарылатын автомобильдердің жолға шыққанына біраз жыл болды. Дегенмен, олардың жүрісі заңдастырылмаған, әрі жиі шектелетін. Енді Калифорния мен Невада бұл "беспилотниктерді" пайдалануды заңдастырды. Олардың алдынан барлық жолдар ашылады.

Невада штаты заңдастыру шарасына екі жыл бұрын кіріскен болатын. Ал, Калифорния өзінің көршісіне 2012 жылдың жазында ілесті. Нәтижесінде, қазір бұл штаттар үлгіге айналып отыр. Осындай заңдарды қабылдау туралы Аризона, Гавай аралдары, Оклахома және Флорида ойласа бастаған.

2017 жылғы мамыр айының басында Оңтүстік Корея үкіметі тек "пилотсыз машиналар" ғана жүретін қала тұрғызу туралы шешім қабылдады. Бұл елді мекен 350 мың шаршы метр ауданда орналасады және оны жергілікті компаниялар автопилотты жүйелерін сынақтан өткізу үшін пайдаланады. Korea Business Times агенттігінің хабарлауынша, К-City деп аталатын бұл қалада Samsung, SK Telecom, Naver, Hyundai және Kia өз автономды көліктерін тестілеуді өткізеді. Тақырдан тұрғызылатын және келесі жылы пайдалануға берілетін жаңа шаһарда жылдамдықты магистраль, бірнеше паркинг, қоғамдық көлік жолақтары және елді мекендерге тән басқа да элементтер болады. Бұл жоба Оңтүстік Корея бюджетіне 10 миллион долларға түспек. Мұның сыртында, осыдан бір апта бұрын Samsung өзінің автомобильдерді автономды басқару жүйелерін жалпыға ортақ көшелерде де сынауға ұлықсат алды. "Таңғы самал елі" бизнестің бұл сегментінде әлемдік лидерге айналуға ниетті.

Бұл істен көрші Қытай да қалыспақ емес. 2016 жылдың қазанында шың елі Renault компаниясының ҚХР-да жүргізушісіз автоматты түрде басқарылатын электрокарларын сынақтан өткізуді бастауын мақұлдады. Zoe электрлі хэтчбектер базасында жасалған Next Two атты "беспилотниктерді" тестілеу шаралары Ухань қаласында жүрмек. Бұл ретте ҚХР Реноға осы істі қытайлық Dongfeng компаниясымен ынтымақтастықта ұйымдастыруды жүктеді. 2013 жылы жасалған Next Two электроникасы автокөлікті өз бетінше басқаруға және жүргізушінің қатысуынсыз автотұраққа қоюға қабілетті. Бұл жүйе жол белгілерін өз бетінше "оқи" алады, сондай-ақ ол жарнамалық және туристерге арналған көрсеткіштерді таниды, олар туралы ақпарат мультимедиялық кешен дисплейіне шығарылады.

Бұған дейін тиісті заңдардың болмауы кесірінен "жүргізушісіз көліктерді" пайдалану тәжірибесі кең қанат жая алмай келген. Мәселен, Google компаниясы оларды қалалардың шынайы картасын жасау үшін ғана пайдаланып келді. Осы компанияның мәліметінше, күні бүгінге дейін оның осындай көліктері АҚШ аумағында жалпы көлемі 300 миль, яғни шамамен жарты мың шақырым жол жүрген оның автономды автомобильдері бірде бір рет ірі апатқа ұшырамаған.

Тек 2016 жылдың 23 ақпанында Калифорнияда "Google"-дың Lexus AV "пилотсыз көлігінің" қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды: ол машина көше қиылысында жатқан, құм толтырылған қапшықтарды айналып өте бастағанда, қарама-қарсы жолақпен қозғалған қала автобусы оның оң қапталын соғып өткен. Ешкім жарақат алмапты.

Бұдан басқа деректер де өз бетімен басқарылатын автокөліктердің, адамдар жүргізетіндеріне қарағанда, анағұрлым қауіпсіз саналатынын айғақтайды. The Economist мәліметінше, барлық жасалатын жол-көлік оқиғаларының шамамен 90%-ы "адами фактор" кесірінен болатын көрінеді.

Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, еліміздегі барлық ЖКО-лардың 80 пайызына – жүргізушілер кінәлі. Дегенмен, дәл қазір Қазақстанда "автономды автокөліктердің" қозғалысын заңдастыру өзекті мәселе емес екен. Өйткені оларды қазақстандық қалалар көшесіне шығару туралы ешбір компаниядан нақты өтініш түспеген. Сондықтан жақында парламент қабылдаған "Жол жүрісі туралы" жаңа заң жобасында ондай өзгерістер қарастырылмады және ұсыныстар да келіп түспеді.

Бір айта кетер жайт, америкалық жаңа заңдар да "жүргізуші" ұғымын келешекте жоюды қарастырмайды. Оларды техника істен шыққанда, не онда көзделмеген төтенше оқиға орын алғанда тарту міндеттеледі.

Алайда сарапшылар "пилотсыз автомобильдер" өндірісінің бүкіл дүниежүзінде бүгін-ақ кең қанат жая алмауына автобизнестің бұл істен тартыншақтауы ықпал етіп отырғанын айтуда. Өйткені өздігінен басқарылатын көліктер ірі апатқа ұшыраса, сондай машиналарды өндіруші компаниялардың басы сотқа тартылып, олар сол жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендердің шағымдарының астында қалуы ықтимал. Өйткені бар кінәні жүргізушіге жабу мүмкін болмай қалса, бар айып автоматты түрде "жүргізуші-компьютерді" өндірушіге көшетіні анық. Сондықтан қазіргі кезде автоконцерндер үшін мұндай "болашақтың автомобильдерін" жаппай шығарудағы басты бір кедергі – осыдан қауіптену болып отыр.

Және бұл қауіп негізсіз емес. АҚШ-та орын алған оқиға автономды жүйелердің қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз еткенімен, бұл көрсеткіші 100 пайыз еместігін паш етті. 2016 жылдың мамырында Американың Флорида штатында автопилотпен жүріп келе жатқан автокөліктің қатысуымен, адам өліміне соқтырған алғашқы жол-көлік оқиғасы болды. "Tesla"-ның Model S инновациялық седанындағы электроника дәл көше қиылысында тосыннан істен шығып, ол машина зулаған күйі қапталдағы көшеде тұрған тіркемесі бар тягачқа соғылған. Tesla жүргізушісі, 40 жасар Джошуа Браун басқаруды өзіне алып үлгермей, қаза тапты. Өз кезегінде Tesla мұндай көліктерінің жалпы алғанда 200 миллионнан астам шақырым жолды қауіпсіз жүріп өткенін алға тартады. Бұл сондағы бірінші ЖКО көрінеді.

Tesla Motors басшысы Илон Маск өз клиенттеріне сақ болуға және автопилот жұмысы кезінде де қолдарын рөлден алып тастамауға ұсыныс берді. Осы тұста бұл компания 25 мыңдай "пилотсыз көлік" сатып үлгерген.

Дегенмен, сарапшылар бұл оқиғаның өзі автономды басқарылатын технологияның тарауына кедергі болмайтынын айтады.

"Мұндай автокөліктердің елдегі автопарктегі үлесі артқан сайын олардың қауіпсіздігі де арта түседі. Себебі, сонда электроника бағалауға және талдауға тиісті форс-мажор нұсқалары да азаяды және қауіпсіздік сапасы артады. Әзірше "пилотсыздар" дәстүрлі көліктердегі жүргізушілердің қимылдарын бағып, болжамдауға да мәжбүр",- дейді автономды басқарылатын көліктердің жүйелерін әзірлеуге маманданған Cognitive Technologies бас директоры Андрей Черногоров.

Сарапшылардың байламынша, Қазақстанда бұл "болашақ" көліктерінің танымал бола алмауының бірнеше себебі бар. Ең алдымен, отандық автоөнеркәсіп жаңа-жаңа қалыптасып, бойын тіктеуде және ол толығымен тек жүргізуші басқаратын машиналарды құрастыруға бағдарланған. Қазақстандық автозауыттардың жоспарында "пилотсыз көліктер" шығару туралы тармақ жоқ.

Бұған қоса, ежелден тұлпарды жеті қазынаның біріне және ердің қанатына балаған елімізде "темір тұлпар" да сән-салтанат белгісі болып саналады. Тиісінше, көлігі бар азаматтардың көбі оны өзі жүргізуді жаны сүйеді, рөлді компьютер түгіл, өзге адамға да бермейді. Көлік айдауды, көлікпен жарысуды хоббиге айналдырған жандар да – бір төбе. Олар арасында жүргізушісіз көліктердің танымал бола қоюы неғайбыл.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу