Жөргек пен жаялыққа бір айда 1 миллион доллардан артық ақша жұмсалады

Римма Ивахникова Римма Ивахникова
11730

Осыдан соң ата-аналардың шығыны шаш етектен демей көріңіз.  

Жөргек пен жаялыққа бір айда 1 миллион доллардан артық ақша жұмсалады

Балаларға арналған тауарлар  бизнесмендер үшін алтын арқау болғалы қашан. Біріншіден, бұл сұраныстың тұрақтылығы, өйткені жыл сайын Қазақстанда шамамен 250 мың бала дүниеге келеді. Балалар тез өседі, сондықтан көптеген затты қайтадан сатып алуға тура келеді. Екіншіден, нарықтың бұл түріне дағдарыс қатты әсер ете қоймайды, өйткені балаға ақша аямайсың. Ата-аналар өзі кимесе де, балаларына әпереді. Үшіншіден, нарықтың көлемі қомақты, өйткені баланы тәрбиелеп, асырап-бағу да үлкен ақшаны қажет етеді.

Балалардың бір рет қолданатын жөргегінің өзі арзан емес, бір қорабы 1300-1500 теңге тұрады. Фирмасы мен сапасына, өлшеміне қарай бір қаптаманың бағасы 900 теңгеден 8000 теңгеге дейін барады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметі бойынша, осы жылдың қаңтары мен наурызы аралығында елімізге 3330,7 мың долларға  519,9 тонна бір реттік жөргек пен жаялық әкелінген. Яғни бұл қазақстандықтар жөргек пен жаялыққа бір айда 1 млн доллардан артық ақша жұмсайды деген сөз.  Жаялық пен жөргекті ғана алып қоймайсың оған қосымша крем, сулық алу керек болады. Жаңа туған нәрестелерге арналған косметиканың жиынтығы жаялық бағасынан бірнеше есеге асып түседі.   

Қоспалар еттен қымбат

Балалар тағамы – бұл бөлек әңгіме. Былтырғы жылмен салыстырғанда жаңа туған нәрестелерге арналған құрғақ сүт қоспасы екі есе қымбаттаған. Қазір олардың бағасы 1500 теңге мен 5000 теңге аралығында.  Салыстырып қарайтын болсақ, базардағы 1 келі еттің бағасы 1200-1500 теңге. Балалар тағамы негізінен  импорттық тауар, олардың көбісі Ресейден әкелінеді. 2017 жылдың алғашқы үш айында елімізге 2 млн 018 мың долларға 525,5 тонна балалар тағамы әкелінген.

Ересек балаларға арналған түрлі сүт сусындары да көрші елдерден келеді. Мысалы, жоғарыда келтірілген ресми статистикаға сәйкес, осы жылдың алғашқы үш айында 2146,3 тонна майлылығы 3% пакеттегі сүт пен кілегей, 1451,3 тонна (2 млн 336,1 мың доллар) майлылығы  6% сүт әкелінген. Сонымен бірге 1082,5 тонна (1 млн 563 мың доллар) дәмдеуіш қоспа қосылмаған басқа сүт өнімдері, 3531,5 тонна (3 млн 873,5 мың долларға) дәмдеуіш қоспа қосылған сүт өнімдері, 638,9 тонна (1 млн 006,0 мың доллар) йогурт әкелінген.

Балаларға сүттен басқа витамин мен тәттілер де алу керек. Бұған қоса ата-аналар балаларына теледидар мен интернетте жарнамаланып жатқан әр түрлі тамақтарды әпергісі келеді. Елімізге бір жыл ішінде әкелінетін шырын, жеміс, кәмпит, балмұздақ, сағыз, чипстар мен кондитерлік өнімдердің жалпы құнын есептейтін болсақ, онда шығатын сома бір автокөліктің құнынан асып кетеді екен.

Балалар киімі

Бұдан да жақсы ақша табуға болады. Ақшаңа зат таппайтын тапшылық заманы артта қалғалы қашан. Ата-аналар балалар киімін үйіп-төгіп алады. Бүгінгі таңда тауарлар ассортиментінің әр түрлілігі сонша дүкен сөрелері көздің жауын алып, бәрін сатып әпергің келеді. Осы арада үлкендер балалардың тез өсіп кететінін естен шығарып алады. Ал өндірушілер осыны өз пайдасы үшін қолданады.

"Біздің тауарларымыздың 30-40%-ы – балалар мен жасөспірімдер ассортименті. Олар – футболка, жеңіл күртешелер", – деді Sophia Linsky отандық брендтің негізін қалаушы Игорь Ильинский.

Балалар киіміне деген сұраныс үлкен болса да, біздің нарықта отандық өндіршілердің заттары өте аз.

"Бөлшек саудадағы балалар киімінің тек 2% ғана жергілікті кәсіпкерлердің өнімі. Қалғаны – импорт. Оның өзі сертификатталмаған және декларацияланбаған. Балалар киімінің техникалық  тәртіпке сәйкестігін ешкім тексермейді", – деді жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова.  

Осы жылдың қаңтар-наурыз айында ер балалар мен қыз балаларға 20 млн долларға киім әкелінген.  Осы тауар көлемінің тек  2%-ын есептейтін болсақ, 400 мың доллар құралатындығына көз жеткізуге болады.

Аттракциондар өзін-өзі ақтап тұр

Балалар тауарының тағы бір маңызды сегменті – түрлі ойыншықтар мен ойын-сауық. Бұл тауарлар аса қажет болмаса да, ата-аналар балалары үшін ештеңені аямайды. Қазақстанға келетін ойыншықтардың 80%-ы шетелден әкелінеді.

Статистика комитетінің мәліметіне сүйенетін болсақ, осы жылдың қаңтар-ақпан айында елімізге 16,4 тонна қуыршақ (240 мың доллар), 13,7 тонна электронды пойыз (66,7 мың доллар), 44,2 тонна конструктор (1 мон 202,7 мың доллар), 230,2 тонна ойыншық-жануарлар (2 млн 041,1 мың доллар), 1,8 тонна ойыншық музыкалық аспаптар (21,8 мың доллар), 0,7 тонна ағаш ойыншықтар (7,5 мың доллар), 113,6 тонна жиынтық ойыншықтар ( 671,0 мың доллар), 17,9 тонна робот пен қозғалтқышы бар машина ( 182,6 мың доллар), 3,6 тонна пистолет (70,5 мың доллар), 8,2 тонна үрленген доп (147,9 мың доллар), 7,2 тонна роликті коньки (57,6 мың доллар) әкелінген.  

Елімізге бұдан басқа 17,9 тонна алтыбақан мен әткөншек, 282,6 мың долларға аттракцион әкелінген.

Балалар – интернет желісінің және әр түрлі техникалық құрылғылардың белсенді қолданушылары. 2017 жылдың соңғы тек үш айының өзінде елімізге 251,3 мың доллардың 1,6 тонна әр түрлі видеоойындары әкелінген екен.

Ата-анасы әпереді, қызығын бала көреді

Қазіргі таңда барлық ірі сауда орталықтарының басты "орны" – балаларға арналған ойын-сауық алаңы болып тұр. Ата-аналар сауда жасауға келгенде балалар да бір нәрсемен айналысуы керек қой. Олардың уақытын қызықты өткізудің тиімді тәсілі – ойын бөлмесі.

Мысалы, Алматыда балаларға арналған ойын-сауық орындары MEGA Alma-Ata СОО (HAPPYLON Magic Park), MEGA Park СО (HAPPYLON), Asia Park  СО (LUNAPARK), Esentai mall СК (Super Rollers роллик тебетін орын, KidsArt балалар шығармашылығы студиясы, NEXT ойын-сауық орталығы), "Апорт" СО ( Funky Town ойын-сауық саябағы, Hawaii аква саябақ), Maxima (Party Room, сәбилер алаңы,  балалар ойын алаңы), Domillion СО ( PROFILAND мамандықтардың интерактивті қаласы),  "Ритц-Палас" СОО-да (балалар алаңы) орналасқан.

Сауда орталықтары бұл орындарды жалға беру үшін көбінесе шағын және орта бизнес кәсіпкерлерін тартады. Аттракциондарды жеткізушілер – осы кәсіпкерлер.  Аттракциондардан басқа ойын-сауық бағдарламаларын, байқаулар мен концерттер ұсынылады.

"Жалға алушыларға "Ритц-Палас" СО аумағымен шектесіп жатқан жерлердің 1000 шаршы метрін  балалар алаңын құру үшін жалға береміз. Бұл жерге күніне 100 шақты адам келеді. Аттракционның бағасы – 200 теңге, ойнау уақыты 3 минуттан 10 минутқа дейін. Кей кезде аттракциондарға науқан болып, 1000 теңгеге барлық аттракционда ойнауға мүмкіндік туады", – деп топшылады "Ритц" ЖШС-нің жалға беру жөніндегі менеджері Болат Сағит.  

Соңғы уақытта Астана мен Алматыда мұндай алаңдар көптеп ашылуда. Соған қарағанда шыққан  шығын өзін ақтайтын сияқты.

Балаларға арналған интернет

Бүгінгі күні балаларға арналған тауарлар мен қызмет көрсетудің көптеген түрі интернет арқылы ұсынылады. Қазіргі таңда дүкендегі бағаға қарағанда 5-15%  төмен баға ұсынатын дүкендер желіде жетіп артылады. Көптеген танымал отбасылық дүкендер өздерінің интернет-сайттарын ашып алған. Мысалы, Астана мен Алматы да сауда орындары бар "Ути-пути" киім дүкендер желісі балалардың киімін on-line тәртіпте де сатады. MARWIN және KENGA сияқты ірі ойыншық дүкендерінің желісі тауарларын интернет арқылы сатып, клиенттермен WhatsАpp бойынша тілдеседі.

Брендті тұтынушы баланың жасы қаншалықты кіші болса, жарнаманың мақсаты да соншалықты үлкен жасқа арналады. Ал балалар өскен кезде жарнаманың негізі соларға бағытталатын болады. Мысалы, конструкторды жарнамалаған кезде бұл тауар ойлау қабілетін дамытады деп жазбайды. Одан гөрі ойыншықты "Бэтмобиль", "Аралға саяхат" деп жарнамалаған тиімдірек. Интернет желісінде балаларды әр түрлі үйірмелерге және ғылыми шоуларға шақыруға, сондай-ақ арнайы мобильдік қосымшаларды жүктеуге ұсыныстар көптеп кездеседі.

Ең бастысы – баланы қызықтырып, назарын аудару. Ал қалғаны баланың қолындағы шаруа, өйткені балалар ата-аналарына ойыншықты қалай алғызу керек екенін жақсы біледі.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Ивахникова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу