Бүгінде қостанайлықтар жүргізуші куәлігін тек мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан ғана алады. Өйткені, бұл өңірде пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Осыған орай, Қостанай облысында бұрынғыдай ішкі істер департаментінің тіркеу-емтихан бөлімдері арқылы жүргізуші куәлігін беруге тыйым салынған. Аталған жаңашылық алдағы уақытта өзге де өңірлерді қамтымақ.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері тіркеу-емтихан бөлімдерінің барлығын бақылай алмайды. Соның салдарынан мынадай жағдай орын алып отыр. Мәселен, Алматы облысының алыс қашықтықта орналасқан бір ғана тіркеу-емтихан бөлімі арқылы 100 адамның 80-90-ы жүргізуші куәлігін алған. Бұл жағдай көңілге күдік ұялатады. Өйткені біздің агенттік тарапынан қатаң бақыланатын Талдықорғандағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 100 адамның тек 16-сы ғана сынақтан сүрінбей өтіп, жүргізуші куәлігіне қол жеткізді", – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев.
Агенттік қабырғасында өткен баспасөз-мәслихатына қатысқан Данияр Сабырбаевтың пікірінше, адам жүргізуші куәлігін өмірінде бір-ақ рет алады. Сондықтан мұндай маңызды оқиға үшін облыс орталығына бір рет барып келгенде тұрған ештеңе жоқ.
"Біз жүргізуші куәліктерінің бақылау толықтай қамтылған орындарда ғана берілгенін құптаймыз. Яғни, адамдар құжатты тіркеу-емтихан бөлімдерінен емес, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға тиіс. Бұл тәжірибе осы жылдың көктемінде тұтас республика бойынша қолданылатын болады", – деп толықтырды сөзін департамент директоры.
Жалпы агенттік былтыр этикалық заң бұзушылықтарды төмендету мақсатында 1 мыңнан астам тексеру жүргізген. Тексерулердің 89 пайызы агенттікке келіп түскен өтініштердің негізінде ұйымдастырылған.
"Тексеру қорытындылары 2017 жылмен салыстырғанда былтыр мемлекеттік қызмет және қызметтік этика нормаларын сақтау бағытындағы заң бұзушылықтар екі есе азайғанын көрсетті. Мәселен, 2017 жылы 18 363 заң бұзушылық тіркелген еді. Былтыр 8 849 заң бұзушылық анықталды", – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев.
Заң бұзушылықтар аса көп орын алмаған өңірлердің қатарында Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары, Қызылорда, Алматы қалалары бар. Сондай-ақ былтыр 607 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
2019 жыл Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қалалық департаменті үшін үлкен өзгерістермен басталды. Біріншіден, қалалық департаментте оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, штат саны 32 пайызға қысқарған. Дәлірек айтсақ, 47 адамнан 32 қызметкер қалып отыр. Екіншіден, департамент жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Енді олар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғимаратында отырады. Осының нәтижесінде департамент 10 млн теңге үнемдеген.
"Агенттіктің 30 пайызы оңтайландырылғанын білесіздер. Соның нәтижесінде агенттік орналасқан ғимараттың бір қабаты босад. Біз сонда қоныс аудардық. Бұл қадамның нәтижесінде 10 млн теңге үнемделіп отыр. Бұрынғы отырған ғимаратты ұстау үшін жыл сайын 14 млн теңге жұмсалып келген еді. Қазір шығын көлемі 3,5 млн теңгеге дейін қысқарды. Үнемделген ақша департаментте қалады. Осының есебінен қызметкерлердің еңбекақысын 50 пайызға дейін көтереміз", – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева.
Яғни департаментте жұмыс істейтін маман бұған дейін 220 мың теңге еңбекақы алып келсе, енді 330 мың теңгеге қол жеткізбек.
Фархат Әміренов