Жылыжай бар, қойма жоқ

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
5136

Өңірде маман тапшылығы да сезіледі.

Жылыжай бар, қойма жоқ

Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжайлардың көлемі 2010 жылы небәрі 200 гектарды құраған болатын. Ал бүгінде барлық жылыжайлардың көлемі 1123,1 гектарға жетіп отыр. Бұл көрсеткіштің республикадағы үлесі 80%-ды құрайды.

Соңғы уақытта өнеркәсіптік жылыжайлар 67, 7 гектарға артса, фермерлік жылыжайлардың көлемі 1055,4 гектарға көбейген. Өнеркәсіптік жылыжайдан орташа есеппен жылына 1 гектардан 450-500 тонна, фермерлік жылыжайдан  200 тонна өнім жиналады.

Жылыжай саласының дамуына кедергі келтіріп тұрған өзекті мәселелер де жоқ емес. Соңғы жылдары өңірімізде жоғары технологиялық өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығы жетіспейді. Оған осы салада еңбек ететін білікті маман тапшылығын қосыңыз. Сондай-ақ өңірде қоймалардың жетіспеушілігі,қажетті құрал-жабдықтардың қолжетімсіздігі мен айналымдағы қаржының тапшылығы (көмірге, химикаттарға, тыңайтқыштарға, көшетке) қолбайлау болып отыр.  Жылыжайлардың басым бөлігі Сарыағаш ауданына тиесілі. Бұлай болуы заңдылық. Мұнда көктем ерте шығады. Күн райы да, климаты да қолайлы. Халқы да еңбекқор. Мұнда қарапайым пленкамен ауласындағы аз ғана жерді жайқалтып, көл-көсір табыс тауып отырған отбасылар аз емес. Солардың бірі – Бердібек Сейдахметов бұл кәсіппен 10 жылдан бері үздіксіз айналысып келеді.

"Жеріміздің көлемі 40 соттыққа жуықтайды. Кеңес үкіметі кезінде берілген жер ғой. Бүгінде сол жердің бәріне дерлік жылыжай орнатып, қияр, қызанақ, құлпынай  егуді қолға алдық. Жыл сайын өнім түрлерін ауыстырып отырамыз. Негізгі өнімдерімізді алыпсатарлар үйден келіп алып кетеді", – деді ол.

Бүгінде жылыжайлардан алынған өнім арқылы облыс республика тұрғындарын қыс және ерте көктем мерзімдерінде сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізіп отыр. Мәселен өңіріміздегі жылыжайларда бірінші айналымның өзінде 120 мың тонна өнім өндірілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 80 мың тоннаға артады. Өңірде сиымдылығы 220,0 мың тонна болатын жеміс-көкөніс сақтау қоймалары бар.

"Оңтүстік Қазақстанда өзекті болып тұрған мәселенің бірі – қойма. Мәселен, шетелдерде өндірілген өнімнің бір пайызы да ысырап болмайды. Өйткені сақтау қоймалары соңғы технологиямен жабдықталған. Біз де әлі ондай қоймалар салына қойған жоқ. Келешекте өндірілген өнімнің мұртын бұзбай сақтауға қол жеткіземіз деген ниет бар. Сонда шаруалар да, сатып алушылар да зардап шекпейтін болады", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков.

Қойма демекші, Оңтүстік Қазақстан облысы  "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәлізі бойында орналасқан. Осы мүмкіндікті пайдалану үшін Шымкент қаласында көліктік-логистикалық орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған аймақта жалпы ауданы 242,5 мың шаршы метрді құрайтын  "А" және "В" санатты 8 қойма салынуда. Нәтижесінде  жылына  мұнда 1,7 млн тонна жүк қабылданып, тасымалданатын болады. Бүгінгі таңда 19 мың шаршы метрді құрайтын қойма алаңдары пайдалануға берілді.

Сондай-ақ Шымкентте жылыжай кешендерін бір аймаққа орналастыру мақсатында "Жылыжай жұмағы" индустриялық аймағы құрылып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін Шымкенттегі көлік-логистикалық аймақ жанынан 136 гектар жер телімі бөлінген. Инвестиция көлемі - 51,2 млрд теңгені құрайды. Өнімді қабылдау қабілеттілігі жылына - 56,7 мың тонна. Жылына 19,3 млрд. теңгенің  өнімі Қазақстан, Ресей, Қытай тағы да басқа елдерге жөнелтілетін болады.

Айта кетейік, 2016 жылы өңіріміздегі жылыжайлар көлемі 839 гектарға жетіп, 290,1 гектарға  қияр, 539,9 гектарға  қызанақ егілді. Жалпы жылыжайлардан 116 тың тонна өнім жиналыпты. Оның 82 мың тоннасы қызанақ, 33,8 мың тоннасы  қияр.

Сонымен қатар облыста соңғы үш жылда жерді жаңа әдіспен пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы 86 мың гектарға терең қопсыту технологиясы енгізілген. Тәжірибе жүзінде мақтадан орташа есеппен 26-27 цн/га. өнім алынса, терең қопсыту технологиясын енгізген шаруашылықтар 40-45 цн/га. өнім алуда. Аталған технологияның қатты топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиімділігін ескере отырып, алдағы уақытта бұл технологияны басқа дақылдар мен тәлімді жерлерге қолдану ұйғарылып  отыр.

Ақжол Қараспан, ОҚО

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу