"7-20-25" бағдарламасында қай өңірлер белсенді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3656

Түркістан облысында ешкім баспана үшін несие алмаған.

"7-20-25" бағдарламасында қай өңірлер белсенді

Соңғы бір аптада аталған бағдарлама бойынша мақұлданған өтінім көлемі 182-ге артып, қазіргі таңда 1877-ге жетті. Осылайша республика бойынша қазақстандықтар бұл бағдарлама арқылы 22,4 млрд теңгенің несиесін рәсімдеп тастады. Бұл туралы бағдарламаның операторы "Баспана" ипотекалық ұйымы ресми хабарлап отыр.

21 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Алматыда 597, Астанада 509 тұрғын бағдарламаның қатысушысы атанып үлгерген. Екі қаланың халқы шамамен жалпы сомасы 7,7 млрд теңгеге несие рәсімдеген. 

Облыстардың ішінде ең белсендісі Маңғыстау облысы. Маңғыстаулықтарға 172 өтінім мақұлданып, 1,4 млрд теңгенің қарызы берілсе, екінші орындағы Ақмола облысынан 107 азамат 886 млн теңгеге ипотека алған. Ал үшінші орында Ақтөбе облысы. Аталған облыстың 102 тұрғынына банктер жалпы құны 877 млн теңге қарыз берген.  

Одан кейін Шығыс Қазақстан облысында "7-20-25" бағдарламасымен 97 өтінімге 880 млн теңге несие рәсімделсе, Батыс Қазақстан облысының 72 тұрғыны 560,6 млн теңге қарыз алған. 

Өзге өңірлерде көрсеткіш айтарлықтай емес. Мәселен, Алматы облысында 49 өтінім мақұлданып, 581 млн теңге берілсе, Атырау облысында 43 азамат 577 млн теңге қарыз алған. Ал Қарағанды облысында 42 өтінімге 475,9 млн теңге берілген.

Өз кезегінде Қостанай облысында 221,5 млн теңгеге 29 өтінім, Шымкентте 225,5 млн теңгеге 21 өтінім, Жамбыл облысында 165 млн теңгеге 15 өтінім мақұлданған.

Соңғы орындағы үш облыста көрсеткіш мүлде жоқ немесе жоқтың қасы. Павлодар облысында бес адамның 62 млн теңгелік өтінімі мақұлданса, Солтүстік Қазақстан облысында бар болғаны бір азамат 12 млн теңгенің несиесін рәсімдеген. Ал Түркістан облысында ешкім баспана үшін несие алмаған. Сарапшылар оның себебін жаңа пәтерлердің жоқтығымен байланыстырады.

Айта кетейік, "7-20-25" бағдарламасына АТФ Банкі, Цесна банкі, RBK банкі, Еуразия банкі мен Халық банкі қатысады. ТҚЖ банкі (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) әзірге қатыспайды. Дайындық жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу