"Астана Арландары" Үндістанның Рохтак қаласында "Indian Tigers" клубымен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Шаршы алаңға әуелі 49 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар шықты. Теміртас Жүсіпов аса тартысты өткен жекпе-жекте Шиам Кумар Какарадан басым түсті. Тәжірибесінің мол екендігін дәлелдей білді. Есеп – 2:1 (50:45, 48:47, 47:48).
Бұдан кейін 56 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар айқасып, Нұрсұлтан Көшғұлов төрешілердің бірауызды шешімімен Эташ Хан Мухаммедке есе жіберіп алды. Жекпе-жектің басында маңдайы жарылып қалып, соның да кесірі тигендей. Есеп – 0:3 (46:49, 47:48, 46:49).
64 келі салмақ дәрежесіндегі Ділмұрат Мижитов жалпы есепте қайтадан "Астана Арландары" клубын алға шығарды. Соққылары нық боксшымыз Дхеераджды 2:1 (50:45, 47:48, 49:46) есебімен жеңді.
Рохтак рингіне 75 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар шыққанда, жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Соққысы қуатты Әбілхан Аманқұл жерге қаратқан жоқ, Ашиш Кумарды күмәнсіз жеңді. Есеп – 3:0 (49:45, 50:45, 49:46).
Шаршы алаңға ең соңынан шыққан 91 келідегі боксшылар арасындағы жекпе-же те қызықты болды. Өкінішке қарай, Әбілқайыр Тұрланбек жергілікті көрермендер қызу қолдаған Санджет Санджетке есе жіберіп алды. Есеп – 1:2 (49:46, 45:50, 45:50).
Естеріңізге сала кетейік, бұл – "Астана Арландары" мен "Үндістан Жолбарыстары" арасындағы екінші кездесу. Біріншісі 10 ақпан күні Қарағандыда өтіп, онда Нұрлан Ақүрпековтің шәкірттері 4:1 есебімен басым түскен болатын. Енді күрзі жұдырықты "арландарымыз" 6 сәуір күні Қытайда "China Dragons" клубымен жұдырық түйістіреді.
Маруан Түсіп