"AstanaBike нарыққа келмегенде, веложолдар да салынбас еді"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2868

Бірегей жобаға Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе халқы қызығушылық танытып отыр.

"AstanaBike нарыққа келмегенде, веложолдар да салынбас еді"

Елімізде велосипедпен жүретіндер саны артып келеді. Тиісті инфрақұрылым да даму үстінде. Бірер жыл бұрын ірі қалаларда AstanaBike, АlmatyВike және ShymkentBike жобалары өмірге келген болатын. Аталған жүйелердің бүгінгі аяқ алысы қалай? Қандай жаңашылдықтар бар? Жобадан табыстылығына қандай деген сауалдар қызықтырмай қоймайды. Аbctv.kz тілшісінің осы және өзге де сауалдарына AstanaBike, АlmatyВike және ShymkentBike жобаларына жетекшілік етіп отырған "Velocity" қоғамдық қорының атқарушы директоры Алмагүл Қасымова жауап берді.

– Алмагүл ханым, автоматтандырылған велосипедтер жүйесі елімізде алғаш рет Астанада ашылды. Жобаның бүгінгі аяқ алысы қалай? Статистикалық деректер не дейді?

– "Velocity" қоғамдық қоры 2014 жылы құрылып, дәл осы жылы 7 шілдеде AstanaBike жобасын іске қосты. Бүгінде жоба елордалықтар тарапынан жоғары сұранысқа ие. 2014 жылы Астананың орталық бөлігіне 200 велосипедке арналған 40 велобекет қойылған еді. Алғашқы жылы пайдалану үрдісі төмен болды. Көпшілік жүйені жете түсінбеді. Соған қарамастан, бірінші веломаусымда 577 тұрақты пайдаланушы тіркелді. Веломаусым шілдеден қазанға дейін жалғасты. Осы аралықта астаналықтар мен қала қонақтары біздің құралдарды 4 442 сағат пайдаланып, 15 мың мәрте тепкен екен. Бұл маусымда 29 206 километр жер жүріліп өтті.

– 2015 жылы велобекеттер саны көбейді ме?

– Иә. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен қосымша 110 станция сатып алынды. Велосипедтер саны 1 мыңға жетті. Бұл маусымда да пайдаланушылар саны аса көп болмады. Өйткені, велобекеттер жылдың соңына қарай пайдалануға берілген еді. 2016 жылғы статистикалық деректер төмендегідей: пайдаланушылар саны 577-ден 1 666-ға дейін артты; велосипедтер 87 137 рет пайдаланылды; пайдалану уақыты 23 258 сағатты, ал құралдардың жүру ұзақтығы 178 410 шақырымды құрады. 2015 жылы велосипедтерді СМС арқылы пайдалану қызметі іске қосылды. Бұл жүйе бойынша құралдар 154 рет тебілді. Жаңашылдықты көбінесе шетелдіктер қолданды.

2016 жылғы маусым өте сәтті өрілді. Пайдаланушылар саны күрт өсті. Бұл тұрғындардың жүйені үйрене бастағандығын көрсетеді. 2016 жылы велобекет саны ұлғайтылған жоқ. Есесіне, қосымша тағы бір сату бөлімі ашылды. Бұл маусымда AstanaBike жүйесін 6893 адам пайдаланды. Велосипедтер 794 532 рет тебілді. Тұрғындар құралдарды 204 184 сағат пайдаланған екен. Осы маусымда 1 794 417 шақырым жер жүрілген. СМС арқылы пайдалану 425-ті құрады.

– Сонда бір велосипед орташа есеппен қанша рет тебілген?

– Франциядағы серіктесіміз Smoove компаниясының статистикасына сүйенсек, 2016 жылы Астанадағы бір велосипед күніне 5,97 рет тебілген. Бұл – Smoove велосипедтерін пайдаланатын қалалар ішіндегі жақсы көрсеткіш. Дәл осы кезеңде Мәскеудегі велосипедтер күніне 5,7 рет тебілсе, Париждегі велосипедтер 3,2 рет, Сан-Францискода 3 рет пайдаланылған. Осы маусымда велосипед жетіспеушілігі туындады. Барлық құрал пайдалануда болғандықтан, станцияларды дер кезінде толықтыра алмадық. Сондықтан, 1 шілдеден бастап карталар беруді тоқтаттық.

– 2017 жылы Астанада ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылды. Осы орайда AstanaBike жүйесіне сұраныс артқан шығар?

–  Біз де солай ойлағанбыз. Бірақ, сенім ақталмады. Пайдалану үрдісі ЭКСПО-ның емес, қаланың өзге аумақтарында белсенді жүрді. Негізі, "Самұрық-Қазынаның" қолдауымен ЭКСПО көрмесі аумағына орналастыру үшін қосымша 30 велобекет алынған еді. Велосипед саны да 280-ге көбейді. Бірақ, нәтижесіз болды. Қазір көрме аумағындағы станцияларды тиімсіз болғандықтан, қаланың өзге аумақтарына орналастырып жатырмыз.

– Білуімізше, былтыр абоненттік төлемнің бағасы өсті. Бұл жағдай нарыққа қалай әсер етті?

– Кері әсері болды, әрине. Пайдаланушылар саны азайды. Бұл маусымда 4265 тұрақты пайдаланушы тіркелді. Оның үстіне былтыр ауа райының қолайсыздығына байланысты веломаусым да кеш ашылды. 2017 жылы велосипедтер 420 203 рет тебілді. Пайдалану уақыты 102 631 сағатты құрады. Жүріліп өткен жол 958 800 шақырымға тең. Құралдар СМС арқылы 461 рет пайдаланылды.

2014-2016 жылдары бір жылдық абоненттік төлем 5 мың теңге болды. Бұл өзін-өзі ақтамағандықтан, 2017 жылы құрылтайшылар кеңесінің шешімімен төлем көлемі 50%-ға қымбаттады. Бірақ, велосипедті пайдалану тарифтері өзгерген жоқ. Айта кету керек, велосипедті алғашқы 30 минутта пайдалану тегін. Сондықтан қолданушылар оны жарты сағат сайын ауыстырып отырады. Осылайша, маусым басында салынған 500 бірлік жыл соңына дейін жетеді. Оның үстінде велосипед тебу үрдісінің 80%-ы ақысыз түрде өтеді. Яғни, пайдалану уақыты 30 минуттан аспайды. Бізге баланстан ешқандай пайда жоқ. Негізгі табыс көзі – абоненттік төлем. Сондықтан оны қымбаттату қажет болды.

– Жүйені кімдер немесе қай жастағы адамдар жиі пайдаланады?

– Әуелде жастар белсенді болатын шығар деп топшылағанбыз. Олай болмай шықты. Пайдаланушылардың негізгі бөлігін жұмыс істейтін тұрғындар құрап отыр. Біз кешкілік Астананың сол жағалауындағы бекеттерді босатып қоямыз. Өйткені, таңертең оң жағалаудағы құралдардың бәрі сол жағалауға келеді. Яғни, оң жағалаудың тұрғындары таңертең велосипедті жұмысқа теуіп барады. Түскі үзілісте бұл процесс керісінше жүреді. Мәселен, таңғы уақытта Министрліктер үйінің алдындағы бекеттерді босатып қоямыз. Мемлекеттік қызметшілер жұмысқа велосипедпен қатынайды. Белсенді пайдаланушыларымыз да солар. Нақтырақ айтсақ, AstanaBike-ты белсенді қолданатындар – 25-50 жас аралығындағы адамдар.

– Биылғы маусым қалай басталды?

– Ауа райы қолайсыз болғандықтан маусымды биыл да кеш бастадық. Соған қарамастан, велосипедтер күн сайын 4-5 мың рет тебіледі. Бастапқы кезеңде күніне 200-ден астам адам карталарын активтендіруден өткізді. Бұл үрдіс қазір бәсеңдеді. Дегенмен, күн сайын 50-ден астам адам жаңа карта рәсімдеп, былтырғы абоненттерін активтендіріп жатыр.

– Пайдаланушыларға жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Иә. 2017 жылдан бастап студенттерге, зейнеткерлерге және үшінші топтағы мүгедектерге 50%-дық жеңілдік қарастырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы бойынша жекеше өтінім берген азаматтардың өтініші қарастырылып, кейбіреуіне ақысыз түрде карталар рәсімделуде.

– Астанадан кейін автоматтандырылған велосипедтер жүйесі Шымкентте ашылғанын білеміз. Ол жақтағы жобаның жайы нешік?

– ShymkentBike 2016 жылы 9 шілдеде ашылды. Оны жүзеге асыруға Шымкент қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. Қаланың орталық бөлігіне 200 велосипеді бар 40 бекет орнатылды. Мұндағы пайдаланушылардың негізгі бөлігін студент жастар құрайды. ShymkentBike айтарлықтай сұранысқа ие емес. Дегенмен, велосипедтер күніне 500-700 рет пайдаланылады. Негізі, Шымкент үшін осының өзі жақсы нәтиже. Өйткені мұндағы велобекеттер саны аз және олар қаланың орталық бөлігінде ғана орналасқан. Қаланың ірі тұрғын үй кешендерінен, шағын аудандарынан сұраныстар түсуде. Жалпы, Шымкент пен Алматыда веломаусым жыл бойы жүргізіледі. Қыс айларында дөңгелектерді ауыстырамыз. ShymkentBike іске қосылған соң Шымкентте веложолдар салынып, велосипед тебушілерге арналған жол белгілері пайда бола бастады.

– АlmatyВikе қызметін шамамен қанша адам пайдаланып жүр?

– АlmatyВikе 2016 жылы 16 қыркүйекте Алматы қаласы күні аясында ашылды. Қаланың іскерлік орта қалыптасқан бөлігіне 270 велосипедке арналған 50 бекет қойылды. Қыркүйек айында ашылса да, жыл соңына дейін 1 068 пайдаланушы тіркелді. Былтыр "Самұрық-Қазына" қоры мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп қосымша 150 бекет орнатты. Велосипед саны 1460-қа көбейді. Қазір Алматыда 1730 велосипед, 200 велобекет жұмыс істейді. Станциялар қаланың халық көп шоғырланған аудандарын толық қамтыды деп айта аламыз. 2017 жылы АlmatyВikе-ты 4 мың адам пайдаланды. Қысқы уақытта күніне 600 рет пайдаланылды. Бүгінде күн сайын 4-5 мың адам пайдаланып жүр.

– Жүйеге қандайда бір жаңашылдықтар енгізіле ме?

– Пайдаланушыларға оңтайлы болу үшін бірлікті толтыру және картаны активтендіру қызметтерін QIWI-терминалдар арқылы жүзеге асыруды қолға алмақпыз. Одан кейін QIWI-әмиян арқылы төлем жасау қызметін енгіземіз. Сондай-ақ, 14 банктің мобильді қосымшасы арқылы төлем жүргізуді де іске қоспақпыз.

– Жалпы, бір велосипедттің құны қанша?

– Бұл сұрақ жиі қойылады. Бірақ, нақты бағасын айта алмаймыз. Өйткені біз велосипедті емес, біртұтас программалық жүйені сатып аламыз. Қажет десеңіз, әрбір велобекеттің құнын есептеп шығаруға болады. Алайда, олардың бағасы да әртүрлі. Себебі, бекеттегі орындар саны бірдей емес.

– Құралдарды пайдалану мерзімі қанша жыл?

– Бес жылға кепілдік берілген. 2014 жылы алынған құралдар әлі де бес жыл қызмет етуге жарамды.  

– Велосипедті Франциядан аласыздар ма?

– Иә. Францияның Smoove компаниясымен серіктеспіз. Велосипедтің рамасы Португалияда авиация саласында қолданылатын металдан жасалған. Ол вандалдық іс-әрекеттерге, ауа райына өте төзімді.

– Бұл компанияның өнімдерін тағы кімдер пайдаланады?

– Біз әуелде Чехияның, Францияның, Германияның жүйелерін қарастырдық. Сосын Францияға тоқтадық. Бұл жүйе біздің менталитетке жақын. Велосипедтерді сындыру, ұрлау мүмкін емес. Үш қалада да ондай фактілер тіркелген жоқ. Десе де, пайдаланушының салғырттығынан Астана мен Алматыда бір-бір оқиға орын алды. Велосипедтерде GPS-сигналдар орнатылған. Жоғалған жағдайда дереу тауып аламыз. Бүгінде Smoove компаниясының құралдары Канада, Ресей, Франция, Финляндия, Марокко елдерінде қолданылады. Қазір Түркіменстан, Әзербайжан, Болгария қызығушылық танытуда.          

– Халықтың велосипед тебу мәдениеті қаншалықты өзгерді? Оларға деген көзқарас ше?

– Алғашқы жылдары жолда тебу қауіпті еді. Өйткені, көлік жүргізушілері түсініспеушілік танытатын. Қазір олай емес. Жүргізшілер түсіністікпен қарайды. Велосипед тебушілер де өзгелерге кедергі келтірмеуге тырысады. Бастапқыда бізде нұсқаулықтар да болмады. Қазір жол жүру ережесінде велосипедшілерге арналған арнайы тарау бар. Веложолдар салынуда.

– Веложол демекші, биыл Астананың 20 жылдығына орай бірнеше облыс бірігіп бірнеше шақырымдық веложол салып жатыр. Осыған орай AstanaBike-тың паркі ұлғаюы мүмкін бе?

– Биыл "Самұрық-Қазына" қоры біздің жүйені қаржыландырудан бас тартты. Қор тарапынан қаржыландыру тоқтағандықтан, паркті ұлғайту жоспары жоқ.

– "Самұрық-Қазына" не үшін бас тартты?

– "Velocity" қоғамдық қоры өзін-өзі қамтамасыз етуі керек деген міндет қойылды.

– Демек, тариф қымбаттайды ғой?

– Жоқ. Бұл әлеуметтік жоба ретінде қалыптасқандықтан тарифті одан әрі қымбаттата алмаймыз. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, қосымша демеушілер іздестірудеміз. Құралдарға жарнамасын орналастырғысы келетін компаниялар бар. Тарифтер қымбаттамайды. Қаржы көзін табудың басқа ресурстарын іздестірудеміз.

– Бұл жүйе шетелде қалай жұмыс істейді?

– Мәскеуде тура біздікіндей жоба бар. Оны ВТБ банк пен қала әкімдігі тікелей қолдап отыр. Банк қажетті құрылғыларды сатып алса, әкімдік жобаны ұстап тұруды өз мойнына алған.

– Әкімдіктер сіздерді де қолдап отырған ғой?

– Көбі солай ойлайды. Бірақ, олай емес. Алматы мен Шымкент әкімдіктері қолдайды. Ал Астана әкімдігі құлықсыз. Сондықтан, қыс маусымында велобекеттерді өзіміз тазалаймыз. Оның үстіне елордадағы коммуналдық қызметтің көліктері станцияларымызды жиі бүлдіріп кетеді.

– "Самұрық-Қазына" қолдаудан бас тартса, жобаларыңыздың ғұмыры келте болуы мүмкін бе?

– Олай кесіп-пішіп айтуға болмайды. Біз жұмысты жалғастырамыз. Жоспарларымыз да сан-алуан.

– Ол қандай жоспарлар?

– Астана қаласынан балаларға арналған веломектеп ашсақ дейміз. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде велосипед тебушілер көбейді. Көбінің меншікті велосипедтері бар. Сервистік қызмет көрсету орталығын ашу ойда бар. Мұндай орталықтарға сұраныс көп.   

– Жобаларыңыздан қанша табыс түседі?

– Үш жобадан да мол табыс тауып отырған жоқпыз. Пайданың бәрі жүйені қолдауға бағытталуда. Қызметкерлердің еңбекақысына, станциялардағы интернетке, СМС-хабарламаларға, техникалық қызметтің көліктеріне жұмсалуда. Мәселен, былтыр AstanaBike-тың табысы 50 млн теңгені құрады. Ал АlmatyВike-тың табысы 25 млн теңгеге тең болды. Байқап отырғаныңыздай, табыстың негізгі бөлігін AstanaBike құрап отыр. ShymkentBike-тан түсетін пайда мардымсыз. Табыстың көп бөлігі құрал-жабдықтарға, жөндеу жұмыстарына жұмсалады.

– Қазір Астана мен Алматыда Оfo жүйесінің велосипедтері шыға бастады. Бұл компания сіздерге бәсекелес бола ала ма?

– Оfo-ның нарыққа келгеніне қуаныштымыз. Біз оны бәсекелес деп санамаймыз. Оның өз ерекшелігі бар. Біздің бағытымыз бөлек. Қайта нарықта компаниялардың көбейгені жақсы. Велосипед тебушілер саны артады. Бұрын көпшілік "Веложолдар салынбай тұрып, жүйені неге іске қостыңыздар" деп реніш білдіретін. AstanaBike нарыққа келмегенде, веложолдар да салынбас еді. Сондықтан, жұмысты жалғастырамыз. Біздің жүйе әлеуметтік жоба ретінде іске асырылды. Яғни, қалаға қосымша транспорттық инфрақұрылым қалыптастыру үшін қолға алынды. Қазір әлем велосипедке ауысып жатыр. Өйткені өте тиімді құрал. Экологиялық тұрғыдан таза. Біздің велобекеттер күн энергиясымен қуаттандырылады. Электр коммуникацияларының қажеті жоқ. Бұл да негізгі басымдық.

– Өзге қалалардан сұраныс бар ма?

– Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан сұраныс түсті. Бірақ, олар "Самұрық-Қазына" қоры орнатып берсе деген өтініш білдірді. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр.

– Пайдаланушылар қандай қателіктерге жиі бой алдырады?

– Велосипедті дұрыс тіркемейді. Құралды тебу уақыты екі сағаттан асқан соң сервистік қызметтің өкілдері велосипедті шын мәнінде теуіп жүргеніне көз жеткізу үшін пайдаланушыға хабарласады. Көп жағдайда құрал дұрыс тіркелмегендіктен, тебу уақыты тоқтамайды. Ол аралықтағы төлем салғырттық танытқан пайдаланушының бірлігінен шегеріледі. Осындай жағдайлар орын ала берген соң СМС-хабарлама жіберу жүйесін енгіздік. Бірақ, бұл өте шығынды жүйе. Әрбір СМС-хабарламаға 11 теңгеден төлейміз.

– Қандай жағдайда айыппұл төлейді?

– Карта рәсімделген уақытта келісімшартқа қол қойылады. Егер велосипед тебу уақытында сынатын болса, сынған құрылғының сомасын төлейді. 16 жасқа толмағандарға велосипедтерді тебуге рұқсат жоқ. Өйткені, бір велосипедтің салмағы 25 килограмм. Яғни, өте ауыр. Дегенмен, кейбір ата-аналар карталарын ұл-қыздарына беріп қояды. Балалардың теуіп жүргенін байқасақ, велосипдеттің нөмірі арқылы жүйеден картаның иесін анықтап, хабарласып ескерту жасаймыз. Бұл жағдай қайталанатын болса, картаны бұғаттап тастаймыз.

– Велосипедтердің қандай бөліктері жиі сынады?

– Дөңгелектері. Әйелдер көбінесе тротуармен жүреді. Ал тротуарларда түсуге арналған пандустар қарастырылмаған. Амал жоқ, секіріп өтеді. Соның салдарынан дөңгелек жарылады, дискі майысады. Педальдар, рульдің резеңке қабаттары жиі ұрланады. Үш қалада да жөндеу шеберханасы бар. Сынған велосипедтерді өзіміз жөндейміз. Мәселен, Астана қаласы бойынша күніне 15 велосипед жөндеуден өтеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу