"Астана" өз алаңында Киевтің "Динамосынан" ұтылып қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2003

Футболдан Еуропа лигасының бесінші турында Қазақстан чемпионы Украинадан келген қонақтарына есе жіберіп алды.

"Астана" өз алаңында Киевтің "Динамосынан" ұтылып қалды Фото: kff.kz

Астанада күн борап, аяз күшейе түскенде, "Астана-Арена" стадионында доп додасы мейілінше қызып, қайнап тұрды. Қазақстан чемпионы ойын басталған бетте атойлап алға шауып, қонақтарын тықсыра түсті. Киевтен келген "Динамоның" ойыншылары Сарыарқа төсіндегі жасыл алаңның жасанды желегіне бірден бейімделіп кете алмай, әбігерге түсті. Тіпті көп қателесті.

Ал "Астана" шабуылды үдете түсті. Украинадан келген меймандарын ес жиғызбай, әбден састырды. Бірақ шектен тыс аласапыран сәттерде де, ала допты ашық қалған қақпаға дәлдеп тебе алмай, пұшайман болды. Джуниор Кабананга да мүлт кетіп, жігерімізді құм қылды. Ал Роман Муртазаев допты бірнеше рет қақпаға бағыттай салатын тым оңай сәттерде, қиыс теуіп, көрермендерді аһ ұрғызды.

Осы ретте айта кетейік, Роман Муртазаев бұл ойында негізгі құрамда ойнау мүмкіндігіне ие болған еді. Себебі, Педро Энрике осының алдындағы матчтарда алған ескертулеріне байланысты алаңға шыға алмады. Өкінішке қарай, Рома сенім үдесінен шыға алмады. Әрине, футболда бәріне бір ғана ойыншы кінәлау мүлдем дұрыс емес.

Алғашқы 10 минуттан кейін "Астана" кем дегенде екі доп айырмасымен ұтып жатуы керек еді. Бірақ бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды да, аптықтары басылып қалғандай болды. Ал динамолықтар болса, жасанды алаңға бейімделе бастағандай әсер қалдырды. Әйтеуір асып-сасып, қателесулері күрт азайды. Тіпті қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырыса бастады.

Ол, ол ма?.. 29-минутта тіпті гол соғып та кетті. Негізі, доп салатындай да мүмкіндіктері жоқ еді. Бірақ қонақтардың жас капитаны, яғни Виктор Цыганков біздің қақпаға теріс қарап тұрса да, допты өкшесімен Беньямин Вербичтің алдына салып берді. Словения ойыншысы өзімен иық қағыстыра допқа ұмтылған Аничичті қапы қалдырып, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Ненад Эрич те допқа жете алмай, сан соғып қалды. Гол!

Осылай ойламаған жерден өз қақпасына доп жіберіп алған "Астана" сең соққандай күйге түсті. Өкініш өзектерін өртеп бара жатқандары, айтпаса да түсінікті. Бірінші таймның аяғына дейін бірнеше шабуыл ұйымдастырып, есепті теңестіруге тырысқандарымен, гол соғудың сәті түспей қойды. Қонақтар болса, қорғаныста жанкештілік танытып, "өліспей" берісер емес. 

Үзіліс кезінде "Астананың" бапкерлері шәкірттерінің құлақтарын "бұраса" керек, алаң иелері екінші тайм басталған бетте де, алға қарай лап қойды. Содан айылдарын жимай, тағы да 45 минут бойы дамылсыз шабуылдаумен болды. Бірақ тағы да, бірінші таймдағыдай, қақпаны дәлдеп көздей алмай, діңкелері құрыды. Тағы бірнеше рет тамаша мүмкіндіктерін мүлт жіберді. Допты қиыс тебуден, гол соғу оңай сәттерде жаза басып, аһ ұрғызды.

Ал қонақтар тек қорғанумен болды. Осы есепті ұстап қалуды ғана ойлады. Реті келсе, уақыт созып, "Астана" ойыншыларын ызаландыруды да ұмытқан жоқ. Мұның бәрі алаң иелерін асығуға мәжбүрледі. Ал "асыққан шайтанның ісі" демекші, елорда командасының ойыншылары сабаларына түсе алмай, таразы басын теңестірудің айла-амалын таппады.

Сөйтіп, 20 қыркүйек күні, өз алаңында ұтып жатып, 95 минутта (яғни ойынның негізгі уақытына қосылған бесінші минутта) "Астананың" есепті теңестіруіне мүмкіндік беріп алған "Динамо" бұл жолы еселерін қайтарды. Бірінші турдағы сол өкініштерін ұмыта алмаған ба, "Астана-Арена" стадионында шектен тыс мұқият болуға тырысты. Дәл сол матчта уыстарынан шығарып алған екі ұпайды артығымен (үш ұпай ретінде) қайтарды.

Осы ойыннан кейін Чехияа "K" тобындағы екінші матч өтіп, "Яблонец" өз алаңында Францияның "Ренн" клубынан ұтылып қалды (0:1). Жалғыз голды 55-минутта Клеман Гренье соқты. Енді 13 желтоқсан күні "Астана" мен "Ренн" кездеседі. Еуропа лигасының 1/16-финалына шығатын екінші команда дәл осы матчта анықталады. "Астанаға" тең ойын да жеткілікті, тек ұтылмау керек. Ал "Динамо" (Киев) бірінші орынмен шығып тұр.    

"Астана" – "Динамо" (Киев, Украина) – 0:1

Гол: Вербич, 29.

Ескертулер: Постников, 32. Кляйнхайслер, 87 – Че Че, 90. Гармаш, 90+3.

"Астана": Эрич, Зайнутдинов (Шомко, 75), Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер, Маевский, Муртазаев, Томасов, Алмейда (Мужиков, 58), Кабананга (Янга, 62).

"Динамо": Бойко, Миколенко, Кадар, Бурда, Кендзера, Шепелев, Че Че, Сидклей, Цыганков (Морозюк, 84), Шапаренко (Гармаш, 64), Вербич (Сидорчук, 76).

Төрешілер: Бебек, Петрович, Гргич (бәрі де – Хорватия).

 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 23 – 5

Тура соққы: 3 – 2

Қиыс кеткені: 17 – 2

Тойтарылғаны: 3 – 1

Қақпа маңдайшасы: 1 – 0

Бұрыштама соққылар: 0 – 2

Офсайдтар: 2 – 1

Доп иелену: 55% – 45%

Пастар: 489 – 428

Дәл пастар: 411 – 349

Пастар дәлдігі: 84% – 82%

Қорғаныста доп тартып алу: 46 – 44

Ескерту (сары қағаз): 2 – 2

Ереже бұзу: 16 – 16

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу