"Байқамай, өзіме 270 мың теңге аударып жіберіппін"

12672

Банк карточкасын  әйелі ұстайтын шенеунік шімірікпестен осылай деді.

"Байқамай, өзіме 270 мың теңге аударып жіберіппін"

Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің басшысы өзіне заңсыз 270 мың теңге сыйақы аударған. Бұл туралы  Қарағанды облыстық  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне түскен шағымнан кейін мәлім болды.

Ақпаратты Жезқазған қалалық жұмыспен қамту бөліміне тексеріс жүргізген агенттік те растады.

"Жезқазған қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  қызметкерінен түскен шағымнан соң біз тексеріс жүргіздік.  Нәтижесінде мекеме басшысы Хамзат Жаналин 2016 жылдың желтоқсан айында өзіне 270 мың теңге көлемінде сыйақы аударғаны анықталды", деді  Қарағанды облыстық мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Бақтияр Макеев.

Сорақысы сол,  Хамзат Жаналин жаңа қызметіне  өткен жылдың қазан айында ғана келген. Жаңа лауазымында сынақ мерзімінде жүрген. Ал ҚР мемлекеттік қызметкерлер  туралы  заңында  "сынақ  мерзімінде  жүрген  мекеме қызметкерлері мен  басшыларына сыйақы тағайындалмайды", – деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ заңды белінен басқан шенеунік өзін 2 айда атқарған қызметі үшін "қомақты сыйақыға лайықтымын" деп бағалапты.

"Қол қойған қағаздарды қарамаппын"

Шағым түскен соң  дереу  облыстық әдеп жөніндегі кеңесті жинаған агенттік төрағасы Жандос Сәрсенов жауапты мекеме басшысын  жазалау жолын қарастырды. Кеңес мүшелерінің алдында ақталуға бар күшін салған Хамзат Жаналин тергеу кезінде айтқандарынан айнып шықты. Ол кінәлі екенін біліп тұрып: "Байқамай, өзіме 270 мың теңге аударып жіберіппін, қол қойған қағаздарды қарамаппын, есепші де айтпапты", – деп сүттен ақ, судан таза болуға тырысты. Бұл сылтауы көмектеспеген  соң ол шағым түсірген қызметкерін жамандап, жер жебіріне жетті. Тіпті "жала жапты деп сотқа беремін!" – деді Хамзат Жаналин.

Ал кеңес төрағасының: "банк карточкасына түскен ақшаны қалай көрмедіңіз?", – деген сауалына бөлім басшысы: "Мен ақшаны өзім  ұстамаймын, карточкам әйелімде, ол да айтпапты", – деп бет бақтырмады.

Жеңіл жаза

Өзіне шаң жуытпаған шенеунікке әдеп жөніндегі кеңес мүшелері "рақымшылық" жасағандай болды. Әу баста олар мекеме басшысын жемқорлық фактісі бойынша қызметінен кетірмек болған. Артынан ойларынан айнып, жазасын жеңілдетті. Сөйтіп бөлім басшысына қатаң сөгіс жариялап, оған қазына қаржысын кері қайтартты.

"Қаржыны қайтаруыңызға байланысты қатаң сөгіс жариялау туралы шешім шығардық, келесі жолы жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасалады", – деп ескертті әдеп кеңесінің төрағасы Жандос Сәрсенов.

Мемлекеттік  қызмет жөніндегі агентік мамандарының мәлімдеуінше, Қарағанды облысында мемлекеттік мекеме басшыларының қызметтік ережені бұзу немесе асыра пайдалану фактілері жиілеп кеткен. Атап өтейік, бұған дейін Қарағанды облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын  бақылау басқарамасының басшысы Саяш Ахметовтың қол астындағы  қызметкерлерін негізсіз жазалағаны үшін ескерту алған, ал Қарағанды қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сабыржан Дәуітбергеновке сот  істеріне қатыспағаны үшін яғни заңды құрметтемегені үшін әдеп  кеңесі тиісті  жаза тағайындаған болатын.

Аяжан Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу