"Барыс" бастырмалатып келеді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2680

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін Қазақстан клубы жанкүйерлерін жеңістерімен қуантып, алдыңғы лекте келеді.

"Барыс" бастырмалатып келеді

"Барыс" клубы Құрлықтық хоккей лигасының 10-шы маусымында нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп келеді. Әзірше 20 ойын өткізіп, соның 11-інде жеңіске жетті. Жеті рет ұтылып, екі мәрте тек буллитте есе жіберді. "Шығыс" конференциясында 35 ұпаймен 4-орында тұр. Бір сөзбен айтқанда, аяқ алысы жаман емес.

Деңгейі өзінен төмендеу командаларды ғана емес, түзде "Салават Юлаев" (5:3) және "Авангард" (4:3), өз алаңында "Локомотив" (6:1) және "Торпедо" (4:2) секілді азулы командаларды да тізе бүктіріп, көпшілікті тәнті қылды.

20 ойында 62 гол соқты. Тамаша көрсеткіш! Бұл жағынан 21 матчта 94 гол соққан, биыл қарсылас шақ келтірмей жүрген СКА хоккейшілеріне ғана жете алар емес. Есесіне, "Шығыс" конференциясында "Барыстан" артық гол соққан команда жоқ.

Бұл "Барыстың" шабуылы жойқын екендігін білдіреді. Жылдағыдай, бірінші бестігі – айбынды. Рас, америкалық Брэндон Боченски хоккей ойнағанды мүлде доғарып, еліне кетіп қалған. Ал канадалық Дастин Бойд маусым аралығында Мәскеудің "Динамосына" ауысып кетті...

Сөйтіп, "Барыстың" әйгілі және екпінді үштігінен тек Найджед Доус қалған болатын. Алайда маусым басталғанша, клуб менеджерлері Боченси мен Бойдтың орнына мұхиттың арғы бетінен басқа хоккейшілер шақыртты. Канада шабуылшылары Линден Вей мен Мэттью Фреттин жоғарыдағы екеуінің орнын басты. Оларды әлі жоқтатпай келеді.

"Барыстың" 20 ойында соққан голдарының жартысына жуығын осы Доус – Вей – Фреттин үштігі енгізді (18 + 4 + 6). Бұларға бірінші бестіктегі қорғаушыларды қоссақ, Астана клубын биыл да өрге сүйреп жүргендер бірінші бестігі екеніне көз жеткіземіз.

Әу баста қорғаушыларының бірінші жұбын Канада хоккейінің түлектері Кевин Даллмэн мен Даррен Диц құраған. Соңғысы да Астанаға биылғы маусым аралығында келді. Деңгейі өте жоғары қорғаушы екен. Оның өнеріне бүкіл ҚХЛ мамандары тәнті болды.

Өкінішке қарай, Диц жарақаттанып қалып, соңғы ойындарда мұз айдынға шықпай жүр. Негізі, 12 ойында бес гол соқан болатын. Бұған біздің елдің азаматтығын өз жерлестерінің бәрінен бұрын алған Даллмэннің екі шайбасын қосуға болады. Сонда бірінші бестік 35 гол соққан болып шығады. Яғни, "Барыстың" барлық голдарының жартысын – көп.

Бір қызығы, соңғы екі матчта Доус пен Даллмэн де айдынға шықпады. "Барыс" белді үш ойыншысы жоқ болса да (Дицті де қосып отырмыз), жанкештілік танытып, түзде "Авангард" пен Юграны" тізе бүктірді. Осы ретте айта кетейік, Диц қатардан шығып қалған бетте команда басшылары Өскеменнің "Торпедосында" ойнайтын Канада қорғаушысы Джордон Сауторнды команда сапына тартқан болатын.

Десек те, "Барысты" қорғанысының топсасы берік команда деп айта алмаймыз. 20 ойында 48 гол жіберіп алды. Бірақ өте сенімді, тасқамал қақпашысы бар. Швеция голкипері Хенрик Карлссонға гол соғу мүлде оңай емес. ҚХЛ-дағы бірнеше команда дәл осы Карлссоннан айлаларын асыра алмай, жеңілістің кермек дәмін татқан. Талай рет Хенриктің арқасында жеңіске жеткенбіз...

Қазақ жанкүйерлері үшін ең қуаныштысы, биылғы маусым басталып кеткен соң (бірнеше ойын өткен соң), командаға Талғат Жайлауов қайта алынды. Былтыр Өскеменде "іссапарда" болған шабуылшы биыл қайтадан "Барыстың" жейдесімен атой салып жүр. Ол әзірше 14 ойын өткізіп, төрт гол соқты. Бір рет нәтижелі пас берді. Сонда, "гол + пас" жүйесі бойынша бес ұпайы бар.

Сөз соңында айтарымыз, маусымды тәп-тәуір бастаған "Барыс" үшін сын сағаты енді басталады. Жарақаттанып қалған ойыншылары тезірек қатарға қосылса, жақсы болар еді, әрине. Жоғарыда атап өткеніміздей, команданың қазіргі аяқ алысы жаман емес. Бірақ маусым соңына дейін жоғары қарқында ойнауға күш-жігерлері жете ме? Оны уақыт көрсетеді...

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу