"БАСТ" АҚ-ты сатып алушыға таңдау жасалуда

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2254

Оған дейін тау-кен өндіруші компанияны жетілдіріп, тұрақты табыс тауып отыруға жеткізеді.

"БАСТ" АҚ-ты сатып алушыға таңдау жасалуда

"Фридом Финанс" АҚ алдағы уақытта "БАСТ" АҚ құрамынан шықпақшы. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша "БАСТ" АҚ-тың ірі акционерлері – 28,68% қарапайым акцияға ие М.Е.Мақашев, 8,62% акцияны ұстап отырған STICHTING RCG NETHERLANDS (Нидерланд корольдігі. Амстердам), 10,15% акция иесі "SKY ENERGY CAPITAL" ЖШС, 26,06% акцияға ие "Астана банк" АҚ, 5,05% акциясы бар "Фридом Финанс" АҚ. Алайда "Фридом Финанс" бұл компанияның тек андеррайтері ғана емес, сонымен бірге "Еуразиялық капитал" АҚ-пен бірге Қазақстан қор биржасында эмитент акциялары бойынша маркет-мейкері болып отыр. Құнды қағаздар Қазақстан қор биржасында  BAST тикерімен саудалануда және құнды қағаздардың ресми тізіміне кірген.

"Егер компания жылына миллион тонна кен шығаратын жағдайға жететін болса, онда ол бірігу мен жұтылу үшін жақсы кандидат болар еді", – деді "Фридом Финанс" АҚ корпоративтік қаржы департаментінің директоры Сәкен Үсер abctv.kz-ке.  Сонымен қатар ол егер стратегиялық инвесторлардан осындай ұсыныстар түсетін болса, онда оған басқа акционерлердің келісімі керек екендігін де тілге тиек етті.

Тілшілерді Мақсұт кен орны және ТКК-пен танысуға бастап барған Сәкен Үсер қазіргі таңда "БАСТ" АҚ дамуына банктен алынған несие мен тартылған акционерлік капиталды қоса алғанда шамамен 11 млн доллар салынғанын айтты. 

"Егер акционерлік капиталды қорға RCG-дың тікелей инвестициялары тартылған кездегі есептеу тұрғысынан алып қарайтын болсақ, онда бұл шамамен бір миллион доллар. Қаржыландырудың екінші кезеңі – Қазақстан қор биржасындағы IPO. Ол кезде акцияларды орналастыру сол кездегі бағаммен есептегенде шамамен екі милион доллар болды. Капиталдық шығындар шетелдік валютамен есептелгендіктен, бұл өте маңызды. Бұдан кейін екінші орналастыру шамамен бір миллиард теңге көлемінде  болды. Егер бұл долларлық актив болатын болса, онда шамамен үш миллион доллар, – деді ол. – Оған қоса біраз акциямызды Санкт-Петербордың капитал биржасына орналастырдық, кей жерде акциялық капиталдың шамамен 6 млн доллары инвестицияланды. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктің біріндегі қарыз, IPO-дан кейін қол жеткізілген несиелік желі және тағы шамамен 4 млн доллар. Барлығы шамамен 6,5 млн доллар акциялық капитал, төрт қарыз және БАСТ-тың пайдасына шешілген бірқатар қысқамерзімді қаржылық инвестиция. Сонымен инвестицияның орташа көлеміне қоса компанияның пайдасы шамамен 11 млн доллар, яғни бұл – қарыз бен капиталдың қосындысы".

Сәкен Үсердің айтуынша, аталған жағдайда "Фридом Финанс" бастапқыда ойластырылғандай қор нарығының қызметін атқарғысы келген.

"Біз "БАСТ" үлгісінде экономиканың нақты секторында жеке инвесторлардың барынша көп қаражатын жұмылдыруға тырыстық. "БАСТ" сияқты күрделі жобаларды алдымен тым жария емес капитал  нарықтарында қаржыландыру үшін біз капитал нарығының әлдеқайда  дамыған, мінсіз құрылымы болса екен деп ойладық, бірақ шындық жағдайға қарай индустрия тұрғысынан алғанда барынша қауіпсіз жобаны, операциялық топты іздеуге тырыстық және жалпы біз инвестициялық банк сияқты клиенттерімізбен бірге тепе-теңдік негізінде инвестиция салуға дайын екенімізді көрсеттік. Қазақстан қор биржасына және Санкт-Петербордың биржасына "Фридом Финанс" өз қаражатымен кірді.  Біз өте батыл қадам жасадық, яғни инфрақұрылымы шағын, ауқымды қоры мен адал операциялық командасы бар, бірақ арзан қаржыға, жалпы қаржыландыруға қол жеткізе алмай отырған компанияны айтарлықтай дамыған ортаға шығардық. Біз жағдай мәжбүрлеген жолмен жүрдік деуге болады", – деді ол.

Баспасөз туры барысында қуаты жылына 400 мың тонна  өнім беретін кен байыту фабрикасының іске қосылатыны мәлім болды.

"Осымен екінші фабриканы құрып еңбегінің алғашқы нәтижесін көрсеткен RCG тобына үміт артамыз. Бастапқыда бұл қуаттылығы жылына 200 мың тонна мыс-никель кенін қайта өңдейтін фабрика болса, енді бұл фабриканың қуаты 400 мың тоннаға жетті және бұл 2015 жылы өткен IPO аясында клиенттерімізге ұсынылған инвестициялық стратегияның жалғасы болып табылады", – деді Сәкен Үсер.

"Фридом Финанс" компаниясындағылар "БАСТ" болашақта пайда әкелетін жақсы инвестициялық идея екенін айтады. Брокердің ойынша, мақсатты баға бір қарапайым акция үшін 79 880 теңге болуға тиіс. Мақала жазылған кезде Қазақстан қор биржасының бір акциясының құны шамамен 45 мың теңге болған. 2015 жылдың 9 сәуірінде "БАСТ" қарапайым акцияларының бағасы соңғы жасалған мәмілелер бойынша бір акцияға 25 285 теңгені құраған, бұл IPO аясында орналастырылған бағасынан 15,8%-ға жоғары. Ол кезде компания акцияларының 9,09%-ы орналастырылған болатын. Компания 35 кВ электр беру желісін салу үшін 2,7 млн доллар мөлшерінде банктен қарыз алды. 2016 жылдың наурыз айында Ресейге мыс концентратының алғашқы партиясы жеткізілді. Сондай-ақ 2016 жылы никель концентратын жеткізуге келісімшарт жасалды, алайда оны жеткізу фабриканың қуаты 200-ден 400 мың тонна өнім шығаруға жеткенде ғана басталады деп жоспарланған еді. Жобаның үшінші кезеңі жылына 1,4 млн тонна кенді қайта өңдеуді көздейді. Яғни компания қуаты 400 мың тоннаға жететін қазіргі фабрикаға қоса жылына 1 млн тонна кен өңдейтін фабрика салуы қажет. Ал осы 400 мың тонна кен өңдейтін фабрикаға 843 млн теңге инвестиция құйылды, оның ішінде жаңа жабдыққа 356 млн теңге салынды.

"Мақсұт" кен орны Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында орналасқан, көлемі орташа. Кен орнындағы С1+С2 категориясы бойынша сульфид кенінің есептелген қоры 104 мың тонна мыс. Сульфид кенінің қорын есептеуге арналған бағалау нормалары 2013 жылы ҚР МПК-мен бекітілген. 2017 жылдың қыркүйек айына қарай "Мақсұт" кен орнының қорын  бұрынғы КСРО құрамында болған елдерде қолданылатын МПК-дан гөрі шетелдік инвесторларға түсінікті қорлар бойынша есептеудің JORC халықаралық стандартына көшіру жоспарланып отыр. Қорларды есептеу жөніндегі JORC халықаралық стандарттар талаптарына сай қорларды қайта есептеу компанияның құнын арттыру және оны  ірі халықаралық қор биржасындағы тізімге қосу мақсатында жасалады. Дәл қазіргі уақытта "БАСТ" АҚ құрамындағы мыстың мөлшері  20-25%  болатын мыс концентратын Қытай мен Өзбекстанға жеткізіп жатыр.

"Кен қорының көлемі 25 млн тонна. Сонымен қатар кен қоры екі есе өсуі мүмкін, өйткені кен орнының барлау жасалмаған екі учаскесі бар. Магниттік аномалия, яғни геофизикалық мәліметтер барланған учаскелердегідей көріністі беріп отыр. Бұл – сонау кеңес заманынан келе жатқан мәлімет. Бізге тек бұл жерлерді бұрғылап барлау керек", – деді журналистерге "БАСТ" АҚ бірінші вице-президенті Рүстем Оспанов.

"Іске қосу және жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бірден Мақсұт кен орнын дамытудың келесі кезеңіне көшеміз. Бұл фабриканың кен өңдеу қуатын жылына 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді", – деді "БАСТ" АҚ президенті Виталий Ипатов.

Сонымен бірге ол құрылыстың аяқталуы мен қуатты арттыруы – іске қосу жөндеу жұмысының кезеңі аяқталды деген сөз емес екенін айтып кетті. "Осы жобалық көрсеткішке шығу үшін әлі бір айдай режимді реттеу және оңтайландырумен айналысамыз", – деді ол abctv.kz-ке.

Жақын арада тау-кен компаниясы үшін ең басты міндет өндірісті және өнімді өткізуді, оның ішінде никель концентратын арттыру болады.

"Никель концентраты бірнеше күннен кейін өндіріле бастайды. Біздің осы өнімімізді сатып алуға қызығушылық танытып отырған көптеген сатып алушы бар", – деді Виталий Ипатов abctv.kz-ке.

Экспортқа шығарылады деп отырған өнім теміржол арқылы жеткізілетін болады. Оның 65 тоннасы Ресей мен ТМД елдеріне, 60 тоннасы Қытайға жеткізіледі. Өнімнің экспортқа шығарылатын партиясы бірнеше ауысымда дайындалады, содан кейін стансадан жөнелтуге жіберіледі.

"Мыс концентраты бойынша Ресейден бірнеше серіктес бар. Биыл Өзбекстаннан серіктес пайда болды. Ол –ірі тау-кен металлургиялық комбинат.Олар мыс концентратын  сатып алу бойынша ынтымақтастық жасайды, енді никель концентратын үлкен көлемде сатып алғылары келіп отыр. Олар тіпті барлық өнімді сатып алмақшы. Қазір біздің бірнеше әлеуетті сатып алушыларымыз бар. Ресей бұл үлкен металлургиялық комбинат", – деді "БАСТ" АҚ басшысы.

Жобаның үшінші фазасы миллиондық фабриканы іске қосу үшін 110 кВ ЭБЖ құрылысы қажет. Қазіргі таңда Мақсұт кен орны 10 кВ және 35 кВ-тық екі желі арқылы жұмыс істеп тұр. Фабрика құрылысы 2019 жылы бітеді деп жоспарланып отыр.

"Фабрика құрылысын 2019 жылы бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Жобаның техникалық шарттарын әзірлеу, электр энергиясын беру желісі құрылысы басталды. Бұл құрылысқа мемлекет тарапынан қолдау да болып қалуы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов іссапармен келген кезде ен далада мемлекет қаражатынсыз фабрика салғанға таңданып, 110 кВ ЭБЖ құрылысына қатысты жобаны жол картасына енгізуге тапсырма беретінін айтты", – деді Виталий Ипатов.

Компания мыс концентратын шығаруды екі есеге арттыру және жоспарланған никель концентратын жеткізуді бастау арқылы түсетін табысты арттырмақшы.

"Алғашқы тоқсанда кәсіпорын жұмыс істеген жоқ. Фабриканың ғимаратын кеңейту және жаңа жабдықты монтаждау жұмысы жүргізілді. Осыған сәйкес, түскен табыста шамалы болды. Небәрі он шақты миллион (теңге-автор еск) ғана қателеспесем. Екінші тоқсанда  да толық жұмыс істеген жоқпыз. Кәсіпорын мамыр айының аяғында ғана іске қосылды, бірақ та соған қарамастан табыс айтарлықтай болды. Тек шамамен 1,5 млн доллар пайда таптық. Екінші тоқсанда тапқан пайдамыз бір жылда түсетін табыспен бірдей болды. Біздің міндетіміз үшінші және төртінші тоқсанда ай сайын шамамен бір миллион доллар табыс табатындай жағдайға жетуіміз керек", – деді Сәкен Үсер.

"Мақсұт" тау-кен байыту комбинаты учаскесінің басшысы Ерлан Садуақасов комбинаттағы Caterpillar экскаваторы, 3 БелАЗ автосамосавалы, қытайлық бұрғылау жабдығы, бульдозер және виброкаток 500 мың тоннаға дейін кен өндіретінін айтты.

"1,4 миллионға екінші жылы, яғни 2018 жылдан бастап жылына миллион тонна кен өндіретін боламыз. Фабриканы кеңейту үшін тағы да қосымша техника сатып алынады. Тағы екі эксковатор, төрт самосовал керек", – деді ол журналистерге.

Ол компания концентратты сатқаннан түскен табыстың арқасында банктен алынған валюталық қарыздан құтыла алатынын айтты.

"Қазір компания банктен алған қарыздарына қатысты міндетін толық орындап отыр. Осы жылы операциялық пайда көп болады деп отырмыз. Компания жыл бойы табысты жұмыс істемеуі мүмкін, бірақ кей тоқсан табысты болады", – деді ол.

Сондай-ақ ол тау-кен компаниясы жыл сайын өңделіп отырған 400 мың тонна кен есебінен пайда таба алатынын айтты.

"Егер қазіргі жұмыс істеп тұрған қуатты қалдыратын болсақ, онда бұл кен орнын 30-35 жыл қандай да бір капитал шығынысыз-ақ пайдалануға болады. Компания акционерлерге олардың капиталы жақсы және инвестицияларының жоғары екенін бірнеше тоқсанда-ақ көрсетіп береді. Компания қазіргіден де көп ақша таба алады. Өйткені тағы да инвестиция салынуы мүмкін. Бірақ ол кезде маржиналдылық, пайда және тағы басқа тұрғысынан инвестициялық тартымды болады. Жаңа инвестициялар  пайда айтарлықтай өсетіндіктен, капиталға аса қатты қысым жасамайды. Белгілі бір өтімділік пайда болады. Компания миллиондық пайдасы бар кәсіпорында салу мәселесін бірнеше тоқсан күте тұрған жөн. Өйткені ол үшін компания жоқ дегенде екі-үш тоқсан қатарынан операциялық нәтиже көрсетуі керек", – деді Сәкен Үсер  abctv.kz-ке.

"Валюталық қарыз. Компанияның долларлық пайдасы бар. Бұл Qazaq Banki ("БАСТ" АҚ-қа қарыз берген). Бұл мөлшерлемеге қаржы институтының барлық тәуекелі тігілген. Бұл аталған актив үшін өте жоғары мөлшерлеме, бірақ мұны компания қайта қаржыландыра алады деп ойлаймыз. Сондай-ақ компанияның пайданы өсіруіне қарай қарызын да мезгілінен бұрын жабуы мүмкін", – деді ол.

Арзан қорландырудың болмауынан кезең-кезеңмен қаржы құйылған компания қуаттылығы миллион тонналық фабрикаға айналды. Бастапқыда 200 мың тонна, 400 мың тонна, 1,4 млн тоннаға шықты.

"Компанияны қаржыландырудың келесі кезеңі арзан болады. Компания аяғынан тік тұрып келеді, операциялық қаупі де азайды, сонымен бірге пайыздық мөлшерлемесі де айтарлықтай төмендеп келеді", – деді Сәкен Үсер.

Жаңа фабрикаға қаражат тартуда құрамдастырылған шешім қарастырылып отыр. Яғни қосымша эмиссия, акцияларды қазіргі және жаңа акционерлерге сату, қарыз алу сияқты нұсқалар ұсынылды. Сондай-ақ акцияларды кез келген орналастыру барысында қазіргі барлық акционерге сатып алуға басым құқық берлетінін айтып кетті.  

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу