"Бізді "Сарыарқаны" қаржыландыруға шақырды"

2257

ЕАДБ басшысы Андрей Бельянинов abctv.kz-ке банк жұмысының былтырғы жылғы қорытындысы мен келешек жоспары туралы айтып берді.

"Бізді "Сарыарқаны" қаржыландыруға шақырды"

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысушы-елдер арасындағы өзара сауда алдыңғы жылғы тұралаудан кейін, 2017 жылы төрт есе (25,9%) өсіп, 17,4 млрд долларға дейін жетті. Статистика одақ елдері өсу белесіне көтерілгенін көрсетіп отыр. Еуразиялық даму банкінің қазіргі жағдайы және неге басымдық беріп отырғаны туралы басқарма төрағасы Андрей Бельянинов abctv.kz-пен болған сұхбатта әңгімелеп берді.

– Сәлеметсіз бе, Андрей Юрьевич. ЕАДБ-ның былтырғы жылғы қаржылық қорытындысы жайлы сөз қозғасақ. Таза пайда үш есе түсті. Мұндай динамиканың себебін түсіндіре аласыз ба?

– Қызметімізге қатысты қолданылатын "табыс" сөзі жұмыс тиімділігінің басты критерийі емес. Дегенмен біз мемлекетаралық даму банкі екенімізді естен шығармау керек және міндетіміз – аймақ елдерін дамытуға ықпал ететін біріккен инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілету. Ал табысқа келер болсақ, ең бастысы – жұмыс шығынсыз болса болғаны.

Табыстың неге құлдырап кеткені туралы сұраққа жауап бере отырып, оның неге айтарлықтай болғанына қысқаша тоқталайық. Шығын бола қалған жағдайда керек болады деп қарыз бойынша қорлар жасалды. Абырой болғанда, болжанғандай қауіп төнген жоқ, шығын шеккен жоқпыз. Сол себепті олар балансқа кері қайтып, өсім көрсетті. Бұл банктің жоғары табысты жұмысы деуге келмейді. Біздің банк үнемі консервативтік саясатты ұстанады. Жоғалту қаупі бар екенін байқаған бойда, ал біз беделімізге нұсқан келмегенін қалайтындықтан, өзіміздің рейтингтеріміз мен серіктестерімізді де бағалайтындықтан, оларды бірден провизиялаймыз.

– 2017 жылдың қорытындысы бойынша банктің бес қарыз алушысы 23,8 млрд теңге сомасында дефолтқа жол берді...

– Олар бір-біріне әсер ететіндей құрылымдар болды. Өкінішке қарай, кез келген банк, оның ішінде ЕАДБ-де 100 пайыз шығынсыз және қателеспей жұмыс істей алмайды. Мұндай жобалар бойынша барынша тиімді жұмыс жүргіземіз.

– Бұл проблемалы қарыз алушылар экономиканың қандай секторында жұмыс істеді? Олардың қаржылық жағдайының нашарлауына не себеп болды?

– Менің ойымша, бұл инсайд сияқты көрінеді, яғни тәуекел жасау серіктестерімізге әсер ететін болады. Олар қалай болғанда да біздің серіктесіміз болып қалды, бұл жобаларға сипаттама бермей-ақ қояйын.

– Олардың нешеуі қазақстандық заңды тұлға екенін білуге бола ма?

– Біз мұндай сараптама жүргіземіз. Бірақ қай ел екенін атайтын болсам, бұл жерде елдің де, бизнестің де кінәсі жоқ қой. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Қазақстанға қарсы санкция жарияланған жоқ, әйтпесе қалай болғанда да қазақстандық бірқатар кәсіпорын одан зардап шегетін еді. Сосын кімді кінәлап немесе кімнен сұрайсың?

Мен бүгін "санкциялар" деген сөзді қолданған панелдік пікірталаста сұрақ қойдым. Еуропалықтар санкциядан келген шығынға шағымданып отыр, бірақ та ешкім Ресейге қарсы санкцияны кім жариялағанын айтпайды.

Артық сөйлеп не керек. ЕАЭО елдері қалай болғанда да бір-біріне байлаулы. Сондықтан бір елдің сәтсіздігі күндердің күнінде басқа елге де әсер ететін болады. Бірақ бұл жағдайда Қазақстан қазір тек ұтады. Экономика өсу үстінде. Қазақстан инвестиция тұрғысынан алғанда бірқатар басымдыққа ие. Ресейден кетіп жатқан халықаралық қаржы институттары Қазақстанға ойысуда.

– АҚШ Ресейге жаңа санкциялар салғалы жатқан тұста олардың "Богатырь Көмір" ЖШС мен ЕАДБ жұмысына әсері болатынын айта аламыз ба? Банк осы кәсіпорынға негізгі несие беруші ретінде аталған жобаға қатысты тәуекелдерді, сондай-ақ оны жаңғырту бағдарламасына әсерін бағалады ма? Валюталық аударымдарды бұғаттау қаупі бар ма және оны жою үшін банк менеджменті қандай шара қабылдауда?

 – "Богатырь Көмір" – жақсы қарыз алушы. Тәуекелдерді бағалап отырмыз. Жағдайды шешуге болады. Кейбіреулер сияқты түймедейді түйедей еткім келмейді. Кей мамандар санкцияларға аса бір қорқынышпен қарайды. Түрлі жағдай болуы мүмкін, тәуекел етуге қақымыз жоқ. Біз өз серіктестерімізді жақын тұтамыз және сыйлаймыз.

– ЕАДБ-ның несие портфелінің сараптамасы былтырғы жылы машина жасау жобаларында үлесінің төмендегенін көрсетеді. Оған не себеп? Банк осы сегментке несие беруді арттыру ойы бар ма? Банк өңірдегі, оның ішінде ЕАЭО елдері ойыншыларының өндірістік кооперация базасында импорталмастыруға қатысты жобаларға өтініштің артқанын сезе ме?

– Машина жасау жобаларындағы үлестің төмендеуі жайлы айтар болсақ, бір жоба аяқталды, ал келесісі әлі басталған жоқ. Осыдан барып жыл соңында әлгіндей динамика пайда болды. Ал импорталмастыруға келетін болсақ, қазір бірқатар келісімшарт бар. Олар Ресейден Қазақстанға, Ресейден Беларусьқа және кері кооперациялық жеткізулермен байланысты. Біз бұл операцияларды қорландырып отырмыз.

– Бұл жобаларды атап кете аласыз ба?

– Жақсы. "Звезда" (Санкт-Петербург) зауытымен және беларустық БелАЗ-бен қозғалтқыштарды жеткізу бойынша несие шартына қол қойдық. Одан әрі қарай дайын өнім лизингтік компаниялар арқылы Қазақстан кеніштеріне түседі. Біз барлық жерге өз қаражатымызбен қатысуға тырысамыз және үш ел арасындағы күрделі кооперациялық байланыстарды қамтамасыз етеміз.

– ЕАДБ қандай салаларда қазір несие саясатына басымдық беріп отыр? Қазір ЕАЭО елдері арасында сауда өсіп жатыр, банк трендті пайдалануға тырысып жатыр ма?

– Сауда біз үшін басымдық емес. Егер несие портфелінде жобалар бар болса, ол тек бірен-саран ғана. Қазір МЖӘ шарттарымен салынып жатқан жолдарға, гидроэнеретика саласындағы жобаларға мән беріп отырмыз. Астана экономикалық форум аясында қазақ жолдары жөнінде меморандумға қол қойдық. МЖӘ принципі бойынша жолдарды дамытудың ұлттық бағдарламасы аясында жол құрылысын қаржыландыратын боламыз.

– Көлемі үлкен бе?

– Бағдарлама бойынша 15 мың шақырым екені айтылды. Мұны игере алмайтынымыз анық. Серіктестер іздеп, жобаларды синдикаттайтын боламыз.

– Осы жылдың басында ЕАДБ теңгеде ұсынылған ортамерзімді еуробондтарды орналастыру туралы ниеттері бар екенін мәлім етті. Бұған не себеп болды? Әлде шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныс бар ма?

– Қазақстанның даму банкінің жетістігі үшін ( ҚР мемлекеттік банкі 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында жалпы сомасы 200 млрд теңге болатын екі орташа мерзімді шығаруды орналастырды) қуаныштымыз. Олар екі рет орналастырды. Бірқатар жобада ҚДБ-мен қатар жұмыс істеп жүрміз, оның жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз. Ал өзіміздің өнімге келетін болсақ, қазір роуд-шоу жасап жатырмыз. Процесс аяқталған жоқ, сондықтан түсініктеме беруге ертерек.

– Қанша шығаратындарыңызды жобалап болса да айта аласыз ба?

– Өкінішке қарай, көлемі туралы да айта алмаймын.

– Бұл шығарудың мақсаты не? Банктің мойнында биыл 98 млрд теңге қарыз міндеттерін төлеу жоспарланған, демек қайта қаржыландыру жасайсыздар ма? Қаражаттың жартысы жаңа жобаларға салына ма?

– Ақшаны жаңа жобаларға жұмсауды жоспарлап отырмыз, өйткені теңгемен жасалған өтініштің көлемі үлкен. Әрине, қайта қаржыландырамыз, өйткені міндеттеменің көлемі үлкен. Қазір теңгемен инвестициялауға өтініш көптеп түсіп жатыр. Қарыз алушылар негізінен рубль мен теңгеге сұраныс жасайды. Доллар немесе еуроға қарағанда ұлттық валюталарға сұранысқа артып келеді. Бұл санкция мен бағамның тұрақсыз болуының салдары.

– "Сарыарқа" газқұбыры. Банк осы жобаға қатысуға шақырту алды ма және қаржыландыруға қатысатын ойы бар ма?

– Бізді бұл жобаға шақырды. Бұл жобаға ҚДБ-мен бірге қатысамыз. Белгілі бір күш пен серіктестер керек екені түсінікті. Жабдықтардың көбісі Ресейден келетіні анық. Рубльдік, теңгелік міндеттер туындауы мүмкін. Қондырғылардың жартысы бәрібір Еуропадан сатып алынады.

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу