Бүгін Қытайдың Цзиньцзян қаласында WSB (Бүкіләлемдік бокс сериясы) жобасының финалы аяқталды. Екінші күнгі бес жекпе-жектің төртеуінде біздің жігіттер жеңіліске ұшырап, сенім үдесінен шыға алмады. Негізі үшеуінде ғана ұтылған сияқты еді. Рет-ретімен басынан бастайық:
Екінші күнгі жекпе-жектер қорытындысы:
52 келі: Сәкен Бибосынов – Хорхе Гриньян – 49:46, 50:45, 48:47
Екі жас боксшы арасындағы айқас өте жоғары қарқында басталды. Екеуі де аянған жоқ. Әйтсе де Сәкен техникалық шеберлігі жоғарылау екендігін паш ете білді. Соққыларын дөп тигізіп, қарсыласы өзіне ұмтылғанда темірдей жұдырығымен "күтіп алып", басымдық танытты. Өзі дәлдеп ұрып, содан соң тайқып кетіп, бұғып қалып, бұл жекпе-жекті "билеп" жүріп аяқтады. Айқын жеңіс!
60 келі: Закир Сафиуллин – Ласаро Альварес – 45:50, 46:49, 45:50
Бұл жекпе-жекте керісінше, үш дүркін әлем чемпионы, Куба қыраны өзінің деңгейі мен техникалық шеберлігі аса жоғары екендігін дәлелдеуге тырысты. Екі қолын төмен түсіріп те жұдырықтасты, рингті шыр айнала "желіп", ойнақ салды. Әр раунд арасындағы үзілісте орындыққа да отырған жоқ. Негізі Закир де аянған жоқ. Бірақ қарсыласынан асып түсе алмады. Қабағы да жарылды.
69 келі: Асланбек Шымбергенов – Роньель Иглесиас – 47:48, 47:48, 47:48
Шешуші және шектен тыс шиеленісті жекпе-жек болды. Асланбек қайсарлық танытып, есесін жіберген жоқ сияқты еді. Бастапқы раундтар тең дәрежеде өткенімен, соңғы раундтарда Аслан Шымбергенов басым болғандай еді. Мәселен Куба қабыландарының да қабағынан қан сорғалап ағатынын көрдік. Өкінішке қарай, төрешілер жеңісті 2012 жылғы Олимпиада және 2009 жылғы әлем чемпионына беріп жіберді.
81 келі: Бек Нұрмағамбет – Хулио Ла Крус – 44:50, 47:48, 45:50
Рио Олимпиадасының чемпионы және төрт дүркін әлем чемпионы сол бұрынғы әдетінше жұдырықтасты. Хулио Ла Крусты айтамыз. Екі қолын төмен түсіріп жіберіп, ринг ішінде "желіп" жүріп, қарсыласын тәлкек қылуға тырысты. Бек соққыларын нық тигізе алмағандай болып көрінді. Өкінішті...
91+ келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Хосе Лардуэт – 45:50, 45:50, 47:48
"Қамшыбек жеңіп, есепті қысқартар" деп, үміттеніп едік. Алайда ол да сенім үдесінен шыға алмады. Бойының сәл биіктігін пайдаланып, ара қашықтықты сақтай жүріп, жұдырықтасқаны дұрыс па еді?! Алайда оның қарсыласымен қоян-қолтық айқасып, алысып-жұлысқаны көп болып кетті.
Сөйтіп "Астана Арландары" Куба қабыландарынан ұтылып қалды. Бұл екі ел боксшыларының WSB финалында үшінші рет кездесуі еді. Бұған дейінгі екі финал да Астанада өтіп, біздің жігіттер жеңіске жеткен. Биыл "Куба Домадорес" финалдың қазақ топырағында өтуіне үзілді-кесілді қарсы болды. Сөйтіп оған бейтарап елде шайқасуға қол жеткізді.
Өкінішке қарай, "Астана Арландары" бейтарап рингте өткен жекпе-жектерде жеңіліске ұшырады. Егер басым түскенде, Куба боксшыларының бұл әрекеттері бекер әурешілік болып шығар еді. Енді "Бостандық аралы" боксшылары бөріктерін аспанға атып, қуанып жатыр. Есеп тым болмаса, 4:6 болғанда ғой, шіркін...
Маруан Түсіп