"Бұл жылы іш пыспайды"

Аскар Муминов Аскар Муминов
14652

ҚСЗИ 2017 жылы Орта Азияда күтілетін негізгі оқиғаларға болжам жасады.

"Бұл жылы іш пыспайды"

ҚР президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты (ҚСЗИ), "Парасат" жүйелі зерттеулер институты және Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстел аясында сарапшылар Орта Азияның 2017 жылы күтілетін даму бағыты мен негізгі оқиғаларын талқылады. Сондай-ақ өңірдің хал-ахуалына халықаралық оқиғалар, оның ішінде Дональд Трамптың АҚШ билігін қолына алуы әсер етеді деп баса назар аударылды.

ҚСЗИ басшысы Ерлан Қарин 2017 жылы Орта Азия аумағында болады-ау деген негізгі оқиғаларға шолу жасады. ҚСЗИ болжамына сәйкес, жаңа жылда 2016 жылдың екінші жартысында басталған әлемдік тауар нарығының қайта жандануы күтіледі. Мұнай бағасының көтерілуі және жыл бойы 50-65 доллар шегіне дейін жетіп тұрақтауы мүмкін деп болжам жасайды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 20-25% жоғары болар еді және Қазақстан сияқты шикізат шығаратын экономикаға едәуір алға жылжуға, шамамен 2-2,5% өсуге мүмкіндік береді. Мұнай секторы арқасында Ресей экономикасының ілгері басуы Орта Азия елдері үшін қосымша түрткі болмақ. Ал тауар нарығының жағдайы күдікті деп есептейді ҚСЗИ сарапшылары, дәлірек айтсақ федералды резервтік жүйе монетарлы саясатын күшейткен жағдайда қатерге бас ұруы мүмкін.

Ерлан Қариннің айтуынша, 2017 жылы Орта Азия елдері үшін сыртқы жағдайдан бөлек, ішкі ойыншылардың әсерінен туындаған ішкі саяси үдерістер де маңызды болмақ. Өңірлік және ішкі өңірлік ойыншылардың ішкі саяси өзгерістердің жаңа кезеңіне аяқ басуы Орта Азияның одан арғы қарым-қатынасына тікелей де, жанама түрде де әсер етеді. Биылғы жылды Ресей президент сайлауына дайындықпен өткізетінін баса айтты ол. Сонымен қатар, осы жылдың күзінде Қытайда маңызды саяси оқиға – коммунистік партияның XIX съезі өтеді. АҚШ әкімшілігіне Дональд Трамптың келуімен мемлекет құрылымында жаңа топтар жасақталады. Түркияда конституциялық реформа және президенттік басқару жүйесіне ауысу жөнінде референдумның өтуі, сондай-ақ мамыр айында Иранда Президенттік сайлаудың өткізілуі де маңызы бар оқиғалар.

Адам көп, ресурс аз

ҚСЗИ шолуына сәйкес, 2017 жыл Орта Азияның демографиялық жағдайы үшін бетбұрысты кезең болмақ. 1991 жылы өңірде 51 млн адам тұрса, өткен 25 жылда халық саны 34,4%-ға өсті және 2016 жылдың басында 68,6 млн адамға жетті. Өткен 5 жылда өсімнің орташа екпіні 1,2%-дан 1,7%-ға көтерілді. Осындай жағымды динамиканың сақталуы 2017 жылы халық саны 70 млн-ға жетуге әкеп соқтырады. Өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі, халықтың орта жасының және туу көрсеткішінің ұлғаюы есебінен халық санының өсуі сақталып келеді.

Ерлан Карин Орта Азия елдерінің үкіметі өңірдегі халық санының өсуімен байланысты жаңа экономикалық мүмкіндіктер мен әлеуметтік тәуекелдерді ескеру қажет екенін баса айтты.

Одан бөлек көршілес Өзбекстанда өте қызық үдеріс басталып кетті және осы жылы жалғасады. 2017 жыл бұл мемлекеттің жаңа басшылығы үшін алғашқы әрі маңызды жыл болмақ. Биылғы жылды халықпен қарым-қатынас жасау жылы деп жариялау, мемлекеттік басқаруды және сот-құқықтық жүйені жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық саланы ырықтандырумен байланысты негізгі реформалар туралы халықты құлақтандыру ұлттық деңгейде ғана маңызды емес, сонымен қатар түгел өңірдің жағдайына жаңа серпіліс беруі мүмкін деп есептейді сарапшы. Ол еліміз үшін негізгі құжатқа айналуы мүмкін 2017-2021 жылдарға арналған даму стратегиясы әзірленіп, қабылданатынын айтты. Осы жылы Орта Азияға жаңалық әкелетін ең басты ел – Өзбекстан болады дейді сеніммен Ерлан Қарин, оның басшылығының шешімі өңірде қызу талқыға түседі. Бұл аймақтағы бәсекелестіктің артуына негіз бола алады.

Бұл жылы Түркіменстан мен Қырғызстанда да кезекті президент сайлаулары күтіледі делінген ҚСЗИ шолуында. 2017 жылдың 17 ақпанында өтетін Түркіменстан сайлауында бірнеше саяси партияның өкілдері қатысады, оның ішінде қазіргі президент те бар. Егер Түркіменстандағы президент сайлауының қорытындысын болжауға болатын болса, 2017 жылдың күзінде өтетін Қырғызстандағы сайлау кампаниялары белгісіз. Желтоқсан айында референдумда қабылданған конституцияның жаңа редакциясына сәйкес, Қырғызстан парламенттік жүйені енгізудің ендігі кезеңіне өтеді. Яғни келесі президенттің уәкілеттілігі әлдеқайда аз болмақ. Алайда оған жауапты міндет қойылады – өзгерістер кезеңінде тұрған елді басқару.

Ланкестікпен күрес

Сирия мен Ирактағы жанжалдың салдарынан халықаралық қауіпсіздік саласында күн тәртібінде ланкестікпен күрес алдыңғы орынды иеленбек. Осыған байланысты Орта Азияның бірқатар мемлекетінде радикализм мен терроризм ошақтарының тууына алғышарт болуы мүмкін. Таяу Шығыстағы құбылмалы жағдайдың әсерінен ортаазиялық күрескерлердің қайтып келу қаупі өрши түседі. Сондықтан Таяу Шығыстағы жанжалды шешуге қатысы бар негізгі ойыншылар арасындағы қарым-қатынастың шиеленісе түсуі және Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың нашарлауы жалпы өңірдегі қауіпсіздік жағдайына жағымсыз әсер етеді деп есептейді ҚСЗИ.

"2017 жылы Ауғанстандағы ішкі саяси ахуал ауыр болмақ. Негізінен елдің солтүстігі, шығысы және оңтүстігіндегі шекаралас аймақтарда "Талибан" қозғалысының әскери белсенділігі артады және ДАИШ пен Әл-Каида жақтастары бой көрсетеді. Ауғанстан әскери-саяси тұрақсыздық жағдайында негізгі сыртқы ойыншылардың назарына ілігеді", – дейді ҚСЗИ сарапшылары шолуда.

Сондай-ақ олар соңғы жылдары Орта Азияда интернет және әлеуметтік желілерді қолданатын халық санының артқаны байқалатынын айтты. 2010 жылдан бері олардың саны 14,5 млн-нан 29,9 млн адамға дейін – 2 есеге өсті. 2017 жылы да бұл өсім сақталады деп күтіліп отыр: интернерт-пайдаланушылар ең азы 30 млн адамға жетеді немесе өңір халқының 45%-ын құрайды. Интернетті тиімді қарым-қатынас жасау құралы ретінде пайдалану халықтың мемлекеттік қызмет алуға, ақпарат, білім алуға жолын ашады.

Қазақстанда Қытайға үреймен қарау белең алып барады

2017 жылдың тағы бір ерекшелігі Қытайдың өңір экономикасына әсері жоғарылайды: Қытай Орта Азия елдерінің негізгі тауар серіктесі болып сақталуы және жібек жолы қоры мен Азияның инфрақұрылымдық инвестиция банкі қаржыландыратын ірі инвестициялық жобаларды іске асыра бастауы ҚХР-дың мұндағы мүддесі жоғары әрі ұзақ мерзімді екенін көрсетеді. Осылайша 2017 жылы қазақ-қытай жобаларының ішінен 15 инвестициялық жоба іске асырыла бастайды. Қырғызстанда солтүстік-оңтүстік баламалы жолы, Бішкек жылу электр орталығын жетілдіру қолға алынады. Сондай-ақ Орта Азия газ құбырының 4 бағытының құрылысы жалғасады, ол Түркіменстан – Өзбекстан – Тәжікстан – Қырғызстан – Қытай арқылы өтеді.

Осы жылы Қазақстан өңірлік және халықаралық үрдістерге белсене араласады дейді Ерлан Қарин. 2017 жылы еліміз екі жыл мерзімге БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады, бұл өңірдегі алдыңғы қатардағы мәселелерді жаһандық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге Отанымыз маңызды халықаралық оқиғаларды өз жерінде өткізеді, нақтырақ айтсақ, 2017 жылғы универсиада, ЭКСПО-2017, ШЫҰ саммиті және қазан айында 25 жылдықты атап өту.

"Астана әлемнің саяси астаналарының бірі ретінде, ірі халықаралық келіссөздер жүргізілетін алаң "Азиялық Женева" сияқты беделін ұстап тұр. Жалпы бұл жыл тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Орта Азия өңірі үшін маңызды кезең болайын деп тұр", – дейді Ерлан Қарин.

"Стратегия" қоғамдық қорының әлеуметтанушысы Серік Бейсембаев Орта Азия тұрғындарының негізгі әлемдік ойыншылар мен оқиғаларды қабылдауына зерттеу жүргізді. Алынған нәтижеге сәйкес, Орта Азияның барлық елі Ресей ынтымақтас ел деген көзқараста екен, ал Өзбекстаннан басқа елдер АҚШ-ты керісінше дұшпан ел ретінде қабылдайтыны анықталды.

Қытайға үреймен қарау тек Қазақстанда ғана байқалады, Орта Азияның өзге елдері, әсіресе, Тәжікстанда Қытайды серіктес ретінде қабылдау белең алды деп баса айтты ол.

Халықаралық қатынас жөніндегі сарапшы Данияр Қосназаров 2017 жылдың негізгі деген оқиғаларын атап өтті. Оның қатарында ланкестікпен күресуде Ресей ықпалының күшеюі, сондай-ақ түріктермен бірігуде Мәскеудің қауырт қимылын атап өтті. Оның ойынша, Бұл Мәскеуге тиімді, сондықтан ол Түркия мен Орталық Азия елдері қатысатын логистикалық жобаларды бұғаттайды.

Ал Түркия мен Сирияның ланкестері осы өңірдегі елдерге қысым көрсететін күш болып қала бермек. Данияр Қосназаровтың айтуынша, биыл Ресей сайлауына бір жыл қалуы және Владимир Путин төртінші мерзімге сайлана ма жоқ па деген күдік Қазақстанның ішкі өміріне әсер етпей қоймайды. "Бұл жылы іш пыспайды", – деп қорытты ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу