"Цифрландыру еңбек нарығын өзгертеді"

Алина Альбекова Алина Альбекова
3224

Цифрландыру ғасырында қандай өзгерістер болатыны жайлы abctv.kz-ке еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әңгімелеп берді.  

"Цифрландыру еңбек нарығын өзгертеді"

Электронды еңбек биржасы барлық шекараны жояды

 – Светлана Қабыкенқызы, сіз басқаратын ведомство цифрландыру аясында жаңа жобалармен белсенді айналысып жатыр. Ойға алғанның қайсысы іске асты?

 –  Біз үш ірі жобаны әзірледік. Соның бірі – бұл жұмысқа орналастырудың жаңа механизмі – электронды еңбек биржасы. Қазір жоба іске қосылып, өзінің қауқарын көрсетіп жатыр. Егер www.enbek.kz сайтына кіретін болсаңыз, онда орналастырылған бос жұмыс орны мен түйіндеме бойынша барлық цифрлар нақты уақыт режимінде жаңартылып отырғанын көресіз. Бүгінгі күні онлайн-есептегіш 33,7 мыңнан астам бос жұмыс орны мен 76,9 мың түйіндемені көрсетіп отыр. Аталған интернет-ресурс арқылы 25 мыңнан астам адам жұмысқа тұрды.

Бұрын еңбек нарығының құрылымы жеке-дара болатын. Жұмыс іздеген адамдар бірнеше жұмыс берушіні аралап, аяғынан таусылса, кәсіпорындар нәтижесіз әңгімелесу өткізетін. Яғни жұмыс іздегендер де, жұмысқа алушылар да қаншама уақыт пен қаржысын сарп етті. 2017 жылдың қазанында іске қосылған электронды еңбек биржасы  жұмыс іздеуді жеңілдетіп, жылдамдатып, оның ауқымын кеңейтті.

Енді жұмыс іздеуші жұмыспен қамту орталығына келіп, өзінің мамандығы мен құзыретін айтып, сондай-ақ қалаған жұмысы басқа қаладан табылып жатса, көшуге келісімін береді.  Біздің маман жұмысқа орналастырудың электронды картасын жасап, оған жұмыс іздеушінің қалаған мамандығы мен жалақысын жазады. Содан кейін оған автоматты түрде өзі тұрған жердегі бос жұмыс орындарды немесе республика бойынша жұмыс берушінің талаптары мен шарты, жалақысы көрсетілген мамандықтар ұсынылады. Сол себепті біз электронды биржа қызмет көрсетудің уақытын ғана жылдамдатып қойған жоқ, сонымен бірге іздеудің шекарасын ұлғайтты деп айта аламыз.

–  Қазіргі уақытта жұмыс іздеушілер көп пе?

–  Ресми мәліметке сәйкес, бүгінгі күні  еңбек нарығында жұмыс іздегендер саны 2 миллионнан астам. Негізінен, бұл адамдар жоғары жалақы мен еңбек шарты жақсы жер іздеп жүрген жандар. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының түлектері мен зейнет жасына жақындағандар, жүкті әйелдер мен еңбек мигранттары. Сонымен қатар жұмыс іздеушілердің басым бөлігі – қала тұрғындары (60%). Жас аралығы бойынша үштен бірін жастар құрап отыр. Бүгінгі күнгі жұмыссыздардың саны 440 мың, оның ішінде тек әрбір үшінші адам ғана жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келгендердің басым бөлігіне қайта оқыту мен біліктілігін арттыру қызметі ұсынылады.

Бұрын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс іздеушілердің тек 10%-ын ғана қамтыған болатынбыз, қазір электронды биржа іске қосылғаннан кейін осы жылдың өзінде 20%-ға дейін қамтып, 500 мыңға дейін адамды жұмысқа тұрғызамыз. Сол үшін платформаға республика бойынша 199 жұмыспен қамту ортылығы қосылып, 37 жекеменшік агенттікпен келісім жасалды. Егер бұрын жұмыс іздегендер жұмыспен қамту орталығына баруға немесе жекеменшік агенттіктерге ақша төлеуге мәжбүр болған болса, қазір электронды биржаны тегін пайдалануға болады.

Егер жұмыс іздеуші жекеменшік агенттіктер арқылы жұмысқа тұрғысы келетін болса, онда бұл оның жеке таңдауы. Бірақ та еске сала кетейін,  2018 жылдың 16 сәуіріндегі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы халықты жұмыспен қамту саласында аутсорсинг қызметін енгізуді қарастырады. Алғашқы кезеңде аутсорсингке тұрақты жұмыс орнына  орналастыру бойынша қызмет көрсету беріледі деп жоспарланып отыр. Ал жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерін аутсорсингке қатысуын іріктеу біліктілік талаптары негізінде іске асырылады. Жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерінің қызмет көрсетудегі баға белгілеудің негізгі қағидасы: "жұмыссызды жұмысқа орналастыру қаншалықты қиын болса, оған төленетін ақы да соншалықты қымбат болады". 

Цифрландырудың тиімді және тиімсіз жақтары да бар. Соның бірі  – бұл процестерді автоматтандыру салдарынан жұмыс күшінің бос қалуы. Сіздер бұған дайынсыздар ма?

–  Келісемін, алдағы он жылда автоматтандыру мен цифрландыру еңбек нарығына айтарлықтай әсер етіп, орташа біліктілігі бар қызметкерді жұмыссыз қалдырып, жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі. Бірақ та бұл адамдар үшін еңбек нарығында жаңа мүмкіндік, жаңа мамандық, тіпті сала  ашып жатқанын жоққа шығармауымыз керек. Қазірдің өзінде бұл қауіптердің алдын алу үшін мамандарды нарықтың жаңа талаптарына қайта бағдарлап, қайта оқытып, оларға цифландыру элементтері бар жаңа біліктілік беру керектігі сөзсіз. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Біздің ведомство жұмыс күшінің ағылуы мен өнімді жұмыспен қамту, жұмысқа орналастыру және мамандарды қайта оқыту бойынша кәсіпорындармен шамамен 268 жол картасына қол қойды. Бұл жерде жұмыс беруші келешекте өзінің кәсіпорнына керек деген нақты бір мамандықтарға  таңдау жасайды. Кәсіпорындардың талаптарын ескере отырып, мамандарды  қайта даярлау бойынша білім беру министрлігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл ретте жұмыс беруші қайта оқытуға кететін шығынның 70%-ын көтереді, ал қалған 30%-ы бюджеттен субсидияланады.

Жұмыс күшінің бос қалу мәселесі премьер-министрдің бақылауында және үкіметтің әрбір күн тәртібінде қарастырылады. Өндіріс саласының ірі кәсіпорындары өздерінің стратегиялық даму жоспарларын ұсына отырып, өндірісте "ақылды" кен орнын енгізу немесе кен байыту фабрикасын кенішпен біріктіру неге әкелетінін баяндайды. Бұл ретте олардың барлығы автоматтандырудың алғашқы кезеңінде кадрлардың қысқармайтынын айтып, керісінше, өз мамандарын роботталған техникамен жұмыс істеуге қайта оқытып, қайта даярлауды өз мойындарына алып отыр. Мұндай кәсіпорындар арасында "АрселорМитталл" мен "Қазақмыс" бар.

Жалпы, біздің сауалнаманың нәтижесі бойынша 2018 жылы кәсіпорындардың 83,8%-ы жұмыскерлер санын қалай да қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Ал 1,2%-ы қысқартуды жоспарлап отырса, ұйымдардың 15%-ы, керісінше, жұмыскерлерінің санын арттырмақ. Жұмыспен қамтудың жиынтық өсімі 2018 жылдың соңында 2,3% болады деп болжануда. Яғни 194 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 80% ауыл шаруашылығы, сауда, жеке қызмет көрсету, білім беру, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласына орналастырылады. 

Жиынтық салааралық көшу осы жылдың соңына дейін 11,2 мың адам деп бағалап отыр. Адамдар ағыны аз салаларға жеке қызмет көрсету (3,4 мың адам немесе жиынтық ағынның 30%) саласы, сондай-ақ құрылыс (1,7 мың адам немесе 15%) және ауыл шаруашылығы (1,6 мың адам немесе 14%) жатады.

– Егер автоматтандыру шығыстарды оңтайландыруды қарастыратын болса, кәсіпорындарға өз мамандарын қайта оқыту не үшін қажет?

 – Кәсіпорынның бір маманды "баптап-өсіріп" шығаруына кем дегенде 10 жыл уақыты мен ресурсы кетеді. Сондықтан ешкім өзінің жақсы кадрын бәсекелестеріне беруге дайын емес. Жұмыс берушілер, керісінше, олар үшін күреседі.

 – Жол карталары аясында қанша маман қайта оқытылатыны белгілі ме?

 – Қай жылы, қанша адам жұмыссыз бос қалатыны және қанша адамды қайта оқыту керектігі туралы нақты мәліметті пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша алатын боламыз. Бүгінгі күні ұйымдардың пулы іріктелді, олардың саны шамамен 10. Олар өздерінің өндірісін цифрландыруды қарастыруда, осы жерде біздің екінші жоба – электронды еңбек келісімшарттары сынақтан өтетін болады.

Пилоттық жобаға қатысушылардың барлығы, яғни келісімшарт мерзімі 2020-2021 жылдары бітетіндер, өздерінің жаңа мамандармен қарым-қатынасын қағаз жүзінде емес, электронды еңбек биржасы аясында цифрлық форматта декларациялайтын болады. Осының арқасында, біз бұл мамандардың біліктілігін, машығын және құзыреттілігін білетін боламыз және осы адами ресурстарды басқа салаларда қолдана отырып, келешекте еңбек нарығындағы жағдайды болжай аламыз.

– Электронды еңбек биржасын құру бюджетке қаншаға түсті?

– Мемлекетке  қандай да бір қосымша жүктеме болған жоқ, себебі платформаны әзірлеу мен сүйемелдеуге бюджеттен өтінім рәсімдеген жоқпыз. Бұл біздің ведомство мамандарының бастамасы десем болады. Есесіне электронды биржа біздің жұмысымызды жеңілдетті. Біз электронды биржаның мүмкіндіктерін тек үстірт қарап отырмыз, ал іс жүзінде онда бірқатар мәселе қарастырылған.

Мысалы, кез келген адам өзінің кәсіби бағдарын, яғни мамандықты дұрыс таңдады ма соны тексере алады. Сауалнаманы толтырып, сынақтан өту арқылы психологтардан ұсыныс алуға болады. Қазір бұл, әрине, тек пилоттық жоба ғана, ал келешекте ол жерде бірнеше қабылданған және мойындалған халықаралық сынақтарды орналастырмақшымыз. Адамдар сол арқылы өзінің өмірлік мамандығын дұрыс таңдады ма әлде жоқ па соны тексеретін болады.

Бұған қоса, биржа аясында жұмыс берушілерден талап етілген стандарттарға сәйкес қимыл-тірек аппараты және есту қабілеті бұзылған мүгедектерге арналған жұмыс орнын субсидиялауға өтінім қабылдауды іске қостық.

–  Бұл – қоғам мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажет қадам. Олардың өмірін жақсарту үшін тағы қандай жаңашылдықтар қарастырылған?

– Мүгедектердің қолда бар орталықтандырылған мәліметтер базасы негізінде қызмет көрсетудің  композиттік  форматына көшу іске асырылуда. Яғни егер бұрын мүгедектікті тағайындау, жәрдемақыны бекіту мен еңбекке жарамдылығын жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлемді алу үшін адам үш ұйымға барған болса, енді тек бір ғана ұйым – медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қызметіне ғана барады. Оның үстіне бізге азаматтардан мүгедектікті тағайындау бойынша көп өтініш түсіп жатады.   

Осыған байланысты қызмет көрсетудің электронды форматына бағытталған МӘС қызметін толығымен өзгертуді ұсындық. Бұл мүгедектікті тағайындауға арналған құжат енді денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінен электронды түрде түсіп, тәуелсіз сарапшылар арасында орталықтандырылып бөлінетін болады. Яғни өтініш берушінің тұрған жері көрсетілмейді, сондықтан сарапшы-дәрігерлер кімнің ісін қарап отырғанын білмейтін болады, ал медициналық-әлеуметтік сараптама өтініш берушінің жеке қатысуынсыз өтеді. Біз іштей куәландырудан сырттай куәландыруға көшетін боламыз. 

Бүгінгі күні бұл процесс өте ыңғайлы жасалаған, адамға комиссияға бару керек болады, тексеріс өтеді, содан шешімді күтеді. Ал қазіргі медициналық-әлеуметтік сараптама денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай ақпараттық жүйесінен алынатын мәліметтер негізінде жүзеге асады. Осылайша мүгедектікті тағайындау процесінің ашықтығын қаматамасыз етіп, жемқорлық қаупін төмендетіп, МӘС комиссияларының санын қысқартамыз.

–  Әкімдіктер беретін арнайы әлеуметтік қызметтер ше? Бұл форматты қайта қарау жоспарланып отырған жоқ па?

– Иә, шындығында да, бүгінгі күні қызмет көрсетудің деңгейі көңілден шықпайды. Әлеуметтік қызмет көрсетуді  анықтау үшін бюджеттендіру бойынша рәсім мен мемлекеттік сатып алуды өткізу жеті күн мен 18 айға дейін созылады. Көп жағдайда мемлекеттік сатып алулар критерийлердің қызмет көрсетудің сапасынан бағаға ауысуына әкеледі. Ал бұл сатып алушылар арасында наразылықтың туындауына негіз болады.

Сапалы қызмет көрсетуге тең қолжеткізуді қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қызмет порталын құруды ұсындық.  Бұл портал бірыңғай цифрлық алаңда алушылар мен жеткізушілерді біріктіріп, мүгедектер өздерінің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес  кепілдендірілген қызмет тізімін көре алатын және сол тізімнен қызметтің нақты түрін өздігінен таңдай алуына мүмкіндік береді.

Бұл әлеуметтік қызмет көрсету  мерзімін қысқартып қана қоймай, адамның қызмет түрі мен жеткізушіні таңдау құқын іске асырар еді. Сондай-ақ жемқорлықты төмендетіп, жеткізушілер арасында адал бәсекелестік ортаны құру арқылы мүгедектердің әлеуметтік қызмет  сапасына қанағаттануын арттырар еді. Бұған қоса, бұл шағын орта бизнесті, яғни шипажай ұйымдарын, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын дамытуға көмек.

 – Бұл әзірге сіздің ведомствоның жоспары ғана. Ал бұл жоспар тәжірибеде қашан қолданылатын болады?

–  Біз денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестерімізге қарап отырмыз. Барлығы олардағы ақпараттық жүйенің дайын болуына байланысты. Өйткені мүгедектікті бекіту үшін олар мүгедектердің барлық көрсеткішін цифрлық форматта беруге тиіс. Ал бүгінгі күні қиындық тудырып отыр. Пилоттық жобаларды кей облыстарды іске қосқанда, біз бұл мәліметтердің барлығы қолмен толтырылатынын білдік. Яғни адамның қатыспай қалуы мүмкін емес, ал ол бұл пилотты жобаның тиімділігі мен нәтижелігінде белгілі рөл атқаруы мүмкін.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау министрлігі, "ҚазМедТех" және Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығымен өзара түсіністік орнаттық. Әріптестер мәселені шешу – уақытша нәрсе екенін айтып отыр. 

Бұдан бөлек, осы жылдың екінші жартыжылдығында адам денсаулығының электронды төлқұжаты пайда болады. Онда республика бойынша барлық дерек жинақталады. Аталған жүйе іске қосылысымен, тәуелсіз сарапшыларымыз үшін жеке кабинеттер ашатын боламыз. Осының бәрі жүзеге асса, жоба іске қосылды деп толық айта аламыз. Өз басым аталған жаңашылдықтардың көп кешікпей іске қосылғанын қалаймын. Себебі, біздің қоғам мұндай өзгерістерді күтіп отыр. Бірақ, мұның барлығы денсаулық сақтау министрлігінің дайындығына байланысты. Ал білім және ғылым министрлігімен арадағы бірлескен жұмысқа келер болсақ, өкінішке қарай, олардың ақпараттық жүйесі бұған әлі дайын емес.

 Қандай жұмыс сөз болып отыр?

–  Асыраушысынан айрылған отбасына тиісті жәрдемақыны алу үшін көптеген инстанцияны шарлап, қайтыс болғаны туралы куәлік алып, мемлекеттік корпорацияға оның асырауындағылар қалғаны туралы құжатты өткізу керектігін, ал оның оңай шаруа еместігін түсініп, бұл қызметті проактивті режимда көрсетуге шешім қабылдадық. Оның үстіне, аталған төлемдердің мөлшері жәрдемақы туралы салалық заңмен бекітілген және ол жерге адамның қатысуы аса маңызды емес.

АХАЖ-дың ақпараттық жүйесінде қайтыс болғанның азаматтық жағдайы туралы акті пайда болғаннан кейін, кәмелетке толмаған асырауындағылар туралы ақпарат бізге автоматты түрде түсіп отыратын болады деп болжап отырмыз. Содан кейін жәрдемақы автоматты түрде жасалатын болады. Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі мен АХАЖ дайын және бір-бірімен біріктірілген. Тек білім министрлігі ғана дайын емес.

Бізге білім министрлігінен оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын 18 жастан асқан балалар туралы ақпарат алу маңызды, өйткені бұл баланың 23 жасқа дейін жәрдемақы алуға құқы бар. Егер білім министрлігі өзінің жүйесін жасамай, оқып жатқан студенттер туралы мәліметтің маңыздылығы мен анықтығын қамтамасыз етпесе, бала барлық инстанцияны өзі аралап, асыраушысынан айрылғандығы бойынша жәрдемақыны алуға құқы бар екенін дәлелдеп, қосымша өтініш жасауға мәжбүр болады. Өзіңіз көріп отырғандай, бұл жобаларды іске асыру басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге тәуелділікті көрсетеді.

Жәрдемақы салымды қажет етеді

 –  Светлана Қабыкенқызы, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Осы туралы шамалы айтып кетсеңіз.

– Бұл – көп балалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақыны, аз қамтылған отбасылар үшін 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысын және бұрын болған атаулы әлеуметтік көмекті біріктірген бірыңғай жәрдемақы. Жаңа форматтың қолданыстағыдан ерекшелігі – оған еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарды жұмыспен қамтуға көмектесудің белсенді шараларының болуы. Бұл жолы көмекті "гамак" қағидасы бойынша төлемеуге шешім  қабылдадық.

Енді егер отбасында еңбекке жарамды адамдар болса, онда олар жұмыспен қамту орталығымен келісімшарт жасап, жұмыс істеуге тиіс. Егер олар жұмысқа орналасудан бас тартатын болса немесе жұмысты тастап кететін болса, онда оларға жәрдемақы төлемей, тек балалар мен анасына ғана төлейміз. Ал егер адам жұмыс істейтін болса, онда жалақысын да, жәрдемақысын да алатын болады. Менің ойымша, бұл отбасыларына деген үлкен қолдау және оларды кедейліктен шығуға ынталандыру. 

–  Бұл көмекті алу үшін қайда бару керек және ол кімдерге тиесілі?

–  Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш жұмыспен қамту орталығы түріндегі бір терезе арқылы қамтамасыз етіледі. Одан әрі даму өтініш беруші емес, проактивті тәсілді көздейді. Әлеуметтік тіркеу арқылы әлеуметтік көмекке кім үміткер екенін көруге болады, оның өтініш бергенін күтпей-ақ, атаулы көмекті қажет етіп отырғаны отбасына хабарласып, қолдау көрсетуге болады. Бұл біздің жүйе мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін келешекте біріктіру арқылы іске асатын болады.

Халықтың бұқара тобына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын берудің мүмкіндігін кеңейту үшін кедейлік шегі тәсілінің өлшемі қайта қаралды, яғни ол 40%-дан 50%-ға дейін өсті. Бұл жаңа форматтағы жәрдемақы табысы ең төменгі күнкөріс көлемінің 50%-нан төмен отбасыларға беріледі деген сөз. Бізде қазіргі уақытта үміткерлердің белгілі бір пулы қалыптасты. 2018 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек шамамен  44,8 мың отбасының 226,4 мың аз қамтылған азаматына берілді. Оның 42,9 мыңы шартсыз ақшалай көмек алатындар (10,7 мың отбасы), ал 183,4 мыңы жалпы 3,2 млрд теңгеге шартты ақшалай көмек алатындар (34,0 мың отбасы). 

АӘК-тің орташа мөлшері осы уақыт ішінде 4749 теңге болды. Негізінен атаулы әлеуметтік көмек жергілікті бюджеттің ақшасы есебінен (республика бойынша 13,5 млрд теңге қарастырылған) төленеді. Алайда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілгенін ескеретін болсақ, жергілікті атқарушы органдарды қолдауға республикалық бюджеттен тек осы жылдың өзінде қосымша 19,2 млрд теңге бөлінді.

 –  Әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қазіргі жағдайға қаншалықты сәйкес келеді деп ойлайсыз?

– Бізге келіп 42 мың теңге жәрдемақыға қалай күн көремін деп сұрағанда, түсіндіре бастаймыз және мұның барлығы білместіктен туындап отырғанын түсінеміз. Қазақстанда жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші мен жұмыскер арасында базалық, міндетті және ерікті деңгейде бөліп қарастыратын әлеуметтік қамтамасыз ету  жүйесінің көп деңгейлі моделі жұмыс істейді.

Егер базалық көмек Конститутциямен барлық азаматтарға кепілдендірілген болса, онда әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан міндетті көмекті алу үшін жұмыс беруші ай сайын өзінің жұмыскеріне жарна аударуға тиіс. Сондай-ақ жекеменшік компанияларда ерікті түрде жұмыскерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру мүмкіндігі де бар. Жазатайым оқиға болған кезде зардап шегушіге жалақысынан  50 пайызға дейін төленетін болады. Енді санап көріңіз. Бұл жарақат алған адамға үш жерден ақша төленеді деген сөз. Оның біріншісі, яғни 42 мың теңгесі мемлекеттен, 24 мыңы ӘСМҚ-тан төленеді және 50 мың теңгені сақтандыру компаниясы төлейді. Барлығы – 116 мың теңге. Бұл аз ақша ма?

Бірақ бұл өзінің еңбек қатынасын ресми түрде рәсімдеп, барлық мемлекеттік бағдарламаға қатысатындарға қатысты шаруа. Ал жалақысынан зейнетақы және сақтандыру қорына ақша аудармай, жұмыс берушімен өзінің еңбек қатынасын рәсімдемейтіндер мемлекеттен ештеңе талап етуге құқы жоқ. Алайда олар мемлекеттен кепілдендірілген қолдауды бәрібір алып отыр.

Үнемі мысалға келтіретін Германияға барып тұрып, зейнетақы жүйесіне қатыспай, әлеуметтік аударым жасамай, бюджетке салық төлемей, барлық игілікті пайдаланып көріңіз. Ол жақта сізге масыл болуға мүлдем мүмкіндік бермейді. Егер еліміз көркейіп, жайлы өмір сүргіміз келсе, онда игілікті біржақты пайдалана бермей, оған өзіміздің үлесімізді қосуға тиіспіз.

Мен бала кезінен мүгедек болғандарды жақсы түсінемін. Аталған игіліктерді объективті себептерге байланысты бұл жүйеге қатыса алмайтындарға қайта бөлу керек деп есептеймін. Ал біз болсақ, республикалық бюджеттің барлығын үлкен көлемде алуға құқы бар адамға да, сондай-ақ өмірі салық төлемей, бірақ көмек алғысы келетіндерге бөліп бергіміз келеді. Әлеуметтік әділеттілік әрбір отбасында болып, әр адам оны өзінің жеке басынан өткізіп көру керек деп есептеймін.

Гүлназ Ермағанбетова, Алина Альбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу