"Қайрат" Чехияда "Сигмадан" ұтылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2227

Еуропа лигасының үшінші сатысындағы бірінші ойынын түзде өткізген Алматы клубы 0:2 есебімен жеңілістің кермек дәмін татты.

"Қайрат" Чехияда "Сигмадан" ұтылды

Алматының "Қайраты" Еуропа лигасының үшінші сатысындағы ойынын түзде бастап, Чехияның Оломоуц қаласында жеңіліске ұшырады. Жергілікті "Сигма" клубымен кездесіп, екі доп айырмасымен есе жіберіп алды. Ал қарымта матч бір аптадан кейін Алатау бөктерінде өтеді.

"Сигма" соншалықты азулы команда емес сияқты еді. Өткен маусымдағы Чехия чемпионатында 4-орынға ие болып, Еуропа лигасында бақ сынау құқығына қол жеткізген. Беделді transfermarkt.de басылымының деректеріне сүйенсек, жалпы нарықтық бағасы Қазақстанның күміс жүлдегерінен екі еседей кем.

Әйтсе де, "Сигма" өз алаңында көсіле сілтеді. Ең бастысы, өз қақпасына гол жіберген жоқ. Бұл – екі матчтан тұратын Еурокубок додасында өте маңызды жетістік. Әрі сауатты ойын өрнегін көрсетті. Футболшылары аянған жоқ. Жанкештілік танытып, ұжымдық ойын үлгісін паш етті.

Өкінішке қарай, Чехияда "Қайраттың" жолы болмады. Бірінші таймда белді ойыншыларының бірі, сол қапталдағы қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев алаңнан қуылды. Ол қақпаға тура тартып бара жатқан "Сигманың" шабуылшысын шалып жығып, ойыннан аластатылды.

Сөйтіп, "Қайрат" жарты сағат кем құрамда ойнады. Матчтың 68-минутында "Сигманың" капитаны Михал Вепршек екінші рет ескерту алып, ол да алаңнан қуылды. Алайда "Қайраттың" қымбат жұлдыздары бұл ойында гол соға алмай, пұшайман болды.

Ойын біткен соң алаң иелерінің қақпашысы Милош Бухта қақпаның екі бағанасын сүйіп, Тәңіріне бас иіп, құлшылық етті. Себебі бұл ойында бірнеше рет "Қайраттың" ойыншылары тепкен доп қақпаның қос діңгегі мен маңдайшасынан кері қайтқан болатын.

"Қайрат" түзде ұтылып қалғанымен, өз алаңында есе қайтаруына болады. Мүмкіндігі бар. Сауатты тактика қолданса, шамасы да жетеді. Ойыншыларының деңгейлері жоғары. Тек "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып", тізе қоса қимылдаса болғаны.

"Сигма" (Оломоуц, Чехия) – "Қайрат" (Алматы) – 2:0
Голдар: Сладки, 21. Пиларж, 50.
Ескертулер: Вепршек, 59. Калвач, 88 – Эсеола, 41.
Алаңнан қуылғандар: Вепршек, 68 (екінші ескерту) – Сүйімбаев, 38.
"Сигма": Бухта, Вепршек, Емелка, Штерба, Сладки, Гоуска, Калвач, Фалта, Пиларж (Гала, 64), Плшек (Иунис, 85), Нешпор (Заградничек, 75).
"Қайрат": Плотников, Сүйімбаев, Бато, Политевич, Лунин, Элек, Фелипе, Аршавин (Қуат, 53), Исаэл, Исламхан (Иличевич, 78), Эсеола (Эппель, 57).
Төрешілер: Иррати, Прети, Либерти (бәрі де – Италия).

Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 16 – 15
Тура соққы: 7 – 3
Қиыс кеткені: 5 – 10
Тойтарылғаны: 4 – 2
Бұрыштама соққылар: 4 – 3
Офсайдтар: 3 – 0
Ескерту (сары қағаз): 3 – 1

Ойыннан қуылды (қызыл қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 18 – 9

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу