"Қайрат" Италия клубын жеңді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2187

Футзалдан Чемпиондар лигасының соңғы іріктеу кезеңі басталып, Қазақстан чемпионы алғашқы ойынын өткізді.

"Қайрат" Италия клубын жеңді Фото: fkerapack.cz

"Қайрат" футзал клубы UEFA Чемпиондар лигасының соңғы іріктеу сатысында (элиталық кезеңінде) "D" тобына түскен болатын. Жеребе бойынша Алматы клубы бұл төрттікте "Пескара" (Италия), "Хрудим" (Чехия) және "Лидсельмаш" (Беларусь) сынды командалармен додаға түсетін болып бекітілген.

Жалпы, Чемпиондар лигасының соңғы іріктеу сатысына 16 команда шыққан. Олар төрт топқа тең бөлінген. "D" тобындағы клубтар Чехияның Хрудим қаласында додаға түсіп жатыр. Сәрсенбіден бейсенбіге ауған түні алғашқы екі ойын өтті. "Қайрат" Италия чемпионымен кездессе, алаң иелері Беларусь клубының әусеелсін байқап көрді...

"Қайрат" пен "Пескара" арасындағы матч осы топтағы ең жауапты және негізгі ойын еді. Алматы клубының құрамы биыл біраз өзгеріске ұшыраған. Бас бапкері ауысқан. Бразилия маманы Какаудың орнына оның отандасы Кака келген. Өкінішке қарай, ең үздік ойыншылары, атап айтқанда, Дуглас пен Тайнан жарақаттарына әлі айығып кете алмай, қатарға қосылған жоқ болатын...

Қазақстан және Италия чемпиондары арасындағы кездесу өте тартысты болды. Ойын басталған бетте (сегізінші секундта) "Пескара" есеп ашып, көсіле шапты. Бірақ "Қайрат" футзалшылары жігерлік танытып, олардың алғашқы қарқындарына төтеп берді. Алайда ойын ережесін жиі бұзып, 10-минутта бесінші рет ескерту алды. Бұл дегеніңіз – айып соққысы!

"Қайраттың" бағына қарай, Италия клубының намысын қорғайтын, Аргентина құрамасының ойыншысы Куццолино 10-метрлік пенальтиден мүлт кетіп, қақпа бағанасын солқ еткізді. Осылайша, "Пескара" есепті еселеу мүмкіндігінен айырылып, қайраттықтар болса, керісінше жігерлене түсті.

Ал бірінші таймның соңына қарай таразы басын теңестірудің сәті түсті. Хоссейн Тайеби Италияның ғана емес, қазіргі таңдағы әлем футзалының ең үздік қақпашыларының бірі Стефано Маммарелланы сан соқтырып кетті. Ойынның бірінші жартысы осылай аяқталды.

"Пескара" екінші таймда да "Қайратты" қыспаққа ала түсті. Ал Алматы клубы азулы қарсыласын қарсы шабуылдарымен "жазалауға" кірісті. Әуелі Дәурен Тұрсағұлов пен Біржан Оразов Италия клубының қорғанысын бұзып өтіп, қақпашысын қапы қалдырды. Голды соңғысы салды. Іле-шала Біржан өз қақпамызға кіріп бара жатқан допты кері қайтарды...

Матчтың соңғы бес минутында "Пескара" қақпашысын бесінші ойыншыға ауыстырып шабуылдауға көшті. Бірақ бұдан да нәтиже шықпады. Керісінше, "Қайраттың" қас шеберлері үшін қарауылсыз қалған қақпаны алыстан нысанаға алу оңайға түсті. Әуелі қақпашы Игита, одан кейін Біржан Оразов гол соғып, Алматы клубы жеңіске жетті.

"Қайрат" келесі ойынын бүгін түнде Беларусь клубымен өткізеді. Ал сенбіден жексенбіге ауған түні Чехия клубымен додаға түсіп, соңғы іріктеу кезеңін тәмамдайды. "Төртеу финалына" әр топтан бір-ақ команда, яғни бірінші орынға ие болғаны шығады. Әрине, "Хрудим" де осал емес, әйтсе де, "Қайрат" басты бәсекелесін жеңді...

"Қайрат" (Қазақстан) – "Пескара" (Италия) – 4:1

Голдар: Бертони, 0:08 (0:1). Тайеби, 18:24 (1:1). Оразов, 29:05 (2:1). Игита, 36:26 (3:1). Оразов, 38:14 (2:1).

"Қайрат": Игита, Ранжел, Диего, Нұрғожин, Тұрсағұлов – Сүлейменов, Жаманқұлов,  Оразов, Есенаманов, Тайеби, Эдсон, Джон Леннон, Дуду.

"Пескара": Маммарелла, Лима, Мурило, Де Оливейра, Бертони – Фиуза, Миралья, Эрколесси, Куццолино, Кальдеролли, Лукаян, Коко, Авеллино, Пинто.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу