"ҚазАгро" Delta Bank-те есесі кеткенін мойындамай отыр

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
3372

Холдинг банкте орналастырған қаражатының 85%-на резерв жасаған, олар еуробондтарды шығару арқылы валютада тартылған. Бұл құнсызданудан келетін тікелей шығындармен қатар бағамдық жоғалтулардың болуын болжайды. 

"ҚазАгро"  Delta Bank-те есесі кеткенін мойындамай отыр

"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдинг" АҚ 2017 жылдың қаңтар-қыркүйегінде өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда  63,11 млрд теңге мөлшерінде  шығынға батты. Бұл жайлы аbctv.kz-тің Қазақстандық қор биржасы (KASE) сайтынан тапқан холдингтің осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша шоғырландырылған қаржылық есебіндегі түсіндірме жазбада келтірілген.

"ҚазАгро"-ның бұл жағдайы негізінен Delta Bank АҚ-тың банкрот болуымен тығыз байланысты. 2 қараша күні Ұлттық банк Delta Bank АҚ-ты банктік және басқа да операциялар жасау бойынша, сондай-ақ құнды қағаздар нарығында жұмыс жасау лицензиясынан айырған болатын. 

Холдингтің аталмыш банкте 61,3 млрд теңге ақшасы болды деп түсіндірді "ҚазАгро" abctv.kz-ке. 7 қараша күні холдингтің баспасөз-қызметі  Delta bank-тегі салымдар бойынша  талап ету құқын  қайта табыстау жасап, сол арқылы барлық салынған қаражатты қайтарып алуға тырысқанын айтты.

"2017 жылдың II жартыжылдығында  Delta bank-тің банктік және басқа да операцияларды жасау, сондай-ақ құнды қағаздар нарығындағы жұмысын іске  асыру лицензиясын кері қайтарып алғанға дейін "ҚазАгро"  холдингі Delta bank АҚ-тағы қазіргі қолданыстағы шот, мақсатты салымдар және кредиттер бойынша талап ету құқықтарын үшінші тұлғаға қайта табыстау жасады, бұл оларды бұрын бекітілген мерзімділігі мен ақылығы жағдайынан ерте қайтарып алуға мүмкіндік туғызды", – деп түсіндірді компаниядағылар.

Бұл туралы үшінші тұлғалармен банктің ағымдағы шоттардағы активтер бойынша міндеті мен холдинг Delta Bank  және "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ  арасындағы  цессия келісімшартын орындау туралы келісімшарт жасау қажеттігі айтылды.

Осылайша холдингтің Delta Bank-ке қатысты талаптары "Азық-түлік келісімшарты корпорациясына", яғни қарыз алушыларға, АӨК субъектілеріне ауысты", – деп жазылған холдинг жауабында.

Егер холдингтің өзінің қаржылық есебіне сенетін болсақ, ақшаны қайтару мәселесінің болашағы бұлыңғыр. Осы жылдың III тоқсанында 59,02 млрд теңгеге пайыздық табыс әкелетін активтер құнсызданған деп көрсетілген холдинг есебінде. Қазан айының басында "ҚазАгро" банктерде қарыз және депозит түрінде 348,6 млрд теңге ұстаған. Оның әрбір бес теңгесі немесе 67,66 млрд теңгесі қайтарылмайды. Холдинг олардың құнсыздануы бойынша резерв жасаған. Оның 56,07 млрд теңгесі Delta Bank пен Bank RBK-ға салынған.

Лицензияны кері қайтарып алған кезде қарыз қоржыны толығымен өтелмей тұрған Delta Bank бойынша айтатын болсақ, холдинг 61,3 млрд теңгенің шамамен 52 млрд-на құнсыздану бойынша резерв жасағанын мойындады. Бұл "ҚазАгро"  осы банкке салынған өз қаражатының шамамен 85%-ын қайтарып алуға сенбейді деген сөз.

Алайда холдинг басшылығы осы мәселеге қатысты қиындық бар екенін мойындап отырған жоқ. Олар Delta Bank-тегі жоғалған қаражатқа қатысты басқа пікірді ұстануда. "ҚазАгро" холдингі цессия келісімшартын жасағанын тілге тиек етуде, бірақ та компанияның өзінің салымдары бойынша неге резерв жасап отырғаны түсініксіз болып қалуда.

"Барлық проблемалық активтердің мәселесі шешілді. Біз оларды жұмыс істеп тұрған компанияларға ауыстырдық. Бұл 20-ға жуық компания, олардың бюджет алдында, сондай-ақ жалақы бойынша да еш қарызы жоқ. Олармен жұмыс істеу кестесі бекітілген,  қызмет көрсетіліп жатыр (...) [50 млрд теңге банкте] қайтарамыз, әрине. Уақытында қайтарамыз. Бұл өзінің кестесі мен мерзімі бар бағдарламалық ақша болған", – деді 5 желтоқсан күні холдинг басшысы Нұрлыбек Малелов.

Холдингке үлкен шығын әкелген бап – бұл шетелдік валюталармен жасалған операциялар болды. Қазан айының басында осы опеарциялар 32,5 млрд теңге шығын әкелген. Үш ай бұрын 1 шілдеде осы бап бойынша шығын тек 2,7 млрд теңге болған еді.

Осыншалықты валюталық шығынның болуына не себеп болды деген сауалға холдингтің Delta Bank-тегі қаражатының құнсыздануымен байланысты болуы мүмкін деп жауап беруге болады.

"2013-2014 жылы қаржылық сауықтыру бағдарламасы болған еді, сол кезде қаржылық сауықтыру бағдарламасын іске асыру мақсатында "ҚазАгро" шетелдік валютада тартып, теңгемен (банктердегі шартталған салымдар) орналастырған. Қазір бізде кері бағамнан туындаған ашық валюталық позиция бар", – деп жауап берді холдинг басшысы Нұрлыбек Малелов.

Холдинг  жалпы сомасы 1,6 млрд доллар болатын  еуробондтардың екі шығарылымын, яғни 329,2 млрд теңгені доллармен (2023 жылға дейін 4,625% мөлшерлемесі бойынша) және 243,7 млрд теңгені еуромен (2019 жылға дейін 3,255% мөлшерлемесімен) жасаған. Холдинг тартылған валютаны қазақстандық банктерде теңгелік салымдарға орналастырып, валюта тәуекелінің болу ықтималдығын өз мойнына алған.

2014-2015 жылдары девальвацияның болуы холдингтің табысын біршама қысқартты. Delta Bank-тегі 52 млрд теңге сомасындағы салымдардың құнсыздануы шығындардың үлкен болатынын көрсетеді. Дәл осы жағдай 2017 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі қаржылық есепте шетелдік валютамен жасалған операциялардан келген шығын ретінде көрсетілген сияқты.

Шығарылған еуробондтардың біреуі  2019 жылы қайтарылуы  керек, осыған қарап, холдингтің қарыз проблемасын шешуге де аз уақыт қалғанын көруге болады.  Алайда холдингке үкімет көмек қолын созары анық.

Үкімет бұрыннан бері төмендетілген мөлшерлеме бойынша бюджеттік кредитті беру арқылы холдингке қолдау көрсетіп келеді. 1 қазан күні холдингте 130 млрд теңгеге жуық ақша болған. Оның 70,06 млрд теңгесі – ЖАО-ның кредиттік қаражаты, ал 60 млрд теңгесі (осы жылдың 20 желтоқсанында қайтарылуы керек) қаржы министрлігінің қарызы.  Көбінесе мұндай қарыздар бойынша мөлшерлеме жылдық 0,01%-ды құрайды, яғни 1%-дан аспайды.

Мұндай қарыздардың номиналды және нақты құны арасындағы айырмашылық холдингтің қосымша төлеген капиталы ретінде есептеледі. Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде мемлекеттік көмек мөлшері 8,4 млрд теңге болған, ал үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың жалпы жинақталған мөлшері 1 қазанда 140 млрд теңге болған. Осы жылдың тоғыз айында холдинг үкіметке 2016 жылға дивидент түрінде 1,1 млрд теңге қайтарған, бұл бір акцияға 2,71 теңгеден төленді деген сөз.

1 қазандағы жағдай бойынша холдингтің пайдасы 98,9 млрд теңге болған, оның 81%-ы пайыздық табыс (80,2 млрд теңге), ал 2016 жылы бұл 66% немесе  66,8 млрд теңге болған еді. Астық сатудан түскен табыс тек 8,01 млрд теңге болған, бұл бір жыл бұрынғы  деңгейден үш есе аз. Ал ірі қара мал сатқаннан түскен пайда  46%-ға өсіп, 2,13 млрд теңгеге жеткен.

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов, Ирина Севостьянова​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу