Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң сынына ұшыраған "ҚазАгро" холдингі дағдарыстан қалай шықпақшы? Несие нарығында оның әрі қарай өмір сүруі кімге қажет? Жаппай қысқартулардан қанша қаржы үнемделеді. Холдингтің басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерінің осы мәндегі сауалдарына жауап берді. Әуелі ол холдингтегі бас артық ұйымдар мен қызметтер қалай қысқартылып жатқанын түсіндірді.
"Бұған дейін бізде 7 еншілес компания болды. Соның ішінен "ҚазАгроМаркетинг" деген компанияны жойдық. Қазір "ҚазАгроӨнім" деген компанияны қысқартып жатырмыз. Жыл аяғына дейін үш компанияны қысқартамыз деп жоспарлағанбыз. Ендігі жылдың бірінші тоқсанында біз тағы да бір компанияны қысқартып, екінші жартыжылдыққа 3 еншілес компания қалады. Осылайша келесі жылдың екінші тоқсанына дейін 1100 қызметкер қысқартылады", – деді холдинг басшысы.
Аталмыш қысқартулар компания шығынынан 2 млрд теңге үнемдейтін көрінеді.
"Жыл сайын "ҚазАгро" холдингінің әкімшілік шығындары 4 млрд теңге болатын. Оның ішіне ғимарат жалдау, мамандарға айлық төлеу де кіреді. Қысқартудан кейін, холдинг құрамында 3 еншілес компания ғана қалады деп отырмыз. Осылайша әкімшілік шығын 2 млрд теңгеге қысқарады" – деді ол.
Ербол Қарашөкеев қысқартуға қандай еншілес копаниялардың ілінбейтінін де айтты.
"Қысқартуға "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры", "ҚазАгроҚаржы", "Аграрлық несие" компаниялары түспейді. Яғни шаруаларған тікелей несие беретін үш компнаия қалады", – "ҚазАгро" басшысы компанияны басқару ісіне шетелдік мамандарды тарту туралы тапсырманың қашан орындалатынын атады. Холдингтің директорлар кеңесіндегі стратегия, аудит және мамандармен жұмыс комитеттеріне шетелдік тәуелсіз директорлар тартылмақ. Ал олардың еңбеақысы осыған дейінгі тәуелсіз директорлардың табысынан төмен болатын көрінеді.
"Біздің директорлар кеңесінің құрамында стратегиялық жоспарлау, аудит және кадрлық мәселелер жөніндегі комитеттер бар. Сол жердегі тәуелсіз директорлардың бәрін шетелдік мамандармен алмастырамыз. Олардың бәрі халықаралық ұйымды басқара алатын деңгейдегі мамандар. Қазір құжат рәсімдеу жүріп жатыр. Қараша айының соңына дейін бәрі директорлар кеңесінің құрамына кіруі керек. Олардың бірі – Вайнштейн мырза. Вайнштейн мырза көп жылдар бойы Еуропа қайта құру және даму банкінің құрамында Қазақстанға жауапты маман болып жұмыс істеген. Ал Абрамов мырза – Стэнфорд университетінің профессоры. Корпоративтік қаржы саласында танымал маман деп есептеледі. Үшінші директор – Йоан Бродерсон. Ол – Қазақстан-Германия экономикалық қарым-қатынас комиссиясының өкілі. Ауыл шаруашылығының маманы, бұрынғы Совет одағының елдерінде ауыл шаруашылығын реформалау бойынша тәжірибесі мол. Осы үш ірі маман тәуелсіз директор болады. Қазір олардың қанша гонорар алатынын айтуға хақым жоқ. Бір ғана нәрсені айта аламын, олардың гонорары осыған ұқсас тәжірибелерге қарағанда айтарлықтай төмен", – деді ол.
Былтыр "ҚазАгро" ауыл шаруашылығына 400 млрд теңге бөліпті. Оның ішінде инвестициялық жобалар да, көктемгі егіс жұмыстары да бар. Ал екінші деңгейлі банктер 76 млрд теңге бағыттаған. Яғни банктер ауыл шаруашылығына берілетін несие көлемін қысып жатыр.
"Банк несиелердің санын 6-7 есе азайтты. Ал біз былтыр бюджеттен 80 млрд теңге алды. Бес жыл ішінде 560 млрд теңге алған болатынбыз. Оның 230 млрд теңгесін жарғылық капиталға жұмсадық та, қалғанын несие ретінде бердік. Мемлекеттен 560 млрд теңге ала отырып, "ҚазАгро" 1,2 трлн теңгенің несиесін таратқан. Қазақстанда жыл сайын шамамен 20 млн гектарға егін егіледі. Ал көктемгі егіс жұмыстарына 60 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесі беріледі. Бұл 3 млн гектарға ғана жетеді. Қалған алқапқа қаржы басқа көздерден алынады. Яғни, шаруаларға біздің несиелер жетпей жатса, бұл біз ақшаны басып отырмыз деген сөз емес. Бөлінген ақша аз болғандықтан, осылай болып отыр. Оның қорын бюджет есебінен де, несиеден түскен табыс есебінен де ұлғайту қажет", – деген Ербол Қарашөкеев бұрын 30 күн бойы рәсімделетін несиелер қазір электронды қолтаңбаны қолдану арқылы 30 минутта берілетінін айтып қалды.
"Бұрын шаруалар 4 млн теңгеге дейінгі шағын несиенің өзін алу үшін 30 күн жүретін. Автоматтандырудың арқасында енді оны 30 минуттың ішінде береміз. Бұл бір жағынан шаруалардың жұмысын жеңілдетеді. Екіншіден, бұл жемқорлыққа қарсы күрестің ең бір тиімді тетігі болмақ. Бізде қазір 70 мыңнан астам борышкер бар. Оның 50 мыңы шағын фермерлер деуге болады. Олардың көбі 4 млн теңгеге дейінгі шағын несие алған. Ең бірінші, соларға көрсететін қызметті автоматтандырмақпыз. Жыл соңына дейін бізден несие алушылардың санын 80 мыңға жеткізсек деген ойымыз бар", –деді холдинг басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы