"ҚазАгро" қоғамды өзінің тұрақтылығына сендіруде

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2224

"ҚазАгро" холдингі МӘСҚ-дан тартылған қаражатты толық көлемде қайтарылатынын айтып сендіруде.

"ҚазАгро" қоғамды өзінің тұрақтылығына сендіруде

"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 60 млрд теңге мөлшерінде қаражат алды. Бұл ретте холдингтегілер алынған ақшаны шашау шығармай толық көлемде қайтаратындарындарына сендіріп бағуда.

Холдинг өз хабарламасында "Қазақстанда экономикалық өсудің негізін қамтамасыз ету проблемалары бұрыннан бар екенін, соның бірі ұзақмерзімді өтімділікті ұсыну болып табылатынын" атап кетті.

"Тап қазіргі уақытта Ұлттық қор, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаттары ел экономикасын дамыту үшін қолданылуы мүмкін", – деп отыр "ҚазАгро" өкілдері.

Ал холдингтің өзі ауылшаруашылық өндірушілеріне теңгелік қарыз ұсынады.

"Елдің аграрлық саласы ұзақмерзімді теңгелік қаржыландыруды қажет ететіндіктен, ұзақмерзімді қаржылық ресурстарға ие МӘСҚ Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі болуға мүмкіндігі бар. Қазір агросекторға мемлекеттік компаниялар арқылы қаражат салу неғұрлым оңтайлы шаруа болып отыр. Біріншіден, ақшаны нарықтық шартпен қарызға алу (тап осы жағдайда жылдық 11%-бен) инвесторға (МӘСҚ) табыс әкелетін болады. Екіншіден, ел экономикасына пайда әкеліп, саланы дамытуға үлес қосады. Үшіншіден, қаражат сақтандырылған, өйткені эмитент мемлекеттің бақылауында болады", – деп есептейді "ҚазАгро" өкілдері.

Сонымен қатар холдинг өздерінің сыртқы рейтингі "компанияның төлемқабілеті деңгейінің айтарлықтай сенімді екенін көрсетеді" деп отыр. Fitch бағалауы бойынша, "ҚазАгро" рейтингі ВВВ-, ал Standard and Poors бағалауы бойынш ВВ- деңгейінде. Рейтингтің бұл деңгейі "ҚР үкіметі мен Ұлттық банктің МӘСҚ қаражатын инвестициялау үшін ұсынып отырған эмитенттерге қойылатын талаптарға сәйкес келеді". "Демек холдингтің сыртқы рейтингі мен несиелік сенімділігін ескере отырып, қаражат айтарлықтай консервативтік инфрақұрылымға ерекше талаппен салынған болып есептеледі", – деп есептейді "ҚазАгро" холдингі. Компания МӘСҚ-дан алатын қаражатты "Азық-түлік корпорациясы" ҰК АҚ арқылы астық нарығындағы интервенцияға жұмсауды көздеп отыр.

"Мұндай тәжірибе отандық өндірушілерге арналған астықтың ішкі бағасы бойынша тиімді болатынын көрсетті және жүк тасымалдау мен жылжымалы құрамдарға қатысты маусымдық мәселені шешуге көмектесті, яғни ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен елдің салалық бірлестігі көтеріп отырған мәселелерді шешті. Сатып алынған астық ішкі және сыртқы нарықта қолайлы баға болған кезде сатылатын болады, бұл қаражатты толық көлемде қайтаруға мүмкіндік береді", – деп нақтылады холдингтегілер. Еске сала кетер болсақ, ауылшаруашылық өндірушілер осыған дейін екі тонна астықты мемлекеттің сатып алуын сұраған болатын.

Сондай-ақ "ҚазАгро" өкілдері холдинг өзіне алған міндетті орындамай тастаған кезі ешқашан болған емес деп отыр.

"Бұл ҚР үкіметінің бөлген қаражаты мен шетелдік нарықтан тартылған капиталға қатысты әңгіме. Мысалы, 2013-2017 жыл аралығында республикалық бюджеттен көктемгі егін салу мен егін жинау үшін холдингке 273 млрд теңгеден артық қаражат бөлінген. Осы ақша бюджетке дер кезінде толығымен қайтарылды", – атап кетті компания.

Бұған қоса холдинг "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ холдингінің облигацияларын мажоритарлық ұстаушыларға сыйақыны толығымен уақытылы төлеп отыр. Ал облигацияларды айналымға шығарғаннан бері (29,12.2014) бұл шамамен 31,6 млрд теңге болған. Облигациялардың миноритарлық ұстаушыларына да шамамен 457 млн теңге болатын сыйақыны дер кезінде толық көлемде өтеген.

"ҚазАгро" мәліметі бойынша, холдингтің агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруының жиынтық көлемі он жылда (2007-2017) 2,6 трлн теңгеден астам болған, оның 55%-ы – бұл холдингтің өз қаражаты есебінен қаржыландыру, 36%-ы республикалық бюджет есебінен, 6%-ы тартылған қаражат, 3%-ы Ұлттық қордың ақшасы. Жалпы көлемдегі шағын және орта бизнеске несие берудің үлесі 92%. Холдингтің инвестициялық қоржынында жалпы құны 376 млрд теңге болатын 570 инвестициялық жоба бар, қазіргі уақытта оның ішінен 334,4 млрд теңге тұратын 530 жоба пайдалануға енгізілді.

Сонымен бірге, шоғырландырылған есеп мәліметі бойынша, 2017 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында холдинг алдыңғы жылдың осындай кезеңіндегі пайдамен салыстырғанда 63,11 млрд теңге мөлшерінде таза шығынға батқан. "ҚазАгро"-ның басты шығыны Delta Bank-тің банкрот болуымен байланысты. Бұл банкте холдингтің 61,3 млрд теңгесі болған.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу