"Қазақтың несиеге деген алабөтен ықыласы банктердің ғана несібесі болып тұр"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
11994

Банк капиталында мемлекеттің үлесі тым аз.

"Қазақтың несиеге деген алабөтен ықыласы банктердің ғана несібесі болып тұр"

Отандық банк секторының түйткілдері  туралы  қаржыгер Ілияс Исаев abctv.kz тілшісіне сұхбат берді.

–  Сарапшылардың:  "1 АҚШ доллары 400 теңгеге жетпей тоқтамайды"  деген болжамы орындалған жоқ. 1 АҚШ доллары  365 теңгеге келіп тоқтады. Бұған қатысты қандай пікір білдіресіз?

– Бұл жерде үлкен қауіп көріп тұрған жоқпын. Қымбат доллар сұраныс пен ұсынысқа негізделген тенденция ғана. Мұнай бағасының да ұлттық экономикаға әсері соншалықты қауіп төндіретін немесе гүлдендіріп жіберетін деңгейде емес. Доллар алдағы уақытта арзандауы мүмкін. Долларды қолдан қымбаттату өзінің міндетін атқарды. Ұлттық банк нарықтан тек 2 күннің ішінде 250 млрд теңгені қайтарып алды. Бұл теңгенің күш алуына себеп болды. Нарықтағы теңге айналымының азаюы оның позициясының күшеюіне негіз болды.

Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты нығаюына Ресей Федерациясы қаржы министрлігі үшін ішкі нарықта шетел валютасын сатып алуды тоқтата тұру туралы шешімі  әсер  етті.

Демек, қымбат доллар Қазақстан мен Ресейге айналымдағы теңге мен долларды  қайтарып алу үшін уақытша қажет болғаны ғой. Бұл жерде екі мемлекеттің ортақ келісімі болуы мүмкін бе?   

– Маған бұл жағы белгісіз. Қазір жаппай доллар сатып алып жатқандар ертең ұтылады.

Теңге бағамының өзгеруіне қандай факторлар әсер етті деп ойлайсыз?

– Доллардан арылу процесі жалғасып,  нарық сегментінде  тек теңгемен баға белгілеуге қол жеткіздік. Ендігі мақсат тұтыну нарығында импортты алмастыратын  отандық тауарлардың үлесі арттыру. Ұлттық банк теңгеге деген халықтың сенімін арттыру үшін алдағы уақытта да күрделі шараларды жүзеге асыруы мүмкін.

 Ресей  рублі біздің қаржы саясатымыздағы ойын ережесін өзгерте ала ма?

– Ресей бұл мүмкіндіктен айрылып қалды. Тіпті оның жақын көршілері Украина мен Белорусь те Ресей ықпалын азайтуға әрекеттеніп жатыр. Ішкі жағдайын реттеу үшін Ресейге кемінде 2-3 жыл керек.  Мұны президент Владимир Путиннің өзі мойындап отыр.

– Қалай ойлайсыз, Ресейге бағытталған санкцияға байланысты Қазақстан үкіметі дағдарысқа қарсы "Б" жоспарына көшу керек пе?

– Импорттағы Ресей үлесі 37%-дан асып кетті. Мұнай, газ саласындағы кәсіпорындарда ресейлік азамаnтардың  акциялары бар. Санкцияның салқыны еліміздің экономикасына әсер етуі әбден мүмкін.  Экспорттың қысқаруы Ресейге түсетін валюталық түсімді азайтып отыр. Қазақстан импорттың орнын отандық тауармен алмастыруға басымдық беруді көздеп отыр. Меніңше, "Б" жоспары осы тапсырма орындалғанда жүзеге асады.  

Қазақстандағы девальвация, ревальвация саясаты туралы не айтуға болады? Бұл қаржылық саясаттың құрамдас бөлігі болуға тиіс емес пе?

Қазір Ресейден келетін импорттың азайғаны байқалып жүр. Біз бұл мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Жағдайды өз пайдамызға бейімдесек, теңгеге девальвация жасаудың қажеті шамалы. Девальвация саясаты импортқа тосқауыл қою үшін, экспортқа жол ашу үшін қажет.

– Импортты тұтас алмастыру ұзақ жылдардың еншісіндегі мәселе емес пе?

– Ғылымды, технологияны, техниканы дамыту үшін білімді жастар қажет. Отандық жоғары оқу орындары биылдан бастап техника мен технологияны дамыту үшін мемлекеттік тапсырыс алды. Кез келген елдің қуаты оның ғылымында. Қазір жастарды робот құрастыруға бейімдеп жатырмыз. Бұл құптарлық іс. Ең бастысы жастарда ықылас бар.

– "АҚШ-тың мемлекеттік қарызы көбейген сайын доллар күшейеді" деген пікір айтыла бастады. Наурыз айында шетелдік БАҚ "АҚШ-тың ішкі қарызы ішкі жалпы өнімінен 120 есе көп" деген пікір білдірді. Осы қаншалықты рас?

Мен бұл деректің қайдан алынғанын білмеймін. Егер, рас болса, жағдай күрделі. "АҚШ-тың сыртқы қарызы оның әлемдегі мәртебесіне қалай әсер етеді?"  деген сұрақ тек АҚШ-қа ғана емес, барлық мемлекетке қатысты.

– АҚШ-тың мемлекеттік қарызы өскен сайын оның валютасына тәуелділердің қатары көбейетінін көріп жүрміз ғой...

– Бұл тенденция АҚШ үшін алдын-ала жоспарланған саясат сияқты. Себебі АҚШ долларының мықты болуы тұтыну аясын кеңейту арқылы жаһандану қаупін жеделдетіп отырған трансұлттық компанияларға қажет. АҚШ әлемге валюталық өктемдігін трансұлттық компанияардың көмегімен жасап отыр. Қазір трансұлттық компаниялардың жалпы саны  900 мың деген дерек бар.  Ішіндегі ең қуаттылары – АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания мемлекеттерінен шыққандар.

– Санкциялық соғыстың бізге тиімді тұсы бола ма?

– Бұл зерттелмеген тақырып. Жалпы, үкіметтің жанынан құрылған кеңес осы мәселемен айналысуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау мәселесіне басымдық беріліп жатыр. Бәлкім, экспорттық саясатымызды да әртараптандырудың кезі келген шығар. Мысалы, оңтүстік облыстардың ауыл шаруашылығы өнімдерін – Қытайға, солтүстік облыстардың өнімдерін – Ресейге экспорттау мәселесін қарастырған жөн.   

– Мұндай жағдайда Ресей Қазақстанды рубльмен есеп айырысуға  мәжбүрлеуі әбден мүмкін ғой. Бұл фактор бізге қауіп төндірмей ме?
– Есеп айырысудағы доминантты жағдай экспорт пен импорт көлеміне қарай белгіленеді. Ресейден бізге импорт көп келіп, Қазақстанның тасымалдайтын тауары аз болса,  есеп айырысуды рубльмен жүргізуге міндеттіміз. Импорт пен экспорт көлемі тең болса, рубль мен теңге тең жағдайда есеп айырысу құралы болады. Ал бұған дейін бізде бұл рөлді доллар атқарып келген. Есеп айырысу валютасының заман талабына қарай алмасуы ел экономикасына кері әсер етпеуге тиіс. Бұл фактор ішкі нарықтың әлеуетін ішкі бағаға және өзара ішкі экономикалық әлеуетке  қатысты анықтауға мүмкіндік береді.

– Доллардың бағасы қымбаттап, позициясы нығайса, одан қандай елдер зардап шегуі мүмкін?

– Ең көп зардап шегетін ел – Қытай болуы мүмкін. Себебі Қытайдың орталық банкіндегі доллардың резерві 1 триллионнан асып кетті.

– Қытайдың  юаньмен есеп айырысу туралы ұсынысына осы жағдай себеп болған ба?

Қытайдың ұсынысы біраз елдерден қолдау тапты. Алдағы бірер жылда  мульти­валюталық қоржыннан юаньның орын алуы әбден мүмкін. Ұлттық банк Ресеймен арадағы қаржылық операцияны ұлттық валюта бойынша жүргізуге басымдық бере бастады. Біз дол­лардың ықпалынан бірден ажырай алмаймыз. Доллар­сыздандыру саясаты нәтижелі болуы үшін теңгенің ақша айна­лымындағы үлесі артуы керек. АҚШ валютасының айналымдағы ықпалын 40%-ға дейін түсір­сек, теңгенің шетелдік валютамен  текет­іресінде тепе-теңдік орнайды. Қазір мультивалюталық қор­жындағы еуро долларға тәуелді болса, рубль еуроға тәуелді. Бұл фактор  доллардың теңгеге ықпалы  әзірге әлсіремейтінін көрсетеді.

Ресми дерек Қазақстандағы еңбекке жарамды 11 млн адамның  5 миллионы коммерциялық банктерден несие алғанын айтады. Ал банктердің экономиканы несиелендіруі мардымсыз. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– 2000 жылдардың алғашқы жартысында коммерциялық банктер шетелден 4%-бен несие алып, оны халыққа 17-25% өсіммен берді. Несие нарығында тәжірибеміздің аз болғандықтан мемлекет банктерге бақылау жасай алмады. Тек халықаралық қауымдастықтардан ескерту  түсе бастаған кезде ғана қаржы нарығы мемлекеттің бақылауына алынды.

Банктің келісімшартында аннуитет деген бар. Оған ешкім мән бермейді. Тіпті  банкпен арадағы келісімшартты аяғына дейін оқитындар аз. Аннуитетке келісім берсеңіз, ай сайын төлеген 100 мың теңгенің 3%-ы негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы банктің пайдасына жұмсалады. Несие алған адамдардың 40%-ы шартты дұрыс түсінбегендіктен алданып қалады.

Ең маңызды мәселе қай банктен қарыз алуыңызда. Әр банкте әртүрлі мөлшерлемемен, әртүрлі пайызбен несие береді, банк таңдауда да қателеспеу керек. Қазір қазақтың несиеге деген алабөтен ықыласы банктердің ғана несібесі болып тұр.

– Банктердің инвестициялық қажеттілігі көбейіп барады. Активтері проблемалық несиеге айнала бастады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылық қолдау оларды тығырықтан шығара алмады. Неге?

Мен бұл жайлы көп ойланып, бұл жағдайға сыртқы фактордың әсері жоқ деген шешімге келдім. Негізгі себеп макроэкономикалық саясатты қалыптастыра алмауымызда. Біраз қателіктерге жол бердік. Себебі экономикамыздағы мемлекеттің үлесі 60%, ал банктер жекенің қолында. Үкімет қаржы секторындағы үлесін  үйлестіріп ұстағанда, банк секторында мемлекеттік капиталды ұстап отырғанда дағдарысқа ұшырамайтын едік. Банк капиталында мемлекеттің үлесі тым аз. Мемлекеттік банктердің бәрі жекешелендіріліп, акционерлерінің жауапкершілігі азайып кетті. Несиенің пайыздық мөлшерлемесін белгілеуде Ұлттық банктің ықпалы аз.

– Жетекке жүрмейтін банкті банкрот деп жариялаған тиімді емес пе?

Банк мемлекеттің қолдауынсыз тығырықтан шыға алмайды. Банкті банкрот деп таныса, оны таратып жіберудің шығыны сол банкті сақтап қалуға жұмсалатын шығынан көп болуы мүмкін. Мемлекетке банктерді сақтап қалған тиімді. Банктер банкроттықтан аман қалса, кредиторлардың да қаржысы сақталады. Сондықтан мемлекет мүмкіндігінше банктерді сақтап   қалуға басымдық береді.

– Дүниежүзілік тәжірибеде тұрақтандыру немесе бридж банк құру деген бар.  Біздегі банк секторында бұл тәжірибе қолданылмапты. Оны қолдануға мемлекет ықылас танытпаған. Мұның себебі не?

Мұндай банк құруға әлі ерте. Әлемдік тәжірибеде банкроттыққа жақындап қалған банктер кредиторлардың есебінен капиталын көбейте алады. Бұл бізге келмейді. Себебі бридж банк  ашуға  жарғылық капитал қажет. Қазақстан жағдайында проблемалық банктердің өз кредиторлары алдында міндеттемелерін конвертациялауы банкті түгел мемлекеттің меншігіне алу деген сөз. Бізде бұған қатысты заң болмағандықтан бридж банк құру  мүмкін емес.

– Үкіметтің ықыласы "Астана" халықаралық қаржы орталығына бағытталып жатыр. Бұл орталық осыған дейінгі жіберген кемшіліктердің орнын толтырады деген үміт бар. Банк секторы мен қор нарығын қатар салыстырсақ, сіз қайсысына үміт артасыз?

Астанадағы қаржы орталығы континентальдық және англо-саксондық үлгіні ұстанып отыр. Әлемдік тәжірибе  осы үлгіге  басымдық берген елдердің бәсі басым болатынын көрсетіп отыр. Бірақ қаржы нарығының  континентальдық үлгісі банк секторынсыз өмір сүре алмайды. Ирландия ішкі жалпы өнімінің 40%-ын банк секторына жұмсаған. Тіпті ЕО елдері де халықаралық валюта қорынан қарыз алып жатыр. Қор нарығының англо-саксондық үлгісі бізге тиімді. Себебі бұл жүйеде халықтың ақшасының 75-80%-ы қор нарығы арқылы трансформацияланады. Ал қаржы нарығының континентальды үлгісінде халықтың жинақ ақшасының біраз бөлігі банк секторы арқылы инвестицияға айналады.  Англо-саксондық үлгіні қолдаған мемлекеттердің дамып кеткенін жоғарыда айттым. Сондықтан бұл бағытқа басымдық беріп отырған АХҚО үмітті ақтайды деп ойлаймын. Себебі қор нарығының банк секторына қарағанда бірнеше артықшылығы бар.

Банкте құпиялылыққа басымдық берсе, биржада бәрі айқын. Биржаның жұмысы бақыланбаса, ашықтық сақталмаса банктерден айырмашылығы болмай қалады. Биржада  ойын тәртібін білетіндер ұтып шығуға мүмкіндік алады. Биржада халықтың қаржылық сауаттылығы қор нарығымен қатар дамиды. Бірақ оның да әлі жетілдіретін тұстары бар. Мұнда акцияларды сату мен сатып алудың айырмашылығында айқындылық болу керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу