"ҚазАтомӨнеркәсіп" уран өндірісін қысқартады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3538

2018 жылы 23 мың тоннаға жуық өнім өндіріледі.  

"ҚазАтомӨнеркәсіп" уран өндірісін қысқартады

Уран азот тотығы бағасының төмендеуіне байланысты Қазақстан уран өндірісін қысқартпақшы.  2011 жылы Жапонияның "Фукусима" атом электр станциясында болған апаттан кейін уран азот тотығының бағасы күрт құлдырай бастады. Қазіргі таңда уран азот тотығының бір фунты 24-25 доллардан сатылуда. Нарықтағы жағдайды қалыпты ұстап тұру үшін ең ірі уран өндіруші (әлемдегі уран өндірісінің шамамен 40%-ы Қазақстанға тиесілі) қаңтар айында 2017 жылғы өндіріс жоспарын 10%-ға, яғни 21,8 мың тоннаға дейін төмендететінін мәлімдеді.  

"Осы жылдың қаңтар айында "ҚазАтомӨнеркәсіп" өндірісті 10%-ға төмендететіні туралы хабарлады. Мұндай қадамға уран бағасының фунтына 18 долларға дейін түсіп кетуі себеп болды", – деді "ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов.  

Десе де ұлттық компаниядағылар уран нарығының болашағына үмітпен қарап отыр.         

"Уран бағасы фунтына 25 доллар көлемін құрап отыр. Оның ендігі жағдайы нарықтағы негізгі ойыншыларға байланысты болмақ. Бірақ ортамерзімді перспективада біз нарықтағы ахуал ойдағыдай болады деп сенеміз", – деді Ғалымжан Пірматов.

2017 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық компания 46 млрд теңге көлемінде операциялық табыс табуды көздеп отыр. Ғалымжан Пірматов атап өткендей, компания шығаратын уранның 100%-ы экспортталады.

"Біздің компаниялардың бәрінде жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт бар. Олар соның негізінде уран өндірумен айналысады. Аталған келісімшартта өндірістің жыл сайынғы көлемі көрсетілген. Көлем жыл сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Егер Қазақстандағы барлық компания келісімшарттағы міндеттемелеріне сәйкес өнім өндіретін болса, онда олар келер жылы 27 мың тоннадан астам уран өндіруі керек. Алайда біз 2018 жылы 23 мың тоннаға жуық уран өндіруді жоспарлап отырмыз", – деді Ғалымжан Пірматов.          

Ол бұған дейін "ҚазАтомӨнеркәсіптің" алдағы үш жылда уран өндіруді 20%-ға қысқарту туралы мәлімдеуі тиісті жылға жоспарланған келісімшарттық міндеттемелердің азаюымен байланысты екенін еске салды.

"Қайталап айтамын, бұл біздің жеткізу туралы міндеттемелерімізге, әлемдегі уран өндірудің көшбасшы ретінде Қазақстанның беделіне ешқандай әсер етпейді", – деді Ғалымжан Пірматов.

2016 жылы Қазақстандағы уран өндірісі шамамен 24 мың тоннаны құрады.  Айта кетейік, Ғалымжан Пірматов келер жылғы уран бағасына болжам жасаудан бас тартты.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу