"Квазидің" қыруар қаржысын xалыққа бұрсақ, қанеки!

2673

Бұл салада бірыңғай саясат жоқ. Бір жерде заңмен реттелсе, басқа компаниялар ішкі ережелерге сүйенеді.

"Квазидің" қыруар қаржысын xалыққа бұрсақ, қанеки!

Әлі есімізде, дамыған мемлекеттерден үлгі алып, "Самұрық-Қазына" қорын (одан кейін ұлттық әл-ауқат қоры болып атала бастады – авт.) экономиканың драйвері ретінде құрған кезде оған да, оның құрамындағы компанияларға да ерекше жағдай жасалып, қордың сатып алуын өз ішінде бөлек ережемен жүргізуге рұқсат берілді. Тіпті "Самұрықтың" қазынасын барынша сақтап, ел игілігіне жұмсаймыз деп арнайы заңды да қабылдадық. Алайда бертін келе, өзіміз жасап берген "ерекше жағдайдың" кері әсері байқала бастады.

"Квазимемлекеттік" дейтін осы бір сектордың сатып алуы үкіметтің бас ауруына айналғаны жасырын емес. Себебі бюджеті триллиондап саналатын қордың компаниялары тауарлар мен қызметтерді өз елімізде емес, сырттан сатып алып келеді. Соның салдарынан қыруар ақша шекара асып, өз кәсіпкерлеріміз мыңдаған тапсырыстан қағылып отыр. Демек, қаншама адамның қолы да, аузы да қимылдамай қалды. Оның сыртында бюджетке түспей қалған миллиондаған салықты тағы қосыңыз.

"Атамекен" палатасының осы мәселені айтып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Палата жанындағы сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл кеңесі квазимемлекеттік сектордағы сатып алуды талай рет сынға алып, осы саладағы заң бұзушылықтарды құр сөзбен емес, нақты санмен келтірген. Бұрынғы қаржы полициясы да тексеру жүргіземіз деп, қанша мәлімдесе де, арнайы заңмен реттелетін квазимемлекеттік сектордың сатып алуына кіре алмады. Сөйтіп "Самұрық-Қазына" дейтін алып машинаның ішкі меxанизміне ешкім араласа алмады, триллиондаған ақшаны отандық нарыққа бұра алмады. Дегенмен кәсіпкерлердің арыз-шағымы президентке жеткен болуы керек, биылғы жолдауда мемлекет басшысы отандық тауар мен қызметті сатып алу көлемін арттыруды тапсырды.

Жақында үкіметтің кезекті отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы мәселені көтеріп, "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуына қатысты бірыңғай ережелерді әзірлеуді тапсырды. Министрлер кабинетінің басшысы бұл проблеманың қаншалықты қиын екенін жақсы біледі екен. Себебі дәл осы салада жұмыс істеген.

"Мен бұрынғы қызметте "Атамекенмен" бірге "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуы бойынша екі жылдай жұмыс істедім. Енді сатып алу мәселесіне келгенде ұлттық компаниялар тарапынан үлкен қарсылыққа тап боласың, кәдімгідей қасарысып отырып алады ғой, ылғи бір нәрсені ойлап табады. Жоғары басшылыққа сілтеп, бір ереже мен нұсқауға сілтейді. Әйтеуір, барынша ақталып, уақытты созады. Маған үнемі бір қағазды көрсететін. Сөйтіп дауласып жатқанда бір жыл да өте шығатын", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл салада бірыңғай саясат жоқ. Бір жерде заңмен реттелсе, басқа компаниялар ішкі ережелерге сүйенеді. Осыған байланысты ол қаржы министрлігіне биылғы жылдың бірінші тоқсанында тиісті заң жобасын әзірлеп, квазимемлекеттік сектордағы компанияларға ортақ ереже енгізуді тапсырды. Сондай-ақ барлық сатып алуды бірыңғай электронды порталға шығаруды жүктеді. Бұл жұмысты қысқа уақытта жасаудың себебін де түсіндіріп берген.

"Өйткені жақын арада сатып алу науқаны басталады. Қазір барлық қағаз бен ережені ақтарып шыққанша, бір жыл өте шығады. Сосын тағы келесі жылға қаламыз", – дейді премьер-министр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылы қазақстандық қамту 8 пайызға азайды. Бұл нені көрсетеді? Демек, бұл саладағы жұмыс бәсеңдеп кетті. Соған қарамастан, табиғи монополия саласындағы кей пысықай компания отандық газды, электр энергияны және тағы басқа шикізатты "Қазақстан өнімі" деп көрсетіп, мемлекетті алдайтынды шығарды. Үкіметтің салық жағынан жеңілдік жасағанына қарамастан, сан алуан құрал-жабдықты сырттан тасып жүргендер де аз емес.

"Біз керек кезде ірі компанияларды қолдаймыз. Демек, олардан да бір қайтарым болуы қажет. Әсіресе, "Арселор Митталдың" осындай немқұрайлылығы қатты байқалады. Үкіметке ылғи келеді де, преференция сұрап кетеді. Өздері болса, қажетті заттарды сырттан сатып алады. Оған ешбір дауа жоқ. Оның дәл жанында – тосқауылдың арғы жағында зауыт тұр. Бірақ олардың өнімін алмай, шетелден тасып әкеледі", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Ендігі кезекте үкімет тек нақты тауар мен қызметті ғана ескеруге шарт қойып отыр. Оған қоса бүгінде жиһаз бен жеңіл өнеркәсіп өнімдері бойынша қазақстандық қамтуды ұлғайту жүйесі бар. Осы айдың аяғына дейін басқа салалар да зерделеніп, жаңағы жүйені кеңінен қолдану шаралары қолға алынуы қажет.

Міндет нақты, мақсат айқын. Мемлекеттік сала болсын, квазимемлекеттік сектор болсын, отандық кәсіпкерге барлық сатып алу есігі ашық, жүйесі әділ болуы тиіс. Басты барометр – қазақстандық қамту көлемі. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы саладағы жаңа заңның нақты сипаттамасын білмесе де, кәсіпкердің өз өнімін шығаруды бірнеше жылға жоспарлай алатынына сенімді.

"Жалпы мына мемлекеттік сатып алуды алсақ, сосын квазимемлекеттік сектор мен кен-өндіру саласындағы компанияның сатып алатын тауарлары мен қызметтерін қоссақ, ол деген 13 трлн теңге болады. Енді берілген тапсырмаға сай біз бизнеске бірнеше жылға қандай тауарлардың сатып алынатынын, мемлекет болсын, квазимемлекеттік сектор бар, тау-кен өндіруші компаниялар болсын, бірнеше жылдың ішінде кімде қандай сұраныс болады, бағалар қалай болады, кім қатысады, соның барлығына бір жерден, "бір терезе" қағидаты бойынша ақпарат ұсынуымыз қажет. Осының арқасында инвесторлар да, отандық бизнес өкілдері де өздерінің стратегиялық жұмыстарын ұзақ мерзімге жоспарлай алады. Осындай жағдай жасау үшін заңнамалық өзгеріс керек", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Иә, сөз жүзінде бәрі тамаша көрінеді. Дегенмен, Бақыт Тұрлыxанұлы айтып отырған бастаманы іс жүзінде қолға алған оңай емес екені бәрімізге мәлім. Себебі бұл жерде бір емес, бірнеше саланы, ондаған компанияны, жүздеген мүддені, мыңдаған адамды бір мақсатқа жұмылдырып, қаржыны бір арнаға бағыттау қажет.

Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаеваның айтуынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік саланың сатып алуы екі бөлек заңмен реттелетіндіктен, екі бірдей жүйені ортақ ережеге бағындыру оңайға соқпас.

"Самұрық-Қазына" өзінің ішкі қағидасымен жұмыс істейді. Өзі қалай шешемін десе, солай шешеді. Өйткені ол мемлекеттік сатып алу жүйесіне кірмейді. Сосын инвестициялық және даму министрлігі қасында жүрген тау-кен игеруші компаниялар тағы бар. Солардың барлығын бір жүйеге келтіру керек деген тапсырма бар. Бірақ қалай келтіреміз? Өйткені мемлекеттік сатып алуға қатысты заң талаптары өте қатал, өте қиын. Ал квазимемлекеттік секторда мемлекеттің қатысуы бар болса да, бизнес қағидаты да бар. Ондай компанияларға икемді шарттар қажет. Сөйтіп "әрі тартса, арба сынады, бері тартса, өгіз өледі" болып отыр. Осыны шешу керек. Қазір арнайы жұмыс тобы іске кірісті. Алдағы уақытта қалай болатынын көреміз", – дейді Ғалия Жолдыбаева.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінде әрбір сала – мемлекеттік, квазимемлекеттік және тау-кен компанияларының сатып алуына арналған жеке-жеке электронды порталдар бар. Бірақ ол порталдар бір-біріне қосылмаған. Әрбіреуі жеке-дара жасалғандықтан, бір жүйеге қосу мүмкін емес. Осыдан екі жыл бұрын кәсіпкерлерге арналған бірыңғай портал жасалғанда мамандар үш порталды бір жүйеге қосып көрген. Одан ештеңе шықпады. Мамандар әрбіреуінің сілтемесін беруден әрі аса алмады. Ол сілтемелер арқылы адам бұрынғы порталдарға ауысады.

Енді осы жұмысты қайта жандандыруға тура келеді. Бірақ оның нәтижесі қандай болады? Сөз жоқ, теxникалық жағынан ортақ порталды жасап шығаруға болады. Ал екі түрлі заңмен реттелетін жүйені бір арнаға түсіру оңай емес.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу