Елордада ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қазақ тілінде шыққан "Мемлекеттік басқару туралы" кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсаукесері қытай басшысының 8 маусымда Қазақстанға жасайтын ресми сапарымен орайластырылып отыр.
ҚХР төрағасының еңбегін Қытайдың азшылық ұлттарының баспа үйі екі жыл бойы аударған. Кітап екі мың тиражбен шықты. Кітапта Аспан асты елін әлемдік дамудың көшбасшысы деңгейіне көтерген мемлекеттік реформалар туралы айтылады.
"Бұл – Қытайдың және сыртқы әлемнің, біздің ұлы көршіміз – Қазақстанның дамуы үшін маңызды кітап. ҚХР-дың қазіргі жағдайымен, сыртқы және ішкі саясатымен танысу үшін таптырмас туынды. Ол мемлекетаралық қарым-қатынасымызға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға пайдасын тигізеді. Сіздердің саясаттарыңыз бен стратегияларыңыз керемет. Әр елдің өз жағдайы мен міндеттері болады, ал сіздердің саясаттарыңыз бен талпыныстарыңыз мемлекеттің дамуы мен халықтың мүддесіне сай", – деді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхой.
Кітаптың авторы мемлекеттік басқару тәжірибесі туралы әңгімелеп, Қытайдың қазіргі ахуалына баға береді, сондай-ақ елдің келешегі туралы сөз қозғайды.
"Кітапта Қытай мен сыртқы әлем арасындағы қатынасқа, басқа елдермен сыртқы саясатты қалай дұрыс жүргіземіз, сыртқы әлем алдында қалай көрінеміз деген мәселелерге дұрыс түсінік береді. Мысалы, дамудың әлемдік бағытын ұстануымыз туралы. Бұл, әрине, өте дұрыс. Тек Қытай үшін емес, барлық әлем үшін дұрыс болады. Яғни ҚХР-дың бейбіт дамуы басқа елдер үшін қауіпті емес, керісінше мүмкіндік. Бұны сөзбен ғана емес, іспен де көрсетіп отырмыз", – деді Чжан Ханьхой.
ҚР президенті кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат кітаптың қазақ тілінде шығуы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтып кетті.
"Егер осы туынды туралы айтатын болсақ, онда оның кереметтігі сонда – қытай басшысының идеяларын, ойын, Қытайда жүргізілген реформаның барысы жайлы өз аузына еститіндігімізде болып отыр", – деді ол.
Бұл кітап – Си Цзиньпиннің алғашқы кітабы. Бүгінгі күні ол 25-тен астам тілде жарық көрген.
Гүлназ Ермағанбетова, Динара Куатова